Жоғалған жауынгерлер іздеушісі

0 109

Facebook желісінде «Поиск воинов из Казахстана» деп аталатын топ бар. Аты айтып тұрғандай, ондағы волонтерлер Ұлы Отан соғысы жылдарында ұшты-күйлі хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің қай жерде жерленгенін іздеп табуға көмектеседі.Солардың бірі әрі топ модераторы Күлән Нұрмұхамбетованың айтуынша, көп кісілер қолда бар құжаттарды дұрыс оқып, тани алмауы немесе архивтермен жұмыс істеу ережелерін жеткілікті түрде білмеуі кесірінен жауынгер аталарын іздеуде кедергілерге ұшырасады. Мұндайда топ мүшелері жан-жақты іздеу параметрлерін қолдану арқылы іске кіріседі. Бұдан бөлек, волонтерлер әлеуметтік желідегі осы мазмұндас өзге де шетелдік топтармен тығыз байланыста. Яғни жауынгерді іздеуге бір емес, бірнеше топтың мүшелері жұмылады. Егер іздеу жұмыстары нәтижесіз болса, еріктілер марқұм солдаттың туыстарына Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне хат жазып, сұраныс жіберуге көмектеседі. Тағы бір айта кетерлігі, егер жауынгердің қаза тапқаны туралы ешқандай ресми құжат жоқ болса, волонтерлер іздеу барысында табылған деректерді зерттей отырып, оның соңғы шайқасқан жерін тауып, әлгі солдаттың есімін бауырластар зиратына енгізуге жәрдемдеседі.
Волонтер Күлән апай іздеу процесі кезінде өзінің мамандығы да үлкен көмек беретінін айтады:
– Мен орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен сабақ бергенмін. Сондықтан орыс ұлты өкілдерінің қазақша аты-жөндерді көбінесе қандай қатемен жазатынын жақсы білемін. Хабарсыз кеткен солдаттарымыздың оңай табылмауына олардың аты-жөндерінің басқаша жазылуы да әсер етеді. Кезінде майданға шақырылғанда тіркеу жасайтындар олардың аты-жөндерін қалай естісе, солай жаза берген, – дейді ол.
Бір жауынгерді табуға кейде бірнеше сағат, ал кейде жылға жуық уақыт кетеді екен. Неге сонша ұзақ десеңіз, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне жазған хатқа кемінде алты айдың ішінде жауап қайтарылады.
– Бұл мекемеге хат жазар алдында солдат туралы мейлінше мол дерек жинауға тырысу керек. Өйткені ондағылар сұраныс хаттағы деректер бойынша ғана іздеу жасайды, өзде­рінше зерттеу жүргізбейді. Мысалы, Алимжан Калимов есімді солдатты осы архивтің арқасында таптық. Онда аты Олиможам деп өзгеріп кетіпті. Сонда біз тек қана «Алимжан» деген нұсқа бойынша сұраныс жасатсақ, ол архивтен табылмайтын еді, – дейді Күлән Нұрмұхамбетова.
Бүгінде бұл топта Күлән Нұрмұхамбетовадан басқа, Ләйла Ахметова, Айгүл Байқадамова, Аманжол Оразбаев, Әсет Ерназаров, Ақмарал Шолақова сынды волонтерлер де хабарсыз кеткен отандық жауынгерлерді іздестіруде үлкен еңбек сіңіріп жүр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + twenty =