ЖІГЕРІ ЖАЛЫН, ЖҮРЕГІ ТҮКТІ ЖАУЫНГЕР

0 279

Найзамен түйреп ет жеген батыр бабалар рухы мен ізі қазақ деген ел барда жойылмақ емес. Бүгінгі жауынгерлер – сол қайсар ерлердің жалғасы. Олардың жігері – жалын, жүрегі – түкті, күші – мығым. Қайсар сарбаздар батырлықтарын бейбіт заманда да танытып келеді. Осылай десек те, жа-уынгерлер өмірінен, тыныс-тіршілігінен көпшілік бейхабар. Алайда, жетістік жетерлік, қуаныш мол, күшіміз артуда. Ендеше, ел тыныштығын күзеткен ішкі әскерлердің әу бастан бергі ахуалына көз жүгіртіңіз…

Оқ құшқан, қайран, он жеті оғлан

Елбасымыз – Қарулы Күш­те­­­рі­­міз­­дің Жоғарғы Бас Қол­­бас­­­­шы­­сы­­­­ Нұрсұлтан Назарбаев мем­­ле­­­­кетіміз бен қоғамымыз үшін іш­­кі әскерлердің маңыздылығын ескеріп, 1992 жылдың 10 қаң­­та­­рында оның құрылуы туралы Жар­­лыққа қол қойған. Азаттық алған бойда ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, қоғамның қауіпсіздігін, түзеу мекемелерін күзету, арнайы жүктерді алып жүру және басқа да міндеттермен бірге, кеңестік кезеңнен қалған Өскемен, Курчатов, Степногорск қалаларындағы мемлекеттік маңызды нысандарды күзету де ішкі әскерге жүктелді.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, егемендік алған елдердің өз алдына мемлекет болып құрыла бастаған алғашқы жылдары оңайға түспеді. Өтпелі кезең, әсіресе, тәжік еліне ауыр тиді, еркіндік ала салысымен басталған азаматтық соғыс мыңдаған адамның жазықсыз өмірін қиды. Таулы аймақта орналасқан елдің арғы бетінде ұзаққа созылған соғыс өрті басылмаған Ауғанстан тұрды. Тәжік-ауған шекарасы арқылы есірткі мен қарудың тоқтаусыз өтуі Тәжікстанға ғана емес, бұрынғы Кеңес одағындағы ба-уырлас елдердің де қауіпсіздігіне қатер төндірді. Екі мыңнан астам шақырымға созылған шекараны күзету Тәжікстан мемлекеті үшін аса қиын шаруа еді. Сондықтан, шұғыл түрде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірлескен күш қажеттігі туды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының шешімімен шекараның тәжік-ауған учаскесін қорғайтын күш құрылды. Оның құрамындағы Қазақстанның атқыштар батальоны Қарулы Күштерінен, Шекара қызметінен және Ішкі әскер бөлімшелерінен жасақталды.

Елдің ішкі әскерлері 1993-1999 жылдар аралығында Тәжік­стан­да­­ғы Таулы Бадахшан жеріндегі өз­­деріне тапсырылған шекара бө­­лігін күзету міндетін абыроймен атқара білді. Кезекті ауысым­­мен жиырма құрама рота құрылып, екі мың­­нан астам сарбаз бен сардар жа­уын­­гер­­лік тапсырманы орындады. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир та­­уындағы Пшихавр шатқалында бол­­ған қарулы қақтығыс кезінде іш­­кі әскердің он жеті жауынгері ер­­лікпен қаза тапты.

