Айыппұл өсті, абайла!

Жол ережесін бұзушыларға жаза күшейді

0 34

Мемлекет басшысы 30 желтоқсанда бірқатар заңға қол қойғаны белгілі. Елімізде жыл сайын мас күйде көлік айдайтын 30 мыңнан аса дерек анықталғанына алаңдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлікті мас күйде жүргізгендерге қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын. Жаңа жылдан бастап мас күйде көлік жүргізгендерге жаза қатаңдатылды.Осы кезге дейін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне айрықша назар аударылмай келгені рас. Ал шынына келгенде, 90 пайыз жағдайда жүргізуші кінәлі екендігі анықталған. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырмақ. Қоғамда ерекше жаңалық ретінде қабылданған жаңа заң бойынша мас күйінде жол ережелерін бұзу, адам өміріне қауіп тудыру татуласу мүмкіндігі болмайтын ауыр қылмыс түріне жатқызылатын болды. Бұрын мас күйінде ұсталғандар көлік жүргізу құқығынан екі жылға дейін айырылып, 40 тәулікке дейін қамалатын болса, енді бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 10 жылға дейін көлік жүргізу құқығы болмайды. Ал 10 жылға бас бостандығынан айыру – ЖКО-дан адам қайтыс болғанда тағайындалған ең жоғарғы жаза. Жол-көлік оқиғасында біреудің өліміне себепші болғандар жеті жылдан 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылады және өмір бойы құқығынан айырылуы мүмкін.
Елімізде жаңа жылдан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың өсуі – бұл салада біршама тәртіп орнатылып, жол үстіндегі адам өлімінің азаюына сеп болады деген үміт бар.
Жол ережесін бұзушылар үшін айыппұлдардың бірнеше ондаған түрлері қарастырылған. Біз ең көп кездесетін құқық бұзушылықтар мен оларды жасағаны үшін жазалардың қаншаға өскенін айтайық. Жол қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың мөлшері АЕК-пен және айыппұлдар мөлшері 2651-ден 53000-ға дейін және одан жоғары мөлшерде есептеледі. Ең көп кездесетін көрсеткіш құны – 13255 теңге.
Егер сіз машинаны жаяу жүргіншілер аймағында, гүлзарларда, балалар немесе спорт алаңында тоқтатсаңыз немесе сол маңға тұрсаңыз, онда ол 10 АЕК – 26510 теңге тұрады. Дәл осындай айыппұл (10 АЕК – 26510 теңге) тиісті сертификатсыз, мүгедектерге арналған тұрақта көлік қойсаңыз салынады.
Егер сіз ақылы тұраққа есептелген ақшаны төлемесеңіз, онда сізге 3 АЕК – 7953 теңге айыппұл салынады. Бұл біздің еліміздің ірі қалаларындағы тұрақтарға қатыс­ты. Егер көліктің шамы күндіз жағылуы тиіс жерде жағылмаса, 3 АЕК немесе 7953 теңге айып­пұл кесіледі.
Дәл сол айыппұл яғни 10 АЕК – 26510 теңге теміржол желілерінде жол ережесін бұзғаны үшін салынады. Яғни рұқсат етілмеген жолдардың қиылысынан өткенде, тосқауыл жабылғанда немесе қозғалыста болған кезде көлік жүргізсе, сонымен қатар қозғалысқа тыйым салатын бағдаршамның белгісіне қарамай өткен жүргізуші айыппұлдан құтылмайды. Сонымен қатар жаяу жүргінші жол ережесін бұзса, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтсе, оған 2 АЕК – 5302 теңге айыппұл салынады. Ал жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзса, материалдық залал келтірсе немесе денсаулығына зиян келтірсе, бірақ қылмыстық сипатқа ие болмаса, 10 АЕК немесе 26510 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Қоғамдық көліктерде тазалық пен қауіпсіздік ережелерін бұзғанда салынатын айыппұл көлемі 1 АЕК – 2651 теңгені құрайды. Ал жолаушы қоғамдық көліктерде жолақысын төлеуден жалтарғаны үшін 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады – 5302 теңге. Егер жол ережесі қайтадан бұзылса, айыппұл екі есеге артуы мүмкін.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы деп қарамау керек, бұған бәріміз жауаптымыз.

Айдын ОРАЗБАЕВ,
ҚР ІІМ ӘПК қоғамдық тәртіпті
сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз
етуді ұйымдастыру басқармасының аға инспекторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды