Жол ақысы өскені — соны сапаға көшкені

0 90

Күн тәртібіндегі алғашқы мәсе­леге байланысты Жер қатынастары басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркенов баяндама жасады. 

Ұлттық байлығымыз болып табылатын жер ресурстарын Астана қаласының аумағында тиімді пайдалану жөнінде аталмыш бас­қар­маның атқарып жатқан жұмыс­тарына тоқтала келе, ол елорда әкімдігі мен басқарманың 2011-2015 жылдарға арналған жер ресурс­тарын тиімді пайдалану мақса­тындағы жоспарларына сәйкес, был­тырғы және биылғы жыл­дың бірінші жартыжылдығын­да атқарылған іс-шаралар туралы әңгімеледі. Осылайша, мемлекет­тік қызмет реестріне сәйкес, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылды­ғында басқарма қызметкерлері 1443 тұрғынға мемлекеттік қызмет көрсеткен. Олардың 967-сі жер құрылысы жобаларын бекітуге қатысты қызмет түрлері болса, 197-сі учаскелердің кадастрлық бағасын бекітуге және 279-ы уаскелердің мақсатты белгілеулерін өзгертуге байланысты болды. Сонымен бірге, есепті кезеңде басқарма 1847 келісім-шарт жасасқан. Олардың 455-і жер учаскелерін сатып алу-сату бойынша жасалған келісім-шарт болса, 1367-сі жерді пайдалану жөніндегі және 25-і жалға алу құқығын сатып алуға байланысты келісім-шарт көрінеді.
Өткен жылы сәйкес мерзімде бюджетке 1,3 млрд теңге, ал биылғы алты айда 3,6 млрд теңге түскен.

Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 24 отырыс ұйымдастырылып, онда 3692 жеке және заңды тұлғаның өтініші қаралды. Солардың 3 мыңға жуығы қанағаттандырылып, 851 өтініш белгілі себептермен иелеріне кері қайтарылған.

Бүгінгі таңда жекеменшік тұрғын үй салу үшін өтініш бергендердің қатары 95 650-ге жеткен. Олардың 1830-ы жер учаскелерін алғашқы кезекте алу жеңілдігіне ие азаматтар екен. 2007 жылдың мамыр айынан бастап осы мақсатта жер учаскелерінің берілмегенін айта келе, Т.Нұркенов басқарманың алдағы жоспарларына тоқталды. Осыған орай, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Есілов, Астанадан шеткерірек орналасқан шағын аудандарды айтпағанда, қаланың орталық аудандарында да пайдаланылмай, бос жатқан жерлердің барын алға тартты. Мәселен, Күмісбеков көшесі мен Абай даңғылының қиылысында қанша жылдан бері бос жатқан жер учаскесі бар және мұндай «иесіз» жерлер көптеп кездеседі. Ал, еліміздің қолданыстағы Заңына сәйкес, екі және одан көп жыл мақсатты пайдаланылмай келген жер учаскелеріне әкімшілік шара қолдану қарастырылған. Осыны ескере отырып, мәслихат хатшысы жер учаскелерінің жауапсыз иелеріне тиісті шара қолдануды тапсырды.

Астанада жалға алынған жер учаскелері де жетерлік. Қалалық салық комитеті басшысының орынбасары осындай жерлерге қатысты кейбір азаматтардың белгіленген сомадағы төлемдерді уақытылы төлемейтінін жеткізді. Халық қалаулылары болса, жауапсыз жалға алушылармен келісім-шартты бұзу керектігін бірауыздан мақұлдады.

Астананың дамуы туралы өткен кеңесте Елбасының қаладағы жол жөндеу және төсеу, қоғамдық көлік қызметі, сондай-ақ, жол логистикасы саласына қатысты бірқатар нақты тапсырмалар бергені есімізде. Қазіргі кезде елордада шешімін күткен өзекті мәселелердің бірі – жолаушыларды тасымалдаудағы қиындықтар. Бұл мәселеге қатысты қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Жанат Ертаев біраз жайдың басын ашып, әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда бас қалада жолаушыларды тасымалдау қызметімен 9 мекеме айналысады. Ондағы барлық автобустардың саны – 942. Осы қоғамдық көліктермен Астанада күніне 520 мың адам тасымалданса, бүгінгі таңда аталмыш салада үш мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Елорда жолаушыларын тасымалдауда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, басқарма басшысының орынба­сары қаладағы халық көп шоғырланған жаңа ау­дандарға қосымша автобустар жүргізу ісінің қолға алынғанын айтты. Бұл саладағы басты проблема – автобус жүргізушілерінің жұмысқа тұрақтамайтыны. Олардың көп­шілігі жұмыстың ауырлығы мен жалақының аздығына шыдамай, басқа жаққа кетіп жатады. Басқа аймақтардан жаз мезгілдерінде ғана келіп, уақытша жұмыс істейтіндер де жоқ емес. «Жылы жаққа қайт­қан құстар секілді, күн суыта бас­тағанда елдеріне қайтатын мұндай жүргізушілердің орынын толтыру да оңай болмай отыр» деді Ж.Ертаев.

Тізе берсек, қоғамдық көлік қызметінде шешімін күткен мәселе мұнымен түгесілмейді. Соңғы жылдары басқа қалаларда жол жүру билеттерінің құны бірнеше рет өсті. Мәселен, Алматы мен Қарағандыда қоғамдық көлікте жүру құны ересектер үшін 80 теңге болса, Өскемен мен Павлодарда – 65, ал, Қостанайда 60 теңге көрінеді. Соған қарамастан, елорданың ересек тұрғындары автобуста – 60 және маршрутты такси қызметі үшін 65 теңге төлейді. Бұл тариф 2008 жылдан бері өзгермеген. Осыған орай, ақпан айында өткен халықпен есепті кездесуінде Астана әкімі де қоғамдық көліктердегі жолақының қымбаттайтыны туралы айтқан болатын. «Бірақ, бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес, қоғамдық тыңдаулар өткізіп, халықты құлақтандырумыз керек» деді Жанат Ертаев.

2010-2013 жылдар аралығында жолаушылар тасымалдаумен айналысатын мекемелер еуропалық стандарттарға жауап беретін жаңа 260 автобус сатып алған. Жолаушылар тасымалдаумен айналысатын мекемелердің содан бергі банктік қарызы 4 млрд теңгені құрап отыр. Жергілікті жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін Астанаға әлі де қазіргі заманға сай 200 жайлы автобус керек көрінеді.

Әлбетте, шаһар өсіп, халық саны көбейген сайын, бұл салаға түсер салмақ та артып отыратыны белгілі. Бүгінде жолдар кеңейтіліп, көшелерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда, қаржылық қиыншылықтарға байланысты, аялдамаларды талапқа сай павильондармен қамтамасыз ету мәселесінің аяқталмай қалғанын ескере отырып, Ж.Ертай алдағы уақытта бас қаладағы қоғамдық көліктерде жолақының құнын қымбаттатуды ұсынды. Осыған орай, мәслихат хатшысы бұл мәселенің оң шешілуі үшін қалалық Қаржы басқармасы мен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларына тиісті тапсырмалар берді.
Жолаушыларға билет сатуда да бір жүйеге көшкен жөн. Бұл ретте сала мамандары «Smart Astana» аясында іске асырылатын жоба бойынша қоғамдық көлік қызметіне электронды жұмыс жүйесін енгізу керек деген пікір білдірді. Қалай болғанда да, Астана барлық облыс орталықтары мен басқа да қалаларға үлгі болуы тиіс екенін айта отырып, «Біз бас қаламызға ұқыптылықпен қарап, кез-келген проблеманы уақытылы шешуге тиіспіз» деді С. Есілов.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =