Жидек теремін десеңіз…

0 126

Елорда іргесіндегі орманды алқаптарда қарақат пісіпті. Мамандар шілде айының жиырмасынан бері қарақат теретіндердің көбейгенін, орманда таңның атысынан күннің батысына дейін толып жүргенін жеткізді. Қалаға кірер және шығар жолдардың бойында шелек-шелек қарақат сатып отыр­ған саудагерлерді көруге болады. Жалпы биыл қарақат саудасы қалай? Карантинде отырған, табыссыз қалған халық қарақат теруге көшті ме? Қарақаттың құны қанша? Нендей пайдасы бар? «Жасыл белдеуге» жол тартып, аталмыш сұрақтардың жауабын біліп қайттық.

Жесең – дәрумен, сатсаң – табыс

Ардақ Нұржанова – Ильинка ауылының тұрғыны. Жаз келіп алқапта жидек қызарысымен шелегін асынып жорыққа шығады. Қыркүйекке дейін қарақат, алмұрт теріп саудалайды. Табысы да жаман емес. Екі аптаның ішінде 30 мың теңге нәпақа тауыпты.
«Қай орманға барсаң да, қарақат көп. Нәпақамды қарақаттан көріп отырғаныма биыл үшінші жыл. Теріп, жолдағы жүргіншілерге сатамыз. Іздеп келіп алушылар да бар, адамдардың барлығының бірдей қолдары тимейді ғой, сосын бізден сатып алады. 500 теңге төлесе үйіне дейін жеткізіп береміз» деді ол.
Ал қарақат саудасын отбасылық бизнеске айналдырған Эргина Қоныстың айтуынша, карантинде жұмыссыз қалып, күн көру үшін қарақатты тапсырысқа теретіндер көбейіпті.
«Қарақат терумен айна­лысып жатқанымызға биыл бес жыл болды. Отбасымыз­бен айналысамыз. Бұл – маусымдық жұмыс, жазда басталатын қосымша табыс көзі. Дегенмен екі айда талмай жұмыс істеп, пайдаға кенелуге әбден болады. Қарақат теру де оңай емес, оны жинап алған соң тазалауды қажет етеді. Біз үйренгеміз ғой, ал қаланың адамдары тапсырысқа тердіреді. Ақшасын берсе, карантинде жұмыссыз қалып, үйінде отырғандар қуана-қуана келіседі. Ол да тиімді, тергеніңе қарай ақшаңды аласың, қалай сатамын деген мәселе туындамайды. Өзіміз 10 литр шелектегі қарақатты 4 мың теңгеге сатып жатырмын. 5 литр шелектегісі – 2 мың теңге. Қазір «ОLX» арқылы саудалайтындар да көбейіп кетті. Сондықтан бағасы қымбат емес, қолжетімді» дейді ол.
Жол бойындағы саудагерлердің қойған бағасы бәрінде бір шамада. Ал «ОLX» онлайн-сауда алаңында бірі 10 литр шелек қарақатты 6000 теңге десе, енді бірі 5000 теңгеге бағалайды. 4 мың теңгеге де табылады. Бірақ бәрі үйге жеткізіп бергені үшін қосымша ақы сұрайды. Жол бойында сатушыларға қарағанда баға жоғары, ал қала ішіндегі бау-бақша өнімдерін сататын шағын базарларда 6 мың теңгеден.
Астана орманының бас агрономы Ардақ Хасеновтың айтуынша, қарақат әуежай маңы мен Қарағанды, Астрахан тас жолының бойында (Тілендиев даңғылы) жиі кездеседі. Мәселен, елорда маңындағы 14827 гектар жерді алып жатқан жасыл белдеуде бүгінде 1,8 миллионға жуық сары қарақат, ақ көріктал, бессей шиесі, татар ұшқаты сияқты бұталар бар.
Орман ішін аралап жүргенде, жидек теріп жүргендердің қарасы көп болмады. Ауа райының бұзылуына байланысты шығар деп болжадық. Орманнан шығатын жолға бет алғанда бір отбасыны көзіміз шалды, себеттерін алып жидек теруге келіпті.
«Жыл сайын орманға қарақат теру үшін келеміз. Ең әуелі, тыныштықта қаланың шуынан, күйбең тірліктен бір сәт миың тынығады. Бір сағатта бір шелек қарақат тереміз. Бізге көп керек емес, екі үш шелекті толтырып, таза ауада тынығып, әңгімелесеміз. Жол бойында қарақат сатады, ешқашан сатып алмаймын. Өйткені сатып алғанша өзің терсең өте пайдалы. Отбасылық хобби десем де болады. Екін­шіден, биыл эпидахуал­ға байланысты бәріміз үйде оқшауланып отырмыз. Ара­сында далаға шығып тұру қажет. Аптасына үш-төрт рет келеміз осында. Жыл сайын жазда ел аралап, саяхатқа шығушы едік. Биылғы біздің саяхатымыз орманнан аспай тұр. Оған да разымыз» деді зейнеткер Дүйсен
Қайыржанов.
Қала тұрғыны Көркем Шаймерден болса, бір күнді арнайы отбасымен қарақат теруге арнағанын айтты.
«Қарақаттан тосап әзірлейміз. Жыл сайын тоңазытқышқа салып, қысқа сақтаймыз. Сондай-ақ қарақаттың жапырағын кептіріп, шайға қосып ішсеңіз жүрек, буын ауруларына ем болады. Өзімізбен ішер асымызды алып, бір күн бойы қарақат тердік. Содан қыста компот қайнатып ішсеңіз, ешқандай ауру жоламайды. Індеттен сақтану үшін үнемі шайға қарақат қосып ішеміз» деді ол.Қарақаттың құрамында не бар?

B, P, K, E, A дәрумендері­мен қатар, 7-11 пайыз қант, 4 пайыз органикалық қыш­қыл, 1 пайыз пектиндік зат, фосфор қышқылы, калий, темір, жапырағында марганец, мырыш, магний, күкірт, қорғасын, күміс және аса қа­жетті С дәрумені бар деседі. Ал ұрығында 16,5 пайызға дейін май болады екен. Қарақат қайнатылған тұнбамен асқазан-ішек жолдарының ауруларын, асқазан сөлінің кеміп кетуін, Альцгеймер және диабет, атеросклероз, тыныс жолдары ауруларын емдеуге болатынын айтады мамандар. Ғалымдардың мәліметінше, қарақаттың көздің көруін жақсартатын тамаша қасиеті бар. Сол сияқты тұмау тиіп, тыныс жолдарының жұмыс қабілеті төмендеп кеткен жағдайда, бүйрек ауырып, зәр жүрмей қалған кезде қарақаттың шырынын, жапырағын белгілі бір мөлшердегі қайнаған суға бұқтырып ішу керек екен. Қарақаттан жасалған қайнатпаның құнды диеталық және емдік сусын саналады. Ағзаны кальцимен қамтамасыз ету үшін 20 дана қарақат жеу жеткілікті.
Астана маңындағы жасыл белдеуде қарақаттың түр-­түрі бар. Соның ішінде қызғылт сары түсті қарақатты яғни қасқыр жидегін жеу­ге болмайды, улы. Оны тек ағаштарға қорған ретінде отырғызады екен.
Ардақ Хасеновтың айтуынша орманда 2012 жылдан бастап 2020 жылға дейін орман жолақтарының арасына, 2594,9 гектар жерге 3,1 миллионнан аса көшет отырғызылыпты.

Жасыл белдеуден тағы не жинауға болады?

Алма ағашын қоян жақсы көреді екен. Сынақ ретінде отырғызған алма ағаштарының жас көшеттерін жеп қоятын көрінеді. Сондықтан орманда алма ағашын іздеп әуре болмаңыз. Есесіне уссурий алмұрты өседі.
«Мен өзім ол алмұрт қай­­­натпасын ішіп көрдім. Нә­ти­жесінде бойым сергіп, шар­шауым басылды. Бірақ долана, кәдімгі шетен немесе уссурий алмұрты сияқты ағаштардың жемістерін күзге қарай жинайды. Орманда қарақаттан бөлек, алмұрт, саңырауқұлақ теретіндер бар. Ол үшін ешқандай арнайы рұқсат керек емес және ақы төлеп қажет емес, бәрі тегін. Халық үшін жасалған» деді Ардақ Хасенов.
Ағаш отырғызу оңай жұмыс емес, ал отырғызыл­ған ағашты өсіру одан да қиын іс. Сондықтан орман­ға қарақат теруге кірген адам­дар барынша тазалық сақ­тап, өрт қауіпсіздігін қада­­ғалау қажет. Сонымен қатар ағаштардың арасына ав­томо­бильмен кіруге және ағаш­тардың бұтақтарын сын­дыруға рұқсат етілмейді.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =