ЖІГІТТІҢ ЖАРАУЛЫҒЫН «АҚ СҰҢҚАР» БІЛЕР

0 135

ZAH_1375

ҚР Қарулы күштері қатарына алынуы тиіс жастардың әскери қызметке жарамдылығын әдеттегі дәрігерлік комиссиядан бөлек «Ақ сұңқар» әмбебап психологиялық-диагностика кешені айқындайды. Бұл компьютерлік бағдарлама биылдан бастап қолданысқа енгізілген.

Кеше күзгі әскерге шақыру науқанының басталуына орай Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскерге шақыру пунктіне барғанымызда білген басты жаңалығымыз осы болды. Бізге департамент бастығының орынбасары – келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді жинау және шақыру басқармасының бастығы, подполковник Ғани Артықов, осы мекеменің бөлім бастығы Руслан Бекенбаев және ұжым психологы Бота Қорабаева биылғы науқанның ерекшеліктері жайында айтып берді.

«Әскерге шақыру науқанын жүргізу барысында сапаға ерекше көңіл аудара бастадық. Яғни, белгілі бір мамандығы бар, әскери қызметті атқаруға дайын азаматтарды сарбаздар сапына тартуға тырысудамыз. Оларды алған білімдеріне сай әскери бөлімдерге жібереміз» деген Руслан Бекенбаев жастардың алдымен денсаулық жағдайы мен моральдық-психологиялық орнықтылығы жіті назарға алынатынын жеткізді.

Оның айтуынша, әскери құрылымдар өз сапына қабылданатын жауынгерлерге жоғары талап қояды. Мәселен, науқанның алғашқы күні десанттық-шабуылдау бригадасының өкілдері әскерге шақыру пунктіне келіп, оның басшыларын өзінің талаптарымен таныстырып өтіпті. «Соған сай келетін жастарды ұсындық» дейді Руслан Бекенбаев.

Талаптарға тоқтала кетсек, Мемлекеттік күзет қызметіне бойы 180 сантиметр және одан жоғары азаматтар алынып, әскери борышты өтеп болғаннан кейін сол жерде келісімшарт бойынша әрі қарай да қызмет атқара алады. Басымдық арнаулы техникалық немесе жоғары білім алғандарға және шетел тілдерін меңгергендерге, спорттық жетістіктері барларға беріледі. Олар тек Астана мен Алматы қалаларында әскери борышты өтейді. Мемлекет басшысының және шетел басшыларының қатысуымен өтетін қоғамдық-саяси шараларға қатыса алады. Десанттық-шабуылдау бригадасына алынатындарға қойылатын талаптардың кейбірі осыған ұқсас, тек бойлары 170 сантиметрден төмен болмауы тиіс.

«Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті көктемгі әскерге шақыру науқанының жос­парын 100 пайыз орындады. Өткен науқанда біздің ұжымның көрсеткіші республика бойынша алдыңғы қатарлардың біріне шыққанын айтуға тиіспіз. Күзгі әскерге шақыруды да осындай жоғары деңгейде өткізу жос­парлануда. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 22 жыл толды. Біз бір орында тұрмай, даму үстіндеміз. Қарулы күштер қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерімен толығып, соның арқасында жауынгерлік даярлығымыздың дәрежесі артты» дейді Ғани Артықов.

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА

Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде медициналық тексерістен өткен азаматтардың 91 па­йызы әскерге жарамды, 4,9 пайызы бейбіт күндері жарамсыз, 3,5 пайызы әскери есептен шығарылып, мүлде жарамсыз болып танылды, 0,76 пайызы денсаулық жағдайына байланысты жарты жыл немесе бір жыл мерзіміне кейінге қалдырылды.

«Ақ сұңқар» әмбебап психологиялық-диагностика кешені енгізілгеннен кейін жұмысымыз біраз жеңілдеді. Бұрын әскерге шақырушылар психологиялық тест өткенде барлығын қолмен толтыратын. Қазір көмекке техника келіп, тест өту үдерісі оңайлады. Жастар компьютерлік бағдарламадағы 86 сұраққа жауап берсе, болды. Әрине, біз техникаға ғана сенбей, ауызша да әңгімелесеміз. Содан кейін барып әскерге жарамдылығы немесе жарамсыздығы жөнінде шешім шығарамыз, – дейді психолог Бота Қорабаева.

Оның сөзін тыңдаған әріптесіміз Самат екеуміздің де қызығушылығымыз оянып, жаңа бағдарлама бойынша тестілеуден өттік. Тест психикалық жағдайымыздың орнықты екенін анықтап берді. Техника алдамайтын болса, әскерге шақырылушы жігіттердің жараулығын дәл анықтайтын бұл бағдарлама әскерде орын алып жататын келеңсіз жағдайлардың да алдын алатынына сенгендей болдық.

 Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 16 =