Жидебайға жеткізген жол

0 162

Қазақтың арғы-бергі тарихында небір бұлбұлдар мен дүлдүлдер, сұңғұла шешендер өткен ғой. Олардың ішінде Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының орны ерекше! Бірақ биылғы төтеннен келген індетке байланысты заңғар тұлғаның 175 жылдық мерейтойы кең ауқымда тойланбайтындықтан үш жігіт – көкшетаулық археолог Жасұлан Үкеев, астаналық ағылшын тілінің оқытушысы Ернат Мелсұлы және мен үшеуміз азаматтық позициямызды танытып, айтулы датаны өзімізше 1000 шақырымдық велошерумен атап өтуді ұйғардық. Мұндағы мақсатымыз – Ұлы хәкімге деген құрмет, ел ішінде оның ілімін насихаттау, оған қоғамның назарын аударту еді. Ең бастысы, бұл ұйғарымымыз халықтың арасынан қызу қолдау тапқаны бізді қатты қуантты.

Елордадан 2 қыркүйек күні 93 жастағы нейрохирург Теңдік Изақов ақсақалдың батасын алып, достарымыз бен жұртшылықтың қоштауымен Абай ескерткішінің алдынан аттандық. Бұл сапарымыз­дан көптеген теле-радио-баспа құралдары арнайы материалдар жасап, әлеуметтік желілер мен ютуб арналары сүйіншілеп жарыса жазып, тілеулестіктерін білдіріп жатты. Соның арқасында жол бойын­дағы ел велошеру жайында хабардар болып отырды. Көпшіліктің ықылас-ниеті бізге зор күш-жігер беріп, қанат бітірді. Оның үстіне біз жүріп өткен Нұр-Сұлтан – Павлодар автобаны тақтайдай тегіс, тек сырғып қана отырасың, одан арғы Павлодар – Семей тасжолы автобаннан кем емес екен. Сондықтан Ереймен өңірінің ой-қыры мен Семейден арғы асулар болмаса, бізге жол қиындық тудыра қойған жоқ. Ашық аңғарлардың тұсына келгенде қарсыдан ұратын, орап соғатын желден де көп қиянат көрдік деп айта алмаймын.

АЛҒАШҚЫ КҮНІ ЖҮЙТКІДІК

Сөйтіп бірінші күні тың болғандықтан әрі бойдағы желіктің қамшылауымен астанадан Ерейментау қаласына дейін 7 сағат 58 минут жүріп өтіп, 165 шақырымды еңсердік. (Ескерте кететін жайт, жолдың өлшеміне Нұр-Сұлтан – Павлодар автобанынан 20 км қиғаш жатқан аудан орталығына кіретін қашықтық та есепке алынды. Ал уақыт есебіне жол бойында тоқтап, тыныққан, ас-су ішкен және велосипедтеріміздің оны-мұнысын жөндеген сәттер енгізілмеді). Мұнда бізді Ақмола облысы Ерейментау аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, ақын Сайлау Жылқыбаев қарсы алып, «Көшпенділер» қонақ үйіне орналастырды.
Келесі күні 10.20 сағат шамасында Ерейментау қаласынан Шідерті-Екібастұз бағытына аттандық. 3 қыркүйекте ауа райы салқындап, жаңбыр сіркіреп, жел күшейді. Әйтеуір велосипедтеріміз сыр берген жоқ. Алакеуім тартқан шақта 160 км жол жүріп, Екібастұзға табан тіредік. Бізді ақын, өлкетанушы Сайлау Байбосын ағамыз қарсы алды. Аңқылдаған Сайлекең монша жағып қойыпты, ет асып, Баянауылдың бал қымызын сайлап күтіп отыр екен. Шежіреші ағамыздың әңгімесіне сусындап, жатып-тынығып, ертеңінде сағат 9.37-де Павлодарға қарай бет түзедік. Ақын, Екібастұздағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмағали Қоғабайұлы қаладан шыққанша көлігімен жол көрсетіп отырды.
Велошерудің үшінші күнінде (4 қыркүйек) 7 сағат 33 минутта 147 шақырымды артқа тастап, Павлодарға келдік. Бұл күні ауа райы суықтау болғанымен киіміміз жылы, әрі велосипед тепкенде дене қызады. Жел үйіріп соғып тұрды. Екінтіден кейін аспан бұлттанды. Керекуде бізді Қарқаралының азаматы, қазір осы шаһарда тұратын бизнесмен достарымыз күтіп алды.
5 қыркүйек күні Павлодар қаласынан кеш шықтық. Біріншіден, Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітке зиярат жасап бөгелдік, әрі Жасұланның велосипедінің артқы дөңгелегінің 6 шабағы сынып, соған жаңасын ауыстырып салғанша біршама уақыт кетті. Таңертең тұрғанымызда сұрқай аспан ашылмапты. Алла Тағала жеңілдігін берсін деп сапарымызды жалғастырдық. Бірақ қаладан ұзамай жатып бұршақ аралас жаңбыр жауып, одан бас сауғалап, пана іздеп тығылуға тура келді. Жолымызды бұл да әжептәуір бөгеді. Содан 12.45 сағатта бірақ ұзын жолға түстік.
Ямышово ауылынан сәл асқанда Ернаттың артқы дөңгелегінің тысы бірнеше жерінен тесіліп, камерасы атылды. Оны ауыстырдық. Сөйтіп біршама қиындықпен 6 сағат 20 минутта 120 шақырымды бағындырыппыз. Аққулыға қараңғы түскенде бірақ жеттік. Елді мекенге кіреберіс­тен бізді ауданның Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Лаура Құмарова, аудандық Мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі әнші Самат Момынжанов, әнші Күләндә Сейітова және басқа да азаматтар күтіп алды.
Павлодар облысына қарасты Аққулы ауылынан басталған бесінші күнгі (6 қыркүйек) сапарымызда үшінші облыс – Шығыс Қазақстан аймағының шекарасынан өттік. Осы өңірдің алғашқы елді мекені – Бесқарай ауданының Қарабас ауылына келіп тоқтадық. Жергілікті жұрт құшақ жая қарсы алды. Ауыл әкімі Серік аға бастаған бір топ жан алдымыздан ән-жырмен күтіп алып, ас-суын ұсынды.ЕСКІ МЕШІТТІ ЕСТЕН ШЫҒАРМАЙЫҚ!

7 қыркүйек күні Семейге аттандық, Алаш қаласына 38 шақырым жерде, 2-3 үйлі Аққолтық қыстағында ХІХ ғасырда салынған мешіт көрінді. Ат басын сонда бұрып, біраз аялдадық. Алланың үйі бір шегесіз салынған екен, әттең қазір әбден тозығы жетіп, қараусыз қалған. Мұнарасы ғимараттың ішіне қарай қисайып барады. Соған мемлекет тарапынан қамқорлық болса деп ой түйдік.
Қас қарая Семей қаласының шетіне табанымыз тиді. Қалалық Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Төлегенұлы бастаған бір топ азамат алдымыздан шығып, «Қарағайлы» санаторийіне әкеліп орналастырды. Келесі күні сағат 10.00-де «Абай-Арена» спорт кешенінің тұсында салтанатты іс-шара өткізілді. Айтыскер Манарбек Сатыпалды арнау жыр айтып, ару қарындастарымыз ұсынған дәмнен ауыз тидік. Әрі қарай Абай атамыз­дың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Абай театрының актері Бекзат Омашев хакімнің рөлін әдемі сомдап, қара сөзінен үзінді келтірді. Әлихан Бөкейхан ескерткішіне де гүл шоқтарын қойдық, содан кейін «Мұхтар Әуезов – Алаш арыстары» музей-үйінде болдық.

АБАЙ ЕЛІНІҢ ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ

Бұл күні бізді «Ақшың» корпорациясының президенті, ШҚО мәслихатының депутаты Марат Құрманбай арнайы шақыртып, қонақ етті. Марат Серікжанұлымен ел, жер тағдыры туралы емен-жарқын әңгімелестік. Ол кісі бізге демеушілігімен шыққан «Семей қасіреті», «Атыңнан айналайын, Абыралы», «Шәкәрімтану мәселелері» кітаптарын тарту етті.
Кешке абайтанушы-ғалым Асан Омаров ағамыздың шаңырағында болып, Ұлы хакім туралы көптеген деректерге сусындадық.
8 қыркүйекте велошеруді жалғас­тырып, қонаға «Еңлік-Кебек» ескерткішінің басында орналасқан «Құрманбай» демалыс кешеніне жеттік. Ілгеріде айтып кеткен іскер