Жігерімен шыңға шыққан…

0 20

Екі аяғынан айырылған елорда тұрғыны Мария Әуезова Эверест шыңын бағындырып, Нұр-Сұлтанға оралды. Халықаралық әуежайдан оны бас қаланың Спорт басқармасының өкілдері қарсы алып, құттықтады.Марияның қиындыққа толы өмірі алты жыл бұрын басталды. Сол кезде екі аяғынан айырылған ол еш мойымады. Алдымен Бурабайдың шыңына шықты. Ал жақында Эверестке шығып, 5364 м биіктікті бағындыр­ды. Ол үшін алты ай бойы дайындалған.
– Бурабайды бағындыр­ғаннан кейін тоқтап қалмасымды білдім. Әрі қарай ұмтылып, Синюхадағы Таз тауына шықтық. Енді одан да биікке шығуымыз керек деген шешім қабылдадық. Бір жарым жыл уақытымыз дайындыққа кетті. Туыстарым мен достарым мен үшін қатты уайымдады. Биікке шығу тұрмақ, менің жағдайымдағы адам үшін қозғалудың өзі қиын. Жолымда тас та, құм да кездесті. Бір жерден арбамен жүретіндей мүмкіндік болса, енді бір тұста түрлі кедергілер соны жүргізбейді. Өз күшіммен өте алатын жерден өзім өтсем, қиындау тұстарында бірге шыққан достарым көмектесті. Командалық жұмыс өз нәтижесін берді. Жалпы 10 күнде жоспарымызды жақсы орындадық. 5 мың метрге жақындағанда, тау ауруы аздап сезіле бастады. Бірақ жылдам өтті. Барлығы кәсібилік пен командалық жұмыстың арқасында. Мені көрген непалдықтар: «Сіз не істе­йін деп тұрсыз? Мұны істеу мүмкін емес. Жоқ. Қажет емес! Болмайды! Бұл қауіпті!» деді. Олар бізді ра­йымыздан қайтарғысы келіп қатты уайымдады. Бұл елге ризамын, бізді жылы қабылдап, қолдарынан келгенше көмектесті, – дейді Мария.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 12 =