Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жиһаз өндірісі: жаңа мүмкіндіктер

0 2  843

Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін салалардың бірі. Астанада аталған бизнес түрі кеңінен дамып келеді. Олай дейтін себебіміз, қалада тұтынушылар қатары жыл сайын 80 мың адамға ұлғаюда. Кәсіпкерлер бұл саланың ілгерілеуі – қарапайым халық үшін тиімді екенін айтады.

Экспорт көбейіп, импорт азайды

Қазіргі уақытта жиһаз саудасы бойынша нарықтың 70-80 пайызы отандық өнімдерге тие­сілі екен. Осылайша, өзіміздің өндіріс шетелдік тауарлардан артық болмаса да, кем емес екенін дәлелдейді. Мәселен, 2016 жылы Қазақстан 5 млн доллардың жиһазын сыртқа сатқан. Тиісінше, импорттық ахуал екі есеге төмендеген.
«Бұл Қазақстанда жиһаз өндірісінің кәдімгідей қарқын алып келе жатқанын көрсетеді. Біздің жиһаз өндірушілер халықаралық талаптарға сай өнім жасайды. Жайлылық санаты жағынан бірінші сыныпты жиһаздар қазір Еуропаға сатылуда. Сонымен қатар, олардың дизайндары да өзгелерден ерекшелеп тұрады» дейді «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының экспортты ілгерілету қызметінің бас маманы Ғазиза Әбдінабиева. Маманның айтуынша, еліміздің әр өңірлеріндегі ұсталар да ЕАЭО елдеріне өз өнімдерін сатып, табыс тауып отыр.
Жалпы, елімізде өткен жылдың өзінде шығарылған жиһаз өнімдерінің көлемі 198,6 мың дананы құраған. Ал «Elim» маркетингтік зерттеулер инс­титуты жүргізген деректерге сүйенсек, Қазақстанда жиһаз өндіру көлемі соңғы 5 жылда, тіпті шарықтау шегіне жеткен. Яғни 1,78 млн дана жиһаз шығарылған көрінеді.


Дәл қазіргі кезде Қазақстанда ресми түрде жиһаз жасайтын 1215 кәсіпорын тіркелген. Олардың 324-сі өте белсенді жұмыс істейді. Аталмыш кәсіпорындардың басым бөлігі Алматы қаласында орналасса, екінші кезекте – Астана, үздік үштікті Қарағанды облысы аяқтайды. Мәселен, Алматы облысында орналасқан «P.T.Z» және «КПК ZETA» кәсіп­орындары 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

MODEKO-2018: елордалық кәсіпкер жиналмалы жиһаз түрін қолға алды

Астана қаласы Статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы бас қалада жиһаз өндірісінде 1 млрд 608 млн 793 мың теңгенің өнімі өндірілген. Бұл есептік кезеңмен салыстырғанда 113,4 пайызға артқанын білдіреді.

«МОДЕКО – 2018» халықаралық жиһаз көрмесіне қатысқан отандық делегация

Жиһаз өндірісін дамытуда мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар да жоқ емес. Соның бірі – «Астана – Жиһаз фабрикасы». Кезінде ағаш өндеу саласы бойынша «Өнімділік-2020» бағдарламасына енген жоба «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағындағы индустриялық паркте орналасқан. Аумағы 3 гектарды алып жатыр. Нарықтық баға бойынша инвестициялық жобаға шамамен 1,5 млн АҚШ долларына жуық қаржы құйылған. Фабрика тек үйге арналған жиһаздар ғана емес, елордадағы барлық кеңселер мен білім беру мекемелерін қамтамасыз етіп келеді. Еліміздің бірнеше қалаларында да сауда нүктелері бар.
Бүгінде Астанада жиһаз құрастыратын кәсіпорындар арасында бәсеке өте жоғары. Елордада он жылдан астам уақыт жиһаз құрас­тырып, сатумен айналысатын «Астана голд мебель» ЖШС басшысы Жүніс Захатайдың айтуынша, халық санының көбеюі, жыл сайын көптеген пәтерлердің пайдалануға берілуі халық арасында сұранысты арттырып келеді.

