Жігері жасымаған желтоқсаншы

0 117

 

Биыл – ел Тәуелсіздігінің ізашары саналатын Желтоқсан оқиғасына 35 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында азаттықтың алғашқы қарлығашы ретінде Желтоқсан қаһармандарының ерлігіне лайықты бағасын беріп, жоспарлы түрде насихаттауға шақырды.

Сол ызғарлы желтоқсан күнінде Алматы жастарымен бірге республиканың өзге аймақтарындағы жастар да тоталитарлық жүйеге тегеурінді қарсылық көрсеткенін біреу білсе, біреу білмес. Алатау баурайындағы жастардың көтерілісін жаншып басқаннан соң, еліміздің әр қиырында алматылықтарға қолдау білдірген толқулар байқалды. Әрине, оның бәрін де ақпараттық саясатты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кеңес Одағы жария қылмады. Есесіне осы оқиғалардың басы-қасында жүрген белсенділер аяусыз жазаланды.

1986 жылдың 19 желтоқсанында Алатау бөктерінен жеткен суық хабардан тұла бойын ашу-ыза кернеген Ақмола жастары да өз қарсылықтарын білдірді. Олардың қатарында сол кездегі Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген Амангелді Нүкенов те бар. Нақтырақ айтқанда, Амангелді Теміршотұлы ақмолалық желтоқсаншылардың көшін бастады.

Замандастары институтқа дейін техникумды тәмамдап, әскери борышын өтеп, өмір мектебінен шыңдалып келген Амангелдінің студенттер арасында беделінің жоғары болғанын айтады. Сондықтан болар емтихандардан сүрінбей өткен оны факультет деканы Қуаныш Абуев студенттер кеңесінің төрағасы етіп сайлайды. Бұл қызметке дейін факультет деканының тапсыр­маларын екі еткізбей орындаған Амангелді кейіннен де сол беделдің биігінен көріне білді.

1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы жағдай туралы ақпаратты радиодан естіген сәтте бойында белгісіз бір ашу-ыза пайда болды. Студенттік кеңес белсенділерін жинап, сол кездегі Целиноград қаласында студенттердің бейбіт шеруін ұйымдастыру керек деген бітім жасайды. Жастар дереу өздеріне берілген тапсырмаға сай іске кірісті. Қаладағы бірқатар жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерін де қатарға қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тіпті облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына қарсы сөз сөйлейтін жастар да дайындалды.

– Біз өз тарапымыздан кәдімгі бейбіт шеру өткіземіз деп ойладық. Шеруге қатысушыларға өзімен бірге құжаттарын және таяқ, темір, сойыл сынды заттарды алып жүруге тыйым салынды. Ұйымдастырушылар мен сөз сөйлеушілер арасында қатаң конспирация сақталды. Белсенділерді үгіттеу кезінде олармен тек көзбе-көз тілдестік. Бұл әдіс бізді сол сәтте Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тұтқындауынан алып қалды. Дегенмен мені ақыры 26 желтоқсанда тұтқындады. Тергеу кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің офицері біздің бейбіт шеру ұйымдастырудағы әдісімізге басын шайқады.

Қатардағы студенттер осындай шараны қалайша өз бетімен ың-шыңсыз ұйымдастырды деп күмәнмен қарай бастады. Тіпті тергеу кезінде жоғары оқу орнының басшылығы мен оқытушылар құрамын жастарға бағыт-бағдар берді деп қаралауға да тырысып бақты, – дейді сол бір шақтарды еске алған А.Нүкенов.

Ақыр аяғында бейбіт шеруді ұйым­дастырушы ретінде Амангелді Нүкенов сотталды. Оның басына бұлт үйірілген сәтте сол кездегі Железинка ауданындағы қара шаңырақ та арнаулы органдардың қатаң бақылауында еді. Әйтсе де аудандық ауыл шаруашылығы басқармасындағы қызметінен босап, партбилетін тапсырған әкесі Теміршот, ағасы Қанат әділдіктен үміт үзбейді. Амангелдінің ендігі тағдырын сол кездегі республикадағы ең мықты адвокаттың бірі Михаил Смолинге сеніп тапсырды. Сол тұстағы Ақмоладағы барлық жоғары оқу орнының студенттері шақыртылып, ашық түрде өткен сот процесі жас жігіттің жүнін жыға алмады.

ҚазССР Жоғарғы сотының қылмыс­тық істер жөніндегі сот алқасының 1987 жылғы 24 наурыздағы шешімімен 3 жыл бас бостандығынан айырылды. Оған кеңестік жүйеге қарсы насихат жүргізуден бөлек, құқық қорғау органдарына бағынбады, басбұзарлық жасады деген айыптар да тағылды. Амангелдінің ата-анасы үкіммен келіспей, Алматыға Колбинмен кездесуге аттанады. Алайда республиканың бірінші хатшысына кіру оңай болмайды. Ақырында оларды Колбиннің көмекшісі Тоқуев қабылдап, Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға жөн сілтейді.

Кейіннен Целиноград түрмесінде жатқан Амангелдіні Красноярск жаққа этаппен айдайды деген ақпарат шықты. Онда да әкесі дереу әрекетке көшіп, жазасын Кереку түрмесінде өтеу туралы өкімге қол жеткізеді. Ақыр соңында адвокат Смолиннің арқасында Нүкеновке тағылған айып та жеңілдейді. Ол жазасын арнайы комендатурада өтейді. Павлодар қаласындағы еңбек мекемелері жөніндегі бас басқармаға қарайтын арнайы комендатурада жатып, солардың рұқсатымен жұмысқа барып-келіп, жазасын өтеп жүреді. 1989 жылдың 19 қазанына дейін тас қалаушы-бетоншы ретінде Павлодар қаласында жылу-энергетикалық орталықтың үлкен мұржасының құрылысында өз қолтаңбасын қалдырды. Осында жазасын өтеп жүріп, көптен сөзі жарасқан болашақ жары Жұмагүлмен қосылғаны да өз алдына бөлек хикая.

Бостандық таңы атқан сәтте Амангелді сынды желтоқсаншыларға көзқарас өзгерді. Оларды жазалауға негіз жоқ екендігі расталды. Ақмоладағы бейбіт митингті ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылған Амангелді Нүкенов 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарының құқығын қалпына келтіру туралы» №2 бабының негізінде жаппай қуғын-сүргін құрбаны деп танылды.

Әр жылдары «Павлодар-Темир», «Марат и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Алтын-ПВ» шаруа қожалығында басшылық қызмет атқарды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы «АСКАДИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндіріс телімінің шебері болып еңбек етуде.

Басына іс түскен шақта жанынан табылған адал жарымен өнегелі отбасын құрды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + one =