Жинағы бардың жиғаны жете ме?

0 1  630

Биылғы Жолдаудағы зейнетақы жинағының бір бөлігін елдің қажеттілігіне жұмсауға рұқсат беруді халық көптен күтті. Себебі Мемлекет басшысы өзі атап кеткендей, жинағынан ауысатын қаржысын баспана алуға, денсаулығын түзеп, білімін дамытуға жіберсе де, болмаса қаржы ұйымдарына қарыздарын өтесе де бұл бір шаруасын екі ете алмай жүрген елге жақсы мүмкіндік болары сөзсіз. Бірақ жағымды жаңалықтың екпіні бір бұрқ етіп, тез басылғандай. Экономика саласындағы сарапшылардың айтуынша, ол халықтың бәріне бірдей қолжетімді емес.

Мәселен, жалақысы жоғары мұнай, қаржы, экономика саласындағы мамандарға тиімді болғанмен, айлық табысы төмен бюджеттік сала қызметкерлері қордағы ақшаны ала алмайды. Соңғыларының өмір бойы еңбек етіп келе жатқан жұмысынан зейнетақы қорына түсетін түсімі жалақысына сәйкес аздау. Сондықтан да жинағынан өзіне ауысатын мардымсыз қаржы баспана мәселесін шеше қоюы неғайбыл.
Қазір Қазақстандағы еңбек жасындағы азаматтар саны 10 миллионға жуық болса, соның тек он пайызының ғана зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін алуға мүмкіндігі бар. Үй кезегінде ресми тіркеуде тұрған жарты миллионнан астам, одан бөлек бейресми қанша баспанасызға үміт сыйлаған бастаманың бағы жана ма? Оны уақыт көрсетеді.

«Жеткіліктілік шегі» жеткізбей тұр

Зейнетақы жинағын күні бұрын алу мүмкіндігіне ие 700 мыңдай салымшының 500 мыңнан астамы – «жеткіліктілік шегінен» асатын жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Елді елең еткізген оңды бастама осы жеткіліктілік шегіне келгенде көптің көкейіндегі жоспарын тас-талқан етті. Жаппай БЖЗҚ қосымшасын жүктеп алып, жинақ мөлшерін көруге асыққан елдің көбінің көңілі су сепкендей басылды. Өйткені зейнетақы қорында 8 млн теңгеден асатын жинағы бар азаматтардың үлесі – 1-ақ пайыз. Ал көпшілігі тек 1 млн теңгенің айналасында ғана қаражат жинаған. Мұндай жинақтың бір бөлігін алу тиімді бола ма, ол белгісіз. Әрине, орташа, яғни 4-5 млн теңге жинап қойған азаматтар да бар. Әсіресе, қырықты еңсергендердің көбінде сондай. Алайда олардың жалпы жинағандары жеткіліктік шегіндегі сомадан сәл ғана асады. Соған қоса зейнетақы қорындағы қаржыны мерзімінен бұрын шешіп алған қазақстандықтар 10% мөлшерінде салық төлейді.
– Мен биыл 40 жасқа келемін. Алғым келсе де көрсетілген цифраға жетпейді екен. Оның үстіне, ол жерде жинаған зейнетақы ақшаңды алған соң қанша дегенмен азайып қалады. Қаншалықты мұқтаж болсам да зейнетақымда жатқан ақшама тиіспеймін деп шештім. Ақыры зейнетақыны береміз деп шешті ме, жиналған соманың 30-40 пайызын немесе тең жартысын береміз деу керек еді. Сол кезде ешкім дүрлікпес еді деп ойлаймын. Мәселен, бір азаматтың жасы 35-те, жинаған зейнетақысы 1 миллион 500 мың делік. Осының тең жартысын алуына мүмкіндік жасалғанда болар еді. Енді қомақты зейнетақы жинағандар бар шығар, келесі жылдан бастап аламыз деп қуанып отырған. Оларға дауым жоқ, – дейді бюджеттік сала қызметкері Жансая Сыдықбай.

Асқар Ақтілеу, журналист:

«Қазір жасым 38-де. Зейнетақы жинағымда 20 жастан бастағанда 18 жылдық еңбек тәжірибемнің арқасында 4 млн теңге жиналып тұр екен. Бәрінен сұрағанда байқағаным, қасымдағы адамдарға қарағанда менің жинағым әлдеқайда көп сияқты. Көбінде 3,5 млн, 2,5 млн, 3,3 млн. Менің жасымдағылардың жинағында қалуы тиіс қаржының жеткіліктік деңгейі 3 млн 300 мыңдай. Сонда ауысатыны 600-700 мыңдай, оның 10 пайызын салыққа ұстап қалайын деп отыр. Қаржыны қолма қол ақшаға айналдыру барысында тағы ұстай ма деген күдігім бар. Сонымен қолыма түсетіні 550 мыңға жуық теңге екен. Бұл тіпті ең арзан үйдің бастапқы жарнасын төлеуге де жетпейді. Оның үстіне өз маңдай теріңмен тапқан ақшаңды қайда жұмсайтыныңды дәлелдеу үшін құжаттар жинайды екенсің. Осылайша өз ақшамызға өзіміз есеп беретін болсақ, білмеймін енді тіпті не айтарымды?! Жарайды, бір шаруаға керек болып қалып жатса мен алармын, ал менен аз жинағандар қайтеді, оларға тіпті армандамай-ақ қойса да болатын шығар. Ақыры бергесін «жеткіліктілік шегін» сәл төмендету керек еді».

Жинағы жететіндердің жағдайы

ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, елімізде 1,4 триллион теңге көлемінде зейнетақысын алуға мүмкіндігі бар 721 мың салымшы анықталды. Олар 3 санатқа бөлінеді. Біріншісі – зейнетақы қорында жинағы бар, жұмыс істеп жүрген азаматтар. Қазір Қазақстанда сондай 529,7 мың азамат белгілі болды. Екіншісі – БЖЗҚ-да жинағы бар, зейнет жасына жеткен кісілер қордағы қаражатының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Елімізде 178,4 мың зейнеткер жинағын пайдалана алады. Үшіншісі – зейнетақылық аннуитетті рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалған азаматтар, олардың саны шамамен 13,3 мың адам.
Осы салымшылар жинағын өзі үшін, жұбайы үшін және жақын-туыс­тары үшін пайдалана алады. Заңға сәйкес жақын туыстарына ата-әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ Үкімет бір отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру мүмкіндігін де қарастырмақ. Пәтерді жаңа үйден ғана емес, қолдан алуға да болады. Сонымен қатар жеке тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады. Жинақтағы ақшамен ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруға және өтеуге мүмкіндік бар. Тек азаматтарға қойылатын шарттардың бірі баспананы 5 жылдың ішінде сатуға тыйым салынады. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге салумен арнайы оператор айналысады. Ол – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде құрылатын «Отбасы банкі» болмақ.

Дәулет Мұқаев,
экономика саласындағы сарапшы:

– Зейнетақы қорынан осылай ақша алу – тәуелсіздік тарихында болмаған нәрсе. 1998 жылдан бері Чили жүйесі бойынша 10 пайыздық жинақ жүйесіне көшкелі бері бұл – бірінші үлкен жаңалық. Сондықтан кім алса да, біз бұған оң көзбен қарап, қуануымыз керек. Алдағы уақытта да осы бағыт дами беретін болса, қарапайым халық соған қарай талпынып, өзінің зейнетақы қорына ақша жинақтауға тырысады. Болмаса бізде мынау көлеңкелі экономика деген бар, яғни табысын жасыратын азаматтар жетерлік, соларды да оң істерге ынталандыру мақсатындағы іс-шара деп ойлаймын.
– Бұл бастама туралы қазір екі жақты дау көп. Жақсы жалақы алатындар үшін тиімді, ал ақшасы аздар қайтеді дейді. Енді бұл – әркімнің өзінің несібесі. Соған бола бастама туралы жаман айтудың қажеті жоқ деп санаймын. Ірі мұнай компанияларының қарапайым қызметкерлері бар мысалы, күннің аптап ыстығында, желдің өтінде еңбек етіп жүріп тапқан ақшасының жинағынан неге оларға да алмасқа?! Еңбек бағалану керек. Зейнетақы қоры салымшыларының 6,3 пайызына ғана беріледі екен. Бұл – аз да болса мүмкіндік. Мүмкін болашақта жинағынан жиғанын алатындар үлесі көбейтілер. Өз басым зейнетақы қорыма 2011 жылдан бері аударып келеді екем. Бірақ қазір жинағымдағы қаржы алуға аздық етеді. Себебі менде бір кездері жеке кәсіпкерлік болды, ең төменгі айлық 21 мың теңгеден деп алғанда, соның 2000-дай теңгесі ғана аударылып отырған. Ал таныстар арасында өз жинағынан 10, 5, 3 млн теңге қолға алайын деп отырғандар бар.

Қартайғанда қаражатсыз қалмайық

Сарапшы мамандар бұл қаражатты қайда жұмсасам деп керемет жоспар құруға әлі ерте екенін айтуда. Себебі қордағы қаражатты кім көрінгенге тарата бермейтіні белгілі. Тек жұмыс істейтін азаматтарға жинағындағы қаражатын мерзімінен бұрын шешіп алуға мүмкіндік беріледі. Өйткені бәріне бірдей берсе, жинағы аздардың қартайғанда қаражатсыз қалу қаупі бар. Мемлекет бәрінен бұрын соған жол бермеуді ойлайды.
«Зейнетақы жинағы – бірінші кезекте ертеңгі кәрілікке деген жинақ. Оны бүгін алып, шотта ештеңе қалдырмау дұрыс емес. Жеткіліктілік дегеніміз содан шығып отыр, яғни зейнетақы жинағы адам өмірінің соңына дейін тым болмағанда ең төменгі мөлшерде зейнетақы алуға жеткілікті болуы керек» дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Президент осы мәселені жыл соңына дейін шешіп, шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =