Жиырмаға жетпей мұғалім болдым

0 127

Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз сайын атап өтілетін Халықаралық әйелдер күні. Әйел – ана, әйел – әпке, әйел – біздің ұстаздарымыз, қала берді – қарындасымыз. Расында, мұғалімдердің көбі нәзікжанды әйелдер қауымынан. Сондықтан да, мерейлі мерекенің алдында шәкірт тәрбиесіне бар өмірін арнаған ұстаздар қауымына газетіміздің бір бетін арнадық. Бұны біздің мерекеге орай жолдаған құттықтауымыз деп те, ел үшін сіңіріп жүрген ерен еңбегіне айтар алғысымыз деп те қабылдаңыздар. 

Біздің жолымыз түсіп, жүздескен ұстаздарымыз – №7 мектеп-гимназияның мұғалімдері. Әуелгі сұхбатымыз 2 «а» сыныбының жетекшісі Ғалия Мамырбековамен болды. Күні ертең 53-ші көктемін қарсы алғалы отырған әпкеміз әңгімені еңбек жолына алғаш қадам басқан жылдардан бастады.

19 жасынан бері бастауыш сынып­тарға сабақ беріп келе жатқан Ғалия Асанқызы 1960-ыншы жылы дана Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өңірде, Тарбағатай тауының баурайында орналасқан Үржар атты табиғаты әсем ауылда наурыз айының үшінші жұлдызында дүниеге келген. Әкесі – Көбелдесұлы Асан механизатор болған екен. Ал, анасы – Кәрімқызы Сайлаухан баласын жазу, сызу, оқуға кішкентайынан үйір қылып тәрбиелепті. 1975 жылы Егінсу орта мектебін үздік бітірген ол Қаныш Сәтбаев, Сәкен Сейфуллин, Әлкей Марғұлан сынды дарынды тұлғалар білім алып, дәріс берген Семей қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищеге түсіп, 1978 жылы бітіріп шығады. 1979 жылдың қаңтар айынан бастап өзі оқыған мектебінде ұстаздық қызметін бастап, содан бері үздіксіз 34 жыл бойы осы салада еңбек етіп келеді. Осы еңбек өтілінің 27 жылын туған жерінде өткізсе, соңғы 7 жыл бойы елордамызда заманға лайық жаңа технологиялармен сабақ беріп келеді.

Қалалық басылымдар арқылы әріп­тестерімен тәжірибесін бөлі­сумен келген ұстаздың біраз ең­бектері бар екен: 2000, 2009, 2010 жылдары Диктанттар жинағын, «Математика пәнінен логикалық тапсырмалар жинағы 1-4 сынып» әдістемелік құралын, «Оқу үрдісінде сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасын пайдалану», «Есепке жүйрік екенбіз» атты кітапша және «Математика пәнінен логикалық тапсырмалар» сынды бірқатар жинақтарын жарыққа шығарыпты.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл». Бүгінде өзі тәрбиелеп келе жатқан бастауыш сынып оқушылары ішінен білім және өнер сайыстарында топ жарып жүргендері аз емес. «Сөз маржаны» атты жас жүргізушілер арасында өткен қалалық байқауда «Сахнаның күміс дауысы» аталымы бойынша Камила Мелдеқұл мен Диас Хамзенов дипломмен марапатталса, тағы бір оқушысы Аружан Сағындық Астана қаласы Білім басқармасы «Астана Дарыны ӨҒПО» қалалық «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының «Биология» секциясы бойынша ерекше көрсеткен жетістіктері үшін ІІІ орынға ие болған. Дәл осы сайыс-та «Өнер» секциясы бойынша Мерхат Какен есімді шәкірті топ жарған. Сонымен қатар, қалалық «Бұрымды қыз» байқауында Бибі­нұр Мақсотова және Ажар Бейсембаева дипломмен марапатталған, т.т. Бұлар – мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған бірінші, екінші сынып оқушыларының тырнақалды жетістіктері. «Талаптыға дем берсе, таудай асу асады» демекші, талпынысына қанат бітіретін ұстаздары болса, дарынды шәкірттің алар биігі алда деп сену ләзім.

Ғалия апайымыздың еңбегі елеу-сіз деп айта алмаймыз. Осыған дейін өзі де талай рет алғыс алып, марапатқа ие болыпты. «Соның ішінде ең орны жоғарысы «Қазақ­стан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атты медаль» дейді өзі. Орны ерек марапаттарының тағы бірі – қалалық Білім басқармасының «Астананың жыл мұғалімі» конкурсында «Ізде­німпаз мұғалім» аталымы бойынша берген құрмет грамотасы. Осы сынды көптеген мадақтамалар ұстаз­дың ізденімпаздығының, еңбегіне адалдығының және талмай, табанды түрде жасап келе жатқан жұмысының жемісі деп білеміз.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + twenty =