«Жиен ел болмас» деген

0 204

Өткен жылы елiмiзде 874 қыз шетел азаматымен некеге тұрған дейдi статистика. Тағы бiр дерек бойынша, аралас неке саны 25 669-ға жеткен. Бұл көрсеткiш 1999 жылы 18 402 болған екен. Демек, шетелдiктердiң етегiнен ұстап, ерiп кете беретiн қазақ қыздары көбейiп барады.
Ұлттық идеологиялар туралы халық­аралық тәжiрибелерге зер салсақ, қай қашан да қыз балалар ел саясатын жүр­гiзуде басты рөл ойнаған. Мысалы, ерте кездерде немiстерде де, жебiрей­лерде де  әйелдердi ұлттық саясатқа баулитын арнайы мектептер болған. Ұлттың бола­шағына қатысты ұлы мұраттарын бел­гiлеп, болашаққа бағдарламалар жаса­ғанда көбi қыз баланың сана­сына сiңдiрiлiп отырған.
Ал қазақтың бүгiнгi жағдайына қарап не айтуға болады?..
Бұл орайда, «Неке және отбасы тура­лы» кодекстiң 11-бабы адамды ерiксiз ойға қалдырады. «Араларында неке қиылуына (ерлi-зайыпты болуына) жол          берiлмейтiн адамдар» деп аталатын осы бапта «некелесуге (ерлi-зайыпты болуға) жақын туыстардың арасында жол берiл­мейтiнi» туралы жазылған. Оның сыр­тында кодекстiң «Некеге отыратын (ерлi-зайыпты болатын) адамдарды медици­налық зерттеп-қарау» деп аталатын 12-бабында: «Некеге отыруға (ерлi-зайыпты болуға) тiлек бiлдiрушiлерге медициналық, сондай-ақ медициналық-генетикалық мәсе­лелер және репродуктивтiк ден­сау­лық сақтау мәселелерi бойынша консуль­тация берудi және зерттеп-қарауды ден­саулық сақтау ұйымдары және тек олардың екеуiнiң келiсiмiмен ғана жүр­гiзедi», – делiнедi. Яғни, медициналық-генетикалық талдау жасау арқылы, бола­шақ ерлi-зайыпты болғысы келген жас­тардың бiр-бiрiнiң шын мәнiнде шыққан тегiн танып-бiлуге мүмкiндiк берiлетiнi айтылады.
Бұл – жетi атаға дейiн қыз алыспайтын қазақтың байырғы салтының заңға енгенi деген сөз.
Хош делiк. Расында, қазақ жетi атадан қыз алыспау тұрғысындағы аталар өсиетiн, көне салтты сақтап келедi. «Туыстардың некелесуiне жол берiлмейдi» деп тұрып, бұл заңмен де шегеленген.
Ал бiрақ, бүгiнгi ұрпақтың ұрпағына жетi атаны бiлу қажеттiгi туып отыр ма? Бүгiн бiз жетi атамызды тiзiп айта аламыз ба?
«Жетi атасын бiлмеген – жетесiз» дейдi қазақ. Рас, соңғы жылдарға дейiн көбi­мiздiң әкелерiмiз бен аталарымыз жетi атамызды тiзiп, қағазға жазып отырып жаттатып келген. Қазiр де мектеп оқулы­ғында «Жетi атаңды ата!» дейтiн тап­сыр­ма бар. Ал,  2011 жылы шетел азаматта­рына күйеуге шығып кеткен 874 қыздың баласы ертең жетi атасын қалай айтады? Оны былай қойғанда, осы қара­көз құрбыларымыздың балалары қазақ бола ала ма?
Әрине, бола алмайды! Өйткенi, қазақ – ұлтын, шыққан тегiн аналарына қарап ажы­рататын жәбiрей емес. Қазақ «жiгiттiң жақ­сы болмағы – нағашыдан» деп, болашақ ұрпағының қандай болмағы алған жарына байланысты екенiне мән берсе де, тектiлiктi атаға қарап ажыратады.
Демек, аралас некеде тұрғандар үшiн «жетi ата» деген ұғым жоқ.
…«Неке және отбасы» туралы кодекске туыстардың некелесуiне шек қойылғаны секiлдi қазақ қыздарының шетелдiктерге тұрмысқа шығуына да аз да болса тос­қауыл қоятын қатаң талап енгiзiлсе дұрыс болар ма едi…

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × two =