«Ер есімі – ел есінде» деген ха­лық. Арада көп уақыт өтпей ішкі әс­­­­кердің ержүрек ұлдары мемлекет құрметіне бөленді, марапаттары туысқандарына табыс етілді. Есімдері өздері қызмет еткен бөлім жеке құрамасының тізіміне мәң­­гі­­лікке жазылды. Туып-өскен елді мекендердегі көшелер мен оқыған мектептеріне есімдері берілді. 2007 жылы Қазақстан мен Тәжікстан басшыларының қолдауымен Душанбе қаласындағы «Халықтар достығы» саябағына тәжік-ау­­ған шекарасын қорғау кезінде ер­­лік­­пен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына арналған мо­­нумент орнатылды. Бірнеше жыл бұрын елордадағы Отан қор­­ғау­­шылар алаңына да он жеті ба­­тыр­­ға арналған «Ерлік» аллеясы ашылды. Бүгінде «Ерлік» Отан ал­­дындағы борыштарын өтеуге асық­­қан­ жас жауынгерлердің әскери ант қабылдайтын қасиетті орнына ай­­налды.

Ішкі әскерлер қадамы ілгері

Өз офицер кадрларымызды да­­йындауда бұдан он алты жыл бұ­­рын құрылған Ішкі әскерлердің жо­­ғар­­ғы әскери училищесінің маңызы зор. Сол жылы-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев оқу орнына жа­­уын­­герлік туды табыс еткен. Ал 2009 жылы үкімет қаулысымен оқу орнына әскери институт мәртебесі берілді. Содан бері он екінші легін шығарып салған әскери институттан 2045 жас сардар лейтенант шенін алып шықты. Оның 181-і үздік бітірді, 22-сі «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» арнайы төсбелгісін алды. Институттың жыл сайын бітіретін түлектері ішкі әскердің жас командирлері қатарын толықтырып қана қоймай, еліміздің басқа әскер түрлері мен қуатты құрылымдарында абыройлы қызмет етуде. Алдыңғы түлектердің қатары бұл күндері еліміз бен Ресей Федерациясындағы жоғары әскери оқу орындары мен академияларында білімдерін жалғастыруда. Қазіргі уақытта әскеріміздің батальон буындағы офицерлерінің тоқсан пайызға жуығы – әскери институт түлектері.

Қару-жарақтарымыз қуатты

Елбасының «Біздің Ішкі әс­кер­­лер аса жауапты міндеттерді орындайды. Олар еліміздің іш­­кі тәртібін қамтамасыз етеді. Әс­­кер мемлекетіміздің ұлттық қа­­уіп­­сіздігін нығайтуға зор үлес қо­­су­­да» деген сөзі біздің есімізде. 2001 жылғы Қауіпсіздік кеңесінде Мем­­лекет басшысы ішкі әскердің ма­­териалдық-техникалық база­­сын жақсарта түсу жөнінде арна­­йы тапсырма берген болатын. Соның арқасында әскердің жа­­уын­­­­­­­герлік әзірлігіне жағдай жасал­­ды. Бірыңғай басқарудың теле­­ком­­му­­ни­­кациялық жүйесі енгізіліп, жаңа автотехникалар, қару-жарақ пен байланыс құралдары сатып алын­­ды. Мәселен, соңғы жылдары «Тигр» СПМ-2 арнайы полицей машиналарымен және басқа да техникалармен жарақтандырылды. Қуаты мен күші бар әскердің мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерге, аса қа­уіп­­ті қылмыстарға, террорлық әрекеттерге қарсы тұра білері сөз­­сіз. Жуырда ғана Ішкі әскер авиа­­паркы заманауи Ан-74ТК-200 ұша­­ғымен толықты. Жаңа қауіп-қатерге қарсы тұра алатын арнайы мақсаттағы бөлімшелер құрылды. Әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелеріне ұдайы көңіл бөлінуде. Әскердің жаңа заманға сай алға басуына әсерін тигізген басқа да бағдарламалар дүниеге келді.
Ел экономикасының дамуы­­на байланысты жыл сайын бөлі­­не­­тін қаржы да артуда. Бұл өз ке­­зе­­гін­­де қазіргі әлемде орын алып отырған жағдайларға байланыс-ты елдің Әскери доктринасында атап көрсетілген заңсыз қарулы құрамаларға қарсы күресу, аса қауіпті қылмыстардың алдын алу, диверсия, террорлық актілер мен қарулы қақтығыстарды тойтару міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан, әскердің жауынгерлік қуатын арттыру, ұйымдық-штаттық құрылымын жетілдіру бағытында іс-шаралар қабылдануда.
Соңғы жылдары орын алған кейбір жағдайлар әскердің жа­­уын­­­герлік қуаты мен әзірлігін сы­­наққа алды деуге болады. Әс­­ке­­ріміз арнайы операцияларда, та­­биғи апаттардың зардабын жою және түзеу мекемесінен сот­­тал­­ған­­дардың қаруланып топтасып қа­­шуы кезінде шұғыл және тиімді әре­­кет етудің үлгісін көрсетіп келеді.

Даңқтылар дастаны

«Өмірде ерлікке әрқашан орын бар» деген қанатты сөз қай сарбаздың да жүрегінде. Ел Тәуелсіздігінің жиырма бір жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борыштарын абыроймен орындап, батылдық пен ерлік көрсеткені үшін бірқатар жауынгеріміз мемлекеттік наградаларға ие болды. Айталық, Ішкі әскерлер бас қол­­басшысының орынбаса­ры, ге­­нерал-майор Альберт Матка­­ри­­мов ІІ дәрежелі «Даңқ» ор­­де­­німен, Ішкі әскердің арнайы мақ­­саттағы «Бүркіт» жасағының бас­­тығы Павел Коваленко ІІ дә­­ре­­желі «Айбын» орденімен, осы жа­­сақтың өңірлік бөліністерінің жауынгерлері Мақсат Әбеуов, Ержан Байжанов, Ернар Ерекешев және Рысбек Мақашев «Жа­­уын­­гер­­лік ерлігі үшін» меда­­лі­­мен марапатталды.

Әскер бөлімшелері халықаралық әскери оқу-жаттығуларына да қатысып, жақсы нәтижелерімен көзге түсуде.

Соңғы жылдары Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерді қоғамдық қауіпсіздік пен елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді тартуда. Бес жыл бұрын Елбасы тапсырмасымен Астанада Ішкі әскердің жедел бригадасы құрылды. Бүгінде жаңа бригаданың заман талабына сай әскери қалашығы салынып бітуге тақау. Халықаралық ынтымақтастық та өзінің жалғасын табуда. Біздің үздік сардарлардың бір тобы Ресей мемлекетінің маңдай алды әскери оқу орындарында кәсіби шеберліктерін жетілдіруде. Шет елдегі әскерилермен өзара тиімді қарым-қатынас жолға қойыла бастады. Халықаралық ынтымақтастық аясында 2011 жылы Түрік республикасы Жандармериясының «Командос» курсында қазақстандық ішкі әскердің он алты сардары кәсіби шеберліктерін шыңдады. Бұдан басқа, әскер офицерлері өз еліміздің Қорғаныс Ұлттық университетінде өз білімдері мен біліктіліктерін арттыруда.

Бүгінде Ішкі әскердің жа­уын­­герлік және сандық құрамы Ұлт­­тық қауіпсіздік стратегиясы та­лап­­тарына сай. Құқық қорғау әскері аса маңызды, оның ішінде ядролық нысандардың күзетін ойдағыдай қамтамасыз етіп келеді. Әскер, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесіне қарасты елу бір түзету мекемесін күзетеді және ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерімен бірге еліміздің ірі он сегіз қаласындағы көше тәртібін қамтамасыз етеді.

Жиырма бір жыл ішінде мем­­ле­­ке­­тіміздің құқық тәртібін күзету кезінде ішкі әскердің жүз отыздан астам әскери қызметшісі өз борыштарын адал қырағылықпен, қайсарлықпен, ерлікпен және жанқиярлықпен орындағандары үшін мемлекеттік наградалармен марапатталыпты. Жиырма екі офицер Қарулы Күштердің Жоғарғы Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан әскери жоғары атақ – генерал шенін алды. Мұның бәрі – Мемлекет басшысының ел үшін еңбек ететін ерлерімізді жоғары бағалап келе жатқандығының дәлелі.

Спорттағы әскери саңлақтар

Әскердегі жауынгерлік да­йын­­дық­­тың негізгі бағыт­­та­­рының бірі – дене дайындығы мен спорттық-бұ­­қаралық жұмысты дамыту. Осы мақсатта әскерде жыл сайын әскери қолданбалы және спорттың басқа да бұқаралық-көпшілік түрінен спартакиадалық және басқа да­ жарыстар өткізіліп тұрады. Құра­­ма­­лар мен бөлімдердің үздік спорт­шы­­лары әскер құрама командасы сапында спорттың әр түрінен ха­­лы­­қ­­аралық жарыстарға қатысып, жүл­­делі орындарды иеленіп жүр. Былтыр қыркүйекте Астанада Қазақстан Республикасының кубогі үшін қойың-қолтық ұрыстан жарыс өтті. Сайысқа еліміздің он тоғыз командасы қатысты. Тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан он жеті жауынгердің рухына арналған жарыста спортшыларымыз командалық есепте алдына жан салмай бірінші орынды жеңіп алды. Осы спорт түрінен әлем чемпионатында да біздің екі жауынгеріміз бір алтын мен бір күміс медальды жеңіп алды.

Ел қорғау, жастарды қазақ­стан­­дық патриотизм мен Отанға деген сүйіс­­пеншілікпен тәрбиелеу, са­­лауат­­ты өмір салтын насихаттау Елбасының үнемі басты назарында. Оған Лондонда өткен былтырғы олимпиадалық ойын барысында да көз жеткіздік. Айтулы спортшыларымызды әлемдік сынға аттандырар алдында намыс­ты қолдан бермеулеріне халық атынан Президентіміз тілектес болған еді. Спортшылар сертінен айныған жоқ. Он үш медальдің алтауын Ішкі әскердің әскери қызметшілері – спортшылары жеңіп алғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Олимпиада чемпиондары Майя Манеза мен Светлана Подобедова (ауыр атлет), күміс жүлдегер Әділбек Ниязымбетов (бокс), қола медальды иеленген Даниял Гаджиев (еркін күрес) пен Иван Дычко (бокс) және Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес) өз аттарын отандық және ішкі әскердің спорт тарихының жылнамасына жеңіске деген жігерімен, қажырлы еңбектерімен енгізді.

Әнімді Астанама арнаймын

Бүгінде ішкі әскерлердің тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлінуде. Басқару органдарындағы өзгерістерге орай, бригадалық басқару жүйесі өңірлік басқаруға көшірілді. «Әскери институттағы оқу-тәрбиелік процесті, әскердің жауынгерлік әзірлігін жетілдіруді жалғастыра түсеміз» деген Ішкі әскерлер бас қолбасшысы, генерал-майор Руслан Жақсылықов Отан алдындағы борыштарын өтеуге келген жас сарбаздарды батыр бабаларымыздың жауынгерлік дәстүріне тәрбиелеуді, ерлікті насихаттауды жіті назарда ұс­тай­ды. Айталық, жуырда ғана елорданың он бес жылдығына орай ұйымдастырылған «Әскери керней» байқауы «Астанама арнаймын..» атты іс-шаралардың топтамасына кірді. Рух көтеретін әскери саздың, әскери оркестрлердің гала-концерті жас ұрпақты патриотизмге, отансүйгіштікке тартқаны сөзсіз. Онда классикалық, халықтық және эстрадалық музыка туындыларымен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, плац-концерт және әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілген танымдық көрсетілімдері ұсынылды. Керней үні, дауылпаз дабылы – ерліктің, бабалар дәстүрінің жалғасы.

Мұхаметқали САТОВ, Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, полковник

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =