©2020 Астана Ақшамы
Жігерді жаныған жеңіс
ВТБ бірыңғай лигасының шеңберінде «Астана» баскетбол клубы өз үйінде Латвияның ВЭФ командасынан басым түсті.
Алғашқы минутта алыстан сермеген Джей Джей О’Брайеннің екі добы себетке дөп түсіп, алаң иелері ойын тізгінін қолына алды. Бұдан кейін де біраз шабуыл сәтті аяқталып, қарсыласынан ұпай санымен едәуір алға ұзады.
Ригадан келген қонақтар да қарап қалмай, ұрымтал тұста ұпайларын түгендеп үлгерді. Бірақ бұған «Астана» деп кезінде жауап қата алды. Ал ойынның үшінші бөлігінде ВЭФ бір бас жоғары болды.
Дегенмен қорытынды кезеңде қарсыластың камбэк жасағысы келген ұмтылысынан түк шықпай, «Астана» жеңісті қолдан бермеді. Осылайша қатарынан үш ойында жеңіліс тапқан елордалық команданың еңсесі бір көтеріліп қалды.
«Астана» командасының бас бапкері Эмиль Райкович «Бұл өте маңызды жеңіс болды. Алдыңғы УНИКС-ке қарсы ойында соңғы сәтте жеңісті уыстан шығарып алып, бармақ тістеп қалдық. Бүгін біз команда лидері Клеммонссыз ойнадық, сондықтан жеңісті бағасы одан сайын арта түсті» деді.
Елордалық команданың сапынан ең нәтижелі ойын көрсеткендер – Стивен Холт, Майкл Дженкинс, Джей Джей О’Брайен және Джеффри Гросселл.
«Астана» аталмыш турнирдің келесі ойынын 2 ақпанда сырт алаңда Саратовтың «Автодор» командасына қарсы өткізеді.