«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жиенқұлованың би байқауы

0 549

Кеше елордада Ш.Жиенқұлова атындағы V республикалық қазақ биі байқауы басталды. Қазақ ұлттық хореография академиясы ұйымдастырып отырған бишілер байқауы үш күн бойы жалғасады. Оған еліміздің әр аймағынан 150-ден аса қатысушы жиналды.

Бұл жолы байқау кәсіби ұжымдар, жоғары оқу орындарының хореография факультеттері мен кафедраларының ансамбльдері арасында өтіп жатыр. Байқау бағдарламасы аймақтық ансамбльдердің репертуарымен, хореографтардың жаңа ізденіс­терімен танысуға, үздік бишілерді анықтауға, қатысушыларға қазақ биі саласындағы шығармашылық жетістіктерімен, кәсіби тәжірибемен және біліммен өзара алмасуға мүмкіндік береді.
Байқау аясында Қаз­КСР еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің жеке коллекциясынан сахналық костюмдер көрмесі, Қазақ ұлттық хореография академиясының фотокөрмесі, қазақстандық суретші Анар Әубәкір суреттерінің вернисажы, қазақ биінің жетекші педагогтарының шеберлік сабақтары өтіп, Қазақ ұлттық хореография академиясының Қазақ биі зертханасының тұсауы кесіледі. «Қазақ биі» деректі фильмі көрсетіледі.
Аталмыш жарыс алғашқы рет 1992 жылы ұйымдас­тырылғанын айта кетейік. Одан кейін араға тоғыз жылды салып, қайта жанданды. Осының алдындағы байқау 2012 жылы өтіп, Шара Жиенқұлованың 100 жылдық мерейтойына арналды. Сайыс қазақ эстрадалық және халықтық би саласындағы талантты бишілерді, балетмейстерлер мен педагогтарды анықтау мақсатын көздейді. Биылғы байқаудың жеңімпаздары 29 наурызда анықталады. Сол күні өтетін гала-концертте жеңімпаздар марапатталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды