ЖИЫРМА ЕКІНІҢ ЖҰТЫ МЕН ОТЫЗ ЕКІНІҢ ОЙРАНЫ

0 100

ЖИЫРМА ЕКІНІҢ ЖҰТЫ

Кеңестік держава 1919 жылдың қытымыр қаңтарынан «азық-түлікті тәркілеу» саясатын бастады. Қазақстандықтарды отырықшылыққа бағындыру мақсатында большевиктер қазақтың мыңғырған малын кәмпескелеуді басты мұрат етті. Кәмпескемен «мал жинаудың» түрі мен әдістері айуандық, тағылық әрекеттерге саятын еді. Өйткені, сол кезде бір ауылдың малын түгел айдап кету жағдайлары жиі орын алды.

Бұдан кейін бұл ауыл халқының тірі қалуы мүмкін емес еді. Осы аштық жылдарында миллионнан астам халық аштан қырылғанын деректер айтады.

Белгілі қайраткер, публицист Мұстафа Шоқайдың «Кеңестің қол астындағы Түркістан. Пролетариат диктатурасының сипаттамасы» кітабында төмендегідей жолдар бар: «Бұл жолы әлемде бұрын-соңды құлақ естімеген Кеңес үкіметінің Түркістанның жергілікті халқына жасаған «аштық саясаты» жайлы әңгіме етпекпін. Түземдіктерге, атап айтқанда, қазақ халқына қарсы жасалып отырған аштық жайлы айта келе Тұрар Рысқұлов мынадай деректі алға тартады: Түркістандағы Қазан төңкерісіне еңбегі сіңген жетекшілердің бірі Иван Тоболин Түркістан Орталық комитетінің мәжілісінде «Қырғыздар (қазақтар) марксистік көзқараспен айтқанда, экономикалық тұрғыдан әлсіз болғандықтан, бәрібір өліп бітуге тиіс. Сондықтан да, революция үшін аштықпен күресіп, қаражатты шашудың қажеті жоқ, оның орнына майданды қолдау маңызды…», деп ашық мәлімдеген.

Т.Рысқұловтың айтуынша, аштықтан өлгендердің (мұсылмандардың) саны орасан көлемде… Кеңестік көздер бір миллион бір жүз он төрт мың деген (1 114 000) жан түршігетін цифрды келтіреді. Мәскеудің «ұлт-азаттық саясатының» біздің ұлтымызға әкелген пайдасы осындай».

Ал «Правда» газетінің 1920 жылғы 20 маусымында шыққан саны былай жазады: «Перовск қаласында (қазіргі Қызылорда) Гержот деген самодержец отыр. Одан түгел бір халық – қырғыздар (қазақтар) қашып, көшіп кеткен. Осы көшу кезінде бір миллионға жуық адам өлген».

Отаршылардың ұлтымызды басынып, езіп-жаншығанын айғақтайтын деректер мен дәйектер жетіп артылады. Десе де, жоғарыдағыдай әрекеттерге қазақтар қарсылық танытпай қалған жоқ. Бірақ, аузындағысы мен алдындағысын қорғағандар «Продармия» (мал тартып алуға жіберілген қарулы отрядтар осылай аталған) мен Қызыл армияның ерекше мақсаттағы отрядтарының табанында тапталды. Жиырма екінің жұты сол кездегі қазақтың санының шамамен 20-22 пайызын осылайша ойсыратып кетіпті.

ОТЫЗ ЕКІНІҢ ОЙРАНЫ

1932-33 жылдардағы зобалаңның да мақсаты – қазақтарды зорлап отырықшылдандыру. Бұл тарихта «Кіші Октябрь» деген атпен таңбаланды. «Кіші Октябрьдің» негізгі дем берушісі, орындаушысы аты көпке мәлім, патшаның отбасын атып тастауды ұйымдастырушылардың бірі Филип Голощекин еді. Ол 1924 жылдың күзінен 1933 жылға дейін Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған.

Голощекиннің Қазақстанда өткізген алғашқы ісі – 1928 жылдың күзінде малды кәмпескелеу болды. Кәмпескеге 700 шаруа қожалығы ілініп, олардан 150 мың мал басы (ірі қара мал басына айналдырғанда) тәркіленді.

Есепшілердің айтуынша, 150 мың ірі қара малын қойға айналдырсақ, кем дегенде 1,5 миллион қой…

Мал жоқ жерде тамақ жоқ, тіршілік жоқ. Қазақтар тұратын ауылдар жаппай қырыла бастады. Тарихшы А.Алексеенконың айтуынша, әртүрлі есептеулер мен түзетулерге сүйенгенде, 1930 жылғы қазақ халқының қырылуы 1 миллион 840 мың адам немесе жалпы қазақтың 47,3 пайызын құрайды.

Өз малын тонаудан қорғаған, кәмпескеден қашқан қазақтарға Қызыл армияның әскерлері жіберіліп, өзі аштықтан титықтаған қазақтарды аяусыз қыруы ашаршылықты одан да бетер өршітті. Кейбір ауылдармен рулар малдарын сақтамақ болып көше бастағанда, олардың алдынан, соңынан Қызыл армияның отрядтары жіберіліп, оларды «бандылар» деп жоюға, тұтқындауға бұйрық берілді. Шын мәнінде, олар өз малы мен отбасы мүшелерін аштықтан аман алып қалу мақсатында Қытай мен Ресейге көшуді ойлаған бейбіт жандар болатын. Қолдан жасалған екі ашаршылықтың нәтижесінде, қазақ ұлты бар болғаны 10-15 жылдың ішінде халқының жартысынан айырылды. Әлем тарихында мұндай көлемдегі трагедия ешбір халықтың үлесінде болған емес.

Орыс зерттеуші В.Козловтың 1983 жылы Мәскеуде жарық көрген «Национальности СССР» атты еңбегінде 1897 жылы Ресей отарында болған бұратана халықтарға арнайы жүргізілген санақтың қорытындысы жарияланған. Ондағы мәліметтер сол шамада қазақтар – 4 миллион 84 мың, өзбектер – 726 мың, қырғыздар – 201 мың, түрікмендер – 281 мың, тәжіктер – 350 мыңнан аспағанын айғақтайды. 1939 жылы жүргізілген халық санағында қазақтардың саны – 2 миллион 300 мыңды көрсетіп, табиғи өсімін былай қойғанда, статистикалық тұрғыдан екі есеге кеміп кеткен. Ал, өзбектердің саны 3 миллион 900 мыңға жетіп, 50 жылда 3,5 есе өскен. Түрікмендер – 760 мың, қырғыздар – 750 мың, тәжіктер – 900 мыңға жетіп тоқтаған. Ал шығыстанушы П.Галузоның 1929 жылы жарық көрген «Отар Түркістан» атты еңбегінде «1915 жылы Қазақстан халқы 6 миллионға жетті» деген жолдар бар. Дәл осындай деректі алаш ардагері Мұстафа Шоқайдың «Түркістан Советтердің билігінде» атты жазбасынан да кездестіруге болады. Көп жыл құпия сақталған «Баяндау жазбасынан» әлгі қазақстандықтардың қаншасы қазақ, қаншасы өзге ұлт екенін аңғаруға болады. «1926 жылы Қазақстанда 3 миллион 963 мың қазақ өмір сүрген. 1930 жылы барлығы 5 миллион 873 мың адам болған, оның 1 миллионы басқа ұлт… Аштық жылдары 1,3 миллион адам Қазақстан жерінен басқа жаққа босып кетті. 1933 жылдың аяғында 2 миллион 493 мың адам қалды», делінеді онда. Р.Конквестің «Жатва скорби» атты ашаршылық жылдары туралы кітабында «Аштық жылдары Голощекин қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетпеу туралы жасырын нұсқау шығарған» деп те жазыпты. Бұл да зобалаң жылдардың бір қасіреті, қайғысы. Бір айта кетерлігі, 1970 жылы ғана қазақтар 1926 жылғы деңгейдегі халық санына жеткен.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =