ЖИҺАЗДЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫ БЕЛГІЛЕНДІ

0 170

ERA_9695

Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Кедендік Одақ елдерінің «Жиһаз өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі» ТР ТС 025/2012 техникалық регламенті күшіне енеді. Осыған орай, кеше елордадағы жиһаз жасаушылар мен сатушыларға арналған семинар-кеңес өтті. Онда Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті мен Астана қаласы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті мамандары құжаттың қыр-сырымен таныстырды.

Техникалық регламентті Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі әзірлеген. Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі аталмыш іске атсалысқан. Осы жұмыстың басы-қасында болған министрліктің Өнеркәсіп комитеті Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының бас сарапшысы Жанар Жаналиева бұл құжат арқылы қауіпсіздік талаптары қойылған жиһаз түрлерін атады. Оның айтуынша, медициналық, сонымен қатар, жолаушыларды тасымалдау мақсаттарында қолданылатын, сондай-ақ, антикварлық, қолданыста болып, жөндеуден өткен жиһаздардан өзге жиһаз түрлеріне техникалық рег­ламент жүреді. Регламентте жиһаздың беріктігі, биіктігі, қаттылығы-жұмсақтағы секілді талаптар бар. Құрамындағы түрлі химиялық заттардың мөлшері де белгіленген. Мәселен, жиһаздағы аммиак мөлшері – 0,04 мг-нан, формальдегид – 0,01 мг-нан, фенол – 0,003 мг-нан аспауы тиіс.

Бұл заттардың мөлшерден көп болуы адам денсаулығына кінәрат әкелуі мүмкін. Мұны айтқан Астана қаласы Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы Александр Ким бензол мен фенолдың мөлшерден көптігінен адам уланып, орталық жүйке жүйесі зақымданатынын, химиялық заттар ағзаға бірте-бірте жиналып, қатерлі ісікке ұрындыратынын жеткізді. Мұндайды болдырмау үшін жиһаз тиісті зертханаларда тексерілуі керек екен. Сондай-ақ, әр жиһаздың сертификаты мен паспорты болуы шарт.

Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 2012 жылдан бері жиһаздардың қауіпсіздігін тексеріп келеді. Ағымдағы жылдың бес айында осындай 48 тексеріс өтіп, талапқа сай емес жиһаз анықталмаған. Александр Ким жарияланған мораторийге байланысты енді тексеру жүргізілмейтінін, тек шын қауіпті жағдайдың туындауы ғана бұған негіз беретінін айтты.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ақмарал Қабылова жиһазды маркалау талаптарымен таныс­тырды. «Егер жиһаз маркалау талаптарына сай келмесе, шағын бизнес өкілдеріне – 50 АЕК, орта бизнеске – 100 АЕК және ірі бизнеске 200 АЕК айыппұл салынады» деді ол.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 1 =