Житомирді жаудан қорғаған…

0 67

Биылғы қарашада соғыс және еңбек ардагері, подполковник Қайыр Хасенов атамыз торқалы тоқсан бес жасқа толады. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен қария әлі тың, кісіге салмақ салып отырған жоқ. Бір уақ сыртқа шығып, таза ауа жұтып қайтады.Қарт майдангер Павлодар облысындағы Жасқайрат деген ауылда өмірге келген. Балалық шағы зұлмат жылдармен тұспа-тұс келіп, біраз қиындық көреді. Жиырмасыншы жылдардың соңында еліміздегі дәулеттілердің мал-мүлкін тәркілеп, өздерін отбасылармен бірге қиырға жер аударғаны тарихтан мәлім. Одан кейін отызыншы жылдардағы аштық басталады. Осы зобалаң Хасеновтер отбасын да шарпиды, амалсыз Омбыға барып жан сауғалайды. Елге 1935 жылы оралады.
Қайыр әкеміз туған ауылындағы «Жасқайрат» бастауыш мектебінен сауат ашып, тоғызыншы сыныпты Қашыр білім ордасынан тәмамдаған. Бұл –1942 жыл, батыста нағыз қиян-кескі ұрыс болып жатқан шақ. Елдегі ер-азаматтардың дені майданға алынған. Сондықтан 9-ші сыныпты жақсы бағамен аяқтаған.
Қайыр Хасенұлын туған ауылындағы бастауыш мектепке мұғалім етіп жібереді. Осында қызмет істеп жүрген жерінен, яғни 1943 жылы қаңтарда әскерге шақырылады. Сол кезде оның жасы он жетіге енді толған. Алдымен Ресейдің Красноярск қаласындағы дайындықтан өтіп, әскери өнердің қыр-сырын үйренеді. Содан бірден майданға тартады. Соғыста 6-шы армияның 204-дивизиясы мен 312-ші полкінің құрамында жүріп, Украинаның біраз елді мекендерін фашистерден азат етеді. Әсіресе, Житомир қаласын жаудан тазарту кеңес әскеріне оңай тимейді. Осы жан алысып, жан беріскен ұрыстың ортасында қазақ жауынгері Хасенов те жүрді. Житомирді жаудан екінші рет босатқанда ауыр жараланады. Содан Горький қаласындағы гос­питальда алты ай ем алып, қайтадан қанды қырғынға кіреді. Енді Забайкал майданындағы Маньчжурья, Харбин қаласы үшін болған шайқасқа қатысты. Ұлы Жеңісті майдан даласында қарсы алды.
Қайыр қария – көп сөйлемейтін, аузы ауыр, салмақты адам. Артық әңгімеге жоқ. Соғыс туралы да шешіліп айта қоймайды. Тек: «Жалындаған талай жас жігіттер көз алдымда оққа ұшты. Қайта, менің көрер жарығым бар екен. Қазақ «Қырық жыл қырғын болса да ажалы жоқ өлмейді» деп айтады. Осы сөзде көп мән бар. Әйтеуір, елге аман келіп, ұрпақ сүйіп, солардың қызығын көріп отырмын» деп үнсіз қалып, көзге жас алды.
Елге 1946 жылы оралып, соғыс­тан кейінгі тұралап қалған ауыр тұрмысты көтеруге бел шешіп кіріседі. Әуелі мектепте мұғалім, кейін аудандық, облыстық партия комитетінде жемісті жұмыс істейді. Алматыдағы жоғарғы партия мектебінде оқиды. Оны бітіргеннен кейін Баянауыл ауданында бірқатар лауазымды қызмет атқарады. Аудандық азаматтық қорғау штабының бастығы болды. Жұбайы Мариям апа екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Батыр ардагер 2016 жылдан бері елордада тұрады. Соғыстағы ерлігі үшін бірқатар орден, медальдармен марапатталған. Баянауыл ауданының құрметті азаматы. Әкемізбен қоштасарда қандай тілегіңіз бар дегенімізде: «Қарағым, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, енді қайтып соғыс өрті тұтанбасын!» деп батасын берді. Аузы дуалы ақсақалдың батасы қабыл болсын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − fifteen =