Жиһаз жарға жықты

0 110

Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін салалардың бірі. Астанада аталған бизнес түрі кеңінен дамып келеді. Олай дейтін себебіміз, қалада  тұтынушылар қатары жыл сайын 80 мың адамға ұлғаюда. Кәсіпкерлер  бұл саланың ілгерілеуі  – қарапайым халық үшін тиімді екенін айтады.  Десек те, «Тапсырыспен жиһаз жасаймын» деп алдап-соққан алаяқтардың да қатары көбейгенін жасырмау керек.

«Қарыздың  бәрін түгел қайтарамын. Басымнан қиын жағдай өтті, сатушы қыз бар ақшамды алдап, сыпырып алды. Астанада да жиһаз бизнесім бар, сегіз жылдан бері осы іспен айналысып келемін»,– деген Зояның  сөзіне сенген бір топ қарағандылықтар ішкі істер департаментіне жазған арыздарын кері қайтарып алған еді.  Олар алдын ала төлем аударып, тапсырыс берген жиһаздарына қол жетпеген соң осындай қадамға биылғы жылдың қаңтар айында барған болатын.

Жақында сол Зояны бір топ астаналықтар да сотқа берді. Бәрі алданған. Атап айтсақ, кәсіпкер өзінің тиісті міндетін атқармағаны үшін Тұрашеваға – 2 645 000 теңге, Ахметоваға –36 500, Бозшағұловаға –95 000, Маукеноваға –90 000, Гринькоға–82 500, Қалиеваға–220 000, Мұхамедьяроваға–76 000, Құтлымұратоваға–148 000, Серікбаеваға–90 800, Кочеваға–190 000, Карапетянға–100 000, Қапсалаеваға–20 000, Примакқа–75 000, Сәрсекееваға–104 120, Сырымбетоваға–70 000, Баймұтоваға–224 112, Әбілбаеваға–285 000, Жүсіповаға–65 000, Нестероваға –176 000, Кәріповаға–110 000, Алпысбаеваға–50 000, Салықбаеваға 278 400, Сүлейменоваға –285 000 теңге берешек. Зояға алданғандардың бірі үй жиһазына алдын ала пайыздық төлем жасаса, енді бірі толығымен төлеп тастаған. Ал, уәделі тапсырыстың ешқайсысы уақытында орындалмағаны былай тұрсын, кәсіпкердің өзі ұстатпай кеткен. Тұрғындар Астанадағы кеңсесінен оны таппаған соң, Қарағандыдағы  жиһаз компаниясына дейін іздеп барған Амалы таусылған халық Елбасына  хат жазды.  Енді міне, Зоя сот залынан бір-ақ шықты.

Астанада  «Фаворит»  тұрғын үй кешенінде өзінің жиһаз салонын ашқан Зояның сот барысында Қарағанды және Жезқазған қалаларында да алаяқтық бойынша екі рет жауапқа тартылғаны анықталған. Алаяқтықтың 24 көрінісі бойынша тексерілген Зоя ешқандай дәлелдермен өзін ақтай алмады. Кішкентай сәбиі барын алға тартып, тағайындалған жазаны жеңілдетуін сұрап, жылады.

Кәсіпкердің арбауына түскендердің көбі зейнеткер, мұғалім және дәрігерлер екен. Моральдық тұрғыдан шаршаған халық та алаяққа кешіріммен қарағанды жөн санамады. Бір емес, бірнеше рет жауапқа тартылғаннан ешқандай нәтиже шығармаған Зояның сотталуын талап етті бәрі.

№2 Алматы аудандық соты Қылмыстық кодекстің 177 бабы «б» тармағы бойынша  дүние-мүлкін тәркілеп, өзін 5 жылға бас бостандығынан айырды. Соттың жазасына келіспеген Зоя Астана қалалық сотының аппеляциялық сот алқасына шағымданған. Алайда сот алқасы да алғашқы үкімді еш өзгертусіз қалдырды.

МАМАН МІНБЕРІ

Жамаладен Ибрагимов,
заңгер-ғалым:

«АЗ ҒАНА АСЫМ, ДАУСЫЗ БАСЫМ»

 

 

–Әр түрлі жағдайларға байланысты азаматтардың моральдық, материалдық нұқсанға ұшырауы құқықтық сана деңгейінің төмендігі . Өкінішке қарай,  өмірде бір-бірін алдау, азаматтардың маңдай терімен жинаған еңбек ақысын алаяқтардың қолды қылуы жиі кездеседі.

Қазақ құқығының реттеушілік мәнін терең түсінген біздің бабаларымыздан «Аз ғана асым, даусыз басым» деген қағидат сақталған. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Сондықтан әр жеке тұлға, заңды тұлғалар тек заңның шеңберінде ғана қызмет етуі қажет. Осы орайда дау туындатып, мүліктік нұқсанға ұшырамау үшін, азаматтар қызмет көрсетушілерге өзінің сұраныстарын  құқықтық рәсімдеген жағдайда ғана талап қоя алады.Яғни, тапсырыс беруші мен оны орындаушы арасында заңды түрде рәсімделген шарт болуы міндетті.Ол шартта мыналар болу керек:

–Орындаушы фирманың атауы, оның мекен-жайы(заңды мекен-жайы), жеке кәсіпкер болса – тегі, аты,әкесінің аты,мемлекеттік тіркелуі туралы мәлімет;
– көрсетілетін қызметтің түрі, бағасы;
– алдын-ала берілетін жартылай төлем ақының көлемі,жұмыстың толық аяқталғандығы туралы белгі;
–тапсырысты қабылдау және орындау мерзімдері;
–тапсырысты қабылдаған тұлғаның лауазымы, оның қолтаңбасы, тапсырыс берген тұтынушының қолтаңбасы.

Әрине бұл көрсетілген шарттың бір үлгісі. Оны әрі қарай құқықтық тұрғыда жетілдіруге әбден болады.

Әсіресе қызмет көрсетушінің мемлекеттік тіркеуден өтуі туралы құжат, аса маңызды болып табылады.Сондықтан да әр тұлға(тапсырыс беруші) өзінің құқықтарының бұзылып, материалдық және моральдық шығынға ұшырамауын алдын-ала ойланып, заңдық шеңберде  нақты қадам жасауға міндетті.  Ал қызмет көрсетуші сұраныс берушіні қасақана түрде алдап, пайда табатын жағдайда, Зоя сияқты заңға сәйкес жауапқа тартылатынын білуі керек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 13 =