– Қазір бәсеке көбейіп кетті. Жиһаз құрастыратын кәсіп­орындар көп. Біз кіреберіс және ас үй жиһаздарын тұтынушының қалтасына сай етіп жасап береміз. Керек жабдықтарды көршілес Польша, Қытай, Ресей елдерінен алдырамыз. Өзім жуырда ғана Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Түркияның Измир қаласында өткен MODEKO-2018 халықаралық жиһаз көрмесіне барып қайттым. FUARİZMİR көрме алаңында болған шараға менен басқа отандық жиһазшылар да болды. Көрмеде түрік кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды. Кәсіпкер болған соң, жаңашылдық іздеп, жаңа жобаларды жүзеге асырғың келеді. Көрменің маңыздылығы сол, жаңа жылдың жаңа үлгілері ұсынылды, серіктестерді делдалсыз табуға мүмкіндік болды. Өзім де көптен бері тар үйлерге арналған жиналмалы кереует құрастыруды ойластырып жүргенмін. Өкінішке қарай, оны жасайтын мамандар елімізде жоқтың қасы. Осы сапар барысында жиһаздың осы түріне қатысты уағдаластыққа қолым жетті, – дейді Жүніс Захатай. Кәсіпкердің алға қойған мақсаты – айқын. Алдағы уақытта Астана іргесіндегі Қоянды елді мекенінен үлкен цех ашуды жоспарлап отыр.

Қазақстан нарығына қызығушылық көп

Естеріңізде болса, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Польша мемлекеті көрме тақырыбын жиһаз саласына арнады. Польшаның даму министрі Ядвига Эмилевич қазіргі таңда Польшаның әлем бойынша жиһаз жасаудан 6 орынға ие екенін мәлімдеген еді. Тіпті, отандық БАҚ-қа берген сұхбатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да өз үйін жайлы ету үшін Польша жиһаздарын таңдағанын мақтанышпен жеткізді.

«2011-2014 жылдары біздің Қазақстанға жиһаз экспортымыз үш пайызды құраған болса, өкінішке қарай, кейінгі жылдары күрт төмендеп кетті. Сондықтан экспорттың осы саласы бойынша біз Қазақстанда 10 орынды алып отырмыз. Дегенмен, жиһазшыларымыз Қазақстан нарығындағы өздерінің бұрынғы орнын қайтарып алуды көздеп отыр. Біз Астананың, Қазақстанның басқа да қалаларының қаншалықты тез дамып, бой көтеріп келе жатқанын жақсы білеміз. Бұл жиһаз сияқты тауарға сұраныстың басты көрсеткіші болып табылады. Сондықтан біз екі жақты ынтымақтастықты жиһазды тікелей жеткізумен бірге жергілікті жиһаз жасаушылармен бірлескен кәсіпорындарды мемлекет аумағында ашуды қарастырып отырмыз. Польшаның жиһаз жасаушылары өздерінің алдыңғы қатарлы технологияларымен кіруді көздейді. Олардың көп бөлігі инновациялы. Қазіргі уақыттың басты бір талабы – орман-тоғайларды сақтау. Бізде бастапқы шикізатты үнемді және рационалды пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар бар» деген еді Ядвига Эмилевич. Расында, министрдің сөзінің жаны бар. Өйткені «Made in Italy» белгісі бар жиһаздың 30%-ы Польшада жасалады екен. Олар өз тауарларын француздық, италиялық брендтермен сыртқа шығаруда. Сондықтан, Қазақстан нарығына кірсе, әрине, арзан бағамен сататындықтарын жасырмады. Айта кетейік, Польшаның жиһазшылары өте икемді болып шықты. «B2B» атты кездесу кезінде аталмыш елдің кейбір компаниялары қазақстандық тараппен алдын ала келісімдерге қол қойды. Қазіргі уақытта Польша-Қазақстан жиһаз жасау палаталарының арасындағы келісімдер одан әрі нақтылануда.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды