«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жиыншыл үкімет нақты іске кірісу керек

0 186

«Соңғы кездері Үкімет пен мемлекеттік органдарда ұзаққа созылған жиналыстар мен ке­ңес­тер көбейіп, құжат айналымы бір есеге дейін өскен. Біз Сіздермен Үкіметтің жиналысына тек сейсенбі күні барасыңдар деп келісіп едік қой. Мен тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бейсенбі күні – Парламенттің жиыны. Бірақ таңертең отырыс, түстен кейін бітпейтін кездесулер. Байқаймын, министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер мен орынбасарлары үнемі осы жерден шықпайды» деп шүйлікті Елбасы жиыншыл шенеуніктерге.

Президент тіпті шенеуніктердің жылына 100 тәулік бойы жиналыста отыратынына дейін есептепті. «100 тәулік бойы жиналыста отырасыңдар! Сендер адамдарға жұмыс істеуге қашан уақыт бересіңдер? Менің мемлекеттік қызметте тәжірибем мол. Алдын ала дайындалған отырыс жарты сағатта бітеді. Күрделі мәселелер болса, әрі кетсе 1 сағатқа созылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметкер заң бойынша 7 сағат жұмыс істеуі керек. Түнгі 12.00, 01.00-ге дейін жұмыста отырмауы керек» деп ескертті Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Үкіметтің кеңесшілдігін, науқаншылдығын батырып айтты. «Кейде Үкімет әкімдер мен олардың орынбасарларын жинап алып, бір күнде 7 жиын өткізетін кезі болады. Бақытжан, сонда сен өзің қай уақытта жұмыс істейсің? Жиыншылдықтың нәтижесінде біздің елде ештеңе бақыланбайды. Сендер үнемі жиналыста отырасыңдар. Мен бекіткен тәртіпті сақтаңдар! Адамдарға жұмыс істеуге, өз ісімен айналысуға мүмкіндік беріңдер!» деп қынжылыс білдірді.

Бір жиыным таусылса, екіншісі тағы бар…

Елбасы мұндай сынды бұрын да айтқан. Сәл шегініс жасасақ, 2014 жылдың 6 тамызында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Үкіметтегі жиындардың нақты кестесін жасап, жұмыс уақытын босатуды тапсырды. «Мен Үкіметтің әрбір жиынын көрдім. Апта сайын 50-60 қаулы қабылданады. Бұл не сұмдық? Мұны кім, қашан орындайды? Өйткені министрлер жауапкершіліктен қашады. Бір жиналыстан соң тағы бір жиналыс өтеді. Адамдар бір басқосудан екіншісіне «қыдырып» жүреді! Үкіметтегі және барлық министрліктердегі жиындар сейсенбі күні өтсін. Түске дейін – Үкіметте, түстен кейін – минис­трліктерде. Бітті. Басқа күндері Үкіметке, минис­трліктерге жоламаңдар!» деп ескертті Н.Назарбаев. Бірақ қорытынды шығарған Үкімет пен әкімдер жоқ. Үкіметте де, министрліктерде де күнде жиын, күнде басқосу.
Сөзімізге дәлел келтірейік. Ғаламторға кіріп, Google-ден мына сілтемені (https://www.facebook.com/primeminister.kz/videos/…главные…/2335306926695587/) бассаңыз, Үкіметтің 2018 жылғы 26 ақпан – 3наурыз аралығындағы басты оқиғаларының бейнедайджесі шығады (материал ҚР Премьер-министрінің ресми сайтынан алынды). Оқып қараңызшы: 26 ақпанда (дүйсенбі күні) Премьер-министр Б.Сағынтаев «ЭКСПО-2017» нысандарын көрмеден кейін пайдалану мәселелері бойынша отырыс өткізген. Сол күні Үкіметте Президент Жолдауы шеңберінде аграрлық ғылымды дамыту жөнінде, сондай-ақ экономиканы жетілдіру бойынша мемлекеттік комиссияның отырысы болған. 27 ақпанда (сейсенбі күні) Үкімет басшысы инвестиция тарту, орта білім беру ұйымдарын жаңарған оқу тәртібіне көшіру, Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамыту мәселелеріне арналған Үкімет мәжілісін өткізеді. Сәрсенбі күні, 28 ақпанда Б.Сағынтаев инвес­тициялық ахуалды жақсарту жөніндегі Кеңес жиынына күллі министрлерді, әкімдердің орынбасарларын жинады. 1 нау­рызда (бейсенбі күні) Үкімет үйінде бәсекелестік бойынша сарапшылар кеңесінің отырысы өтті. Сол күні «Бәйтерек» ҰБХ директорлар кеңесінің жиналысы шақырылды. 2 наурызда (жұма күні) Үкімет басшысы қазақ әліпбиін латынға көшіру бойынша ұлттық комиссияның мәжілісін өткізді. Бұған қоса, сол күні Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған алқалы жиын өтіпті. Бұл – Үкіметтің супержиыншыл екенінің дәлелі!
Үкіметтен үйренгені шығар, қазір күллі облыс, аудан, ауыл, мектеп жиыншыл болып кетті! Жиыншылдық жұқпалы вирус екен. Біздің Үкіметтегілер мен әкімдердің Мәшһүр Жүсіп атамыздың: «Кері кететін елдің кеңесі көп болады» деген өлмейтін сөзін білмейтіні өкінішті-ақ! Сондай кері кететін кеңестердің көптігінен елімізде мектептер жабылып жатыр. Мұны Елбасының өзі айтты. «Сендер қазынаның қаржысын шашуды ғана білесіңдер! 28 шағын құрамдағы мектепке ақша бөліпсіңдер. Бірақ онда ақша керек емес. Ал Қазақстанда 1360 мектептің жабылып қалғанын білесіңдер ме? Өйткені ол жерден халық көшіп кеткен» деп көзбояушылықпен айналысқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті бір сыбап алды. Елбасы келешегі жоқ елді мекендерге мектептер мен ауруханалар салмай, ол ақшаны қалаға көшкен адамдарға баспана алуға беруді тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев министрге үш ауысымдық мектептер мәселесін шешуді ескертті.

Төрешілдер неге төрге шыққан?

Президент қанша жерден кәсіби, жинақы Үкімет құруды тапсырып, реформа жүргізсе де Үкімет халыққа бет бұруға асығатын емес. Турасын айт­сақ, қазір Үкімет те, мемлекет­тік органдар да қарапайым адам кіре алмайтын тас қамалға айналған. Қарашаның қамын ойлап, мұң-зарын тыңдағысы келмеген шенеуніктер есігін тарс бекітіп алған. Оны күнде көзімізбен көріп жүрміз. Журналистердің өзі Үкімет үйіне сейсенбіде, Сенатқа бейсенбіде, Мәжіліске күнде кіре алады. Ал қарапайым адам кез келген министрліктің, мемлекеттік мекеменің маңына да жолай алмайды. Себебі есігінде – күзет, металл іздегіш аппарат. Бір адаммен жолықпақ болсаң, әуелі өзіне хабарласып, келісесің. Одан кейін рұқсат беру бөлмесіне кіріп, бір тілім қағаз беретін терезеге телмі­ресің. Арғы жақтан «Кірсін» деген қоңырау шалынғанша, жамбасың тесілгенше күтесің. Бір жапырақ қағазыңды алғанмен, есіктегі полицейлер сені кіргізіп алатын, ертіп жүретін адамсыз жібермейді. Тағы да күту. Шақыр­ған адамың бір жиналысқа кіріп кетсе, кешке дейін тұрасың. Төлқұжатыңды мұқият қарап, жібере берсе не болады? «Келмеске кеткен кеңес заманында есікте бір-ақ күзетші тұратын» деп еске алады үлкендер. Ал қазір еліміз қарауылы көп мемлекетке айналғандай.
Бюрократизмнің батпағына белшесінен батқан мекемелер де бар. Сөзіме дәлел болуы үшін өз басымнан өткен екі оқиғаны мысалға келтірейін. Бірінші оқиға. Өткен жылы (дәлірек айт­қанда, 29 қараша күні) Астанадағы С.Сейфуллин көшесіндегі халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Анықтама бөлімінің маманы Айнұр Дүйсен менімен қазақша сөйлесуден бас тартты. Жаңа туған сәбиге туу туралы куәлік алмақшы едім. «Получить!» деп бірнеше рет зекіп сөйледі. Сабыр­ға шақырып едім, дөрекілік танытып: «Кімге шағымдансаң өзің біл! Ай сайынғы 60 мың теңгесін бұлдамай-ақ қойсыншы» деді. Айнұрдың дөрекілігіне Жадыра есімді қызметкер куә болды. Ол жүгіріп жүріп, мені екі үстелге отырғызды. Бірінші үстелдегі Диана Баймұқанова деген қазақ қызы әдейі орысша тілдесіп, мені мазақ етті. Менің жауаптарымды орысшаға аударуға мәжбүрледі. Мен оның қызметінен бас тарттым. Әдепсіздік, сауатсыздық жайлаған мекемеде жауапкершіліктен жұрдай болған қызметкердің қылығына шыдамай, басшысына шағымдандым. Осы жағдайға қатысты ашық тексеру жүргізіп, мемлекеттік тілге пысқырмайтын мамандарға қатаң шара қолдану үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» АҚ-тың жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы Мұрат Жұманбайға арыз хат жаздым. Хатымнан еш қайран болмады. Кейіннен білгенімдей, орталық­тың жетекшісі әлгі қызға жеңіл сөгіс берумен шектеліпті.
Екінші оқиға. Жаздыгүні ауылдағы ағаммен бірге Ақтоғай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына барғанбыз. Талон алатын кезекте жұртқа шекесінен қарап, бір жігіт отыр. Сәлемдесіп, талон беруін сұрап едік, елең қылмады. Сыртқы сымбаты бар, бірақ ішкі дүниесі қуыс. Халыққа сапалы қызмет көрсетудің орнына, шікірейіп отыр. Соның кесірінен ауданда қонып қалдық. Екінші күні жұмысымызды әзер бітірдік. Кейіннен білгеніміздей, әлгі жігіт аудан әкімі орынбасарының ұлы екен. Өзі демалысқа шыққан орталық жетекшісінің міндетін атқарып отырған көрінеді сол кезде. Бюрократ бауырымның «мінезінен» алыс ауылдардан келген ата-әжелердің де шаршағанын көрдік. Мұндай жағдай кез келген аудан, ауылда бар. Төрешілдік қазақтың қанына әбден сіңіп кеткен дерт пе? Бұдан арылмасақ, әлемдегі 30 елдің қатарына қосыламыз деген арманымыз орындала ма?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды