«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жинақтау дәуірі:

Жеке зейнетақы шотыңызды не себепті қадағалап отыруыңыз керек?

0 181

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің іске қосылғанына биыл 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында ол көптеген өзгерістерге ұшырап, дамуын әлі де жалғастырып келеді. Сонымен қатар салымшылардың өз жинақтарын ұлғайта түсудегі рөлі арта түсуде.

1990 жылдары, тәуелсіз Қазақ­станда нарықтық қарым-қатынас өз күшіне енген кезде, ескі кеңестік зейнетақы жүйесі ыдырай бастаған болатын. Ұрпақтар ынтымақтастығы қағидасына негізделген бұл жүйе өз дәуірінде нәтижелі, жемісті болды. Әйтсе де, жұмыссыздықтың белең алуына және тұрғындардың қартаюына байланысты бұл жүйе тиімсіз бола бастады.
ҚР статистика жөніндегі агент­тігінің 1997 жылғы мәліметтері бойынша еліміздегі жұмыс істейтін адамдар мен зейнеткерлердің ара салмағы 1,5:1 болды. Ал халық­аралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, 1 зейнеткерге кемінде жұмыс істейтін 4 адам сәйкес келген жағдайда ғана ынтымақтастық жүйе жақсы жұмыс істей алады.
Егер жағдай сол күйінде қалар болса, жүйе күйреуге ұшырайтын еді. Сол себепті Қазақстан зейнет­ақы жүйесіне реформа жасауды ұйғарды. Және ТМД елдері арасында мұны бірінші болып жүзеге асырды. Реформа авторлары халықаралық тәжірибелерді мұқият зерттеп, құрамында жинақ­таушы құрамдауышы бар аралас зейнетақы жүйесін таңдады. Осыған сәйкес 1997 жылы маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңы 1998 жылы 1 қаңтарда күшіне енді.
Алғашында жаңа зейнеткерлік жүйенің артықшылықтары ай­қын байқалмады, айлық жала­қының зейнетақы қорына аударылатын 10% мөлшерін адамдар салық ретінде қабылдады. Олар бұл жарналардың жеке зейнет­ақы шоттарында жи­нақ­талатындығын, болашақ зей­нет­ақының осы жинақтардың есе­бінен төленетіндігін анық түсіне алмады.
Зейнетақы қызметтері нарығында бірінші болып Мемлекеттік жинақ­таушы зейнетақы қоры (ГНПФ) пайда болды. Кейін біртіндеп жеке зейнетақы қорлары құрыла бастады және олар жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына маңызды үлес қосты. Мысалы, салымшылар қорды өздері таңдап, оны ауыстыруға немесе мүлдем таңдамауға құқылы болды. Бұл жағдайда зейнетақы жарналары автоматты түрде ГНПФ-қа түсетін.
Жинақтаушы зейнетақы қор­лары бәсекелестік ортада салым­шыларға тиімді шарттар ұсынуға тырысты. Алайда олар, негізінен, зейнеткерлік активтерді барынша табысты және тәуекелді қар­жы құралдарына инвестициялады. Құн­ды қағаздарын жеке қорлар сатып алған компа­ниялардың бір бөлігі 2007-2010 жылдары Қазақстанның қаржы нарығындағы дағдарыс кезінде дефолтқа жол берді. Сонымен қатар кейбір қорлар тарапынан үлестес тұлғалармен көпе-көрнеу шығынды мәмілелер жасал­ған­дығы анықталды. Сондай-ақ жеке қорлар зейнетақымен қам­сыз­дандыру туралы шарттарды әрқалай есепке алатын. Бұл салым­­шылардың бір емес, бір­неше шотының болуына әкеліп соқты.
Азаматтардың жинақтарын бас­қару тиімді әрі қауіпсіз болуы үшін 2013 жылы ГНПФ базасында Бірыңғай жинақтаушы зей­нет­ақы қоры құрылды (БЖЗҚ). Жеке қорлардың активтері БЖЗҚ-ға берілгеннен кейін әкімшілік және операциялық шығындар қысқар­ды, сондай-ақ комиссиялық сый­ақы­лардың мөлшері де екі есеге азайды.
Салымшылардың бірыңғай базас­ы­ның құрылуы арқасында қате ашылған техникалық шоттардың саны қысқарды. Одан басқа, БЖЗҚ жеке қорлардан мұра болып қалған мұндай шоттардың санын азайту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді. Енді үлестес тұлға­лармен көпе-көрнеу залалды мәмілелер жасасу тәуекелі жойылды. «БЖЗҚ» АҚ-тың зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен қаржы құралдары тізіміне сәйкес, ҚР Ұлттық банкі инвестициялайды.
Бұл ретте БЖЗҚ-ның құрылуы зейнетақы жүйесінің өзгеруіне әкеп соққан жоқ. Қазақстанның зейнетақы жүйесі бұрынғыдай үш деңгейден тұрады: ортақ және базалық зейнетақы, сондай-ақ жинақтаушы бөлік.
Бүгінде зейнеткерлерге мемле­кеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы төленеді. Бірақ бұл үнемі солай бола бермейді. 2040 жылдары 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған адамдар зейнетке шыға бастайды. Демек оларға ортақ зейнетақы төленбейді. Олар базалық зейнетақыны және өз жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін ғана алатын болады. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі.
Зейнетақы жүйесінің барлық үш құрамдауыш бөлігін: егер 1998 жылға дейін еңбек өтіліңіз бар болса – ортақ зейнетақыны, базалық зейнетақыны және инвестициялық табыс қоса есептелген жеке жинақ­тарыңызды ескере отырып, бола­шақ зейнетақыңыздың болжамды мөлшерін enpf.kz сайтынан білуге болады.
Бұл есептеулер адамдарға дұ­рыс қорытынды шығаруға көмек­теседі. Өйткені болашақта жақсы зейнетақы алу үшін өзіңіздің зей­нетақы шотыңыздағы жинақ­тарыңыздың мол болуына қазірден бастап мүдделі болуыңыз керек.
Жұмыс берушімен еңбек қарым-қатынасын дұрыс рәсімдеп, зей­нет­ақы жарналарының Қорға тұрақты аударылып тұруын қада­ғалаудың маңызы өте зор. Бұдан өзге, Қорға ерікті зейнетақы жарналарын аударып тұрған жөн. Бұл болашақта алатын зейнет­ақының мөлшерін ұлғайтуға септі­гін тигізеді.
БЖЗҚ өз тарапынан ерікті зей­нетақы жоспарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүдделі және әрбір салымшыға кәсіби ке­ңесші болуға дайын. Егер зейнет­ақыны жоспарлауға жауапты қарап, БЖЗҚ мамандарының білімі мен тәжірибесін пайдалана­тын болсаңыз, болашақта алар зейнет­ақыңыздың мөлшері де қомақты бола түсері анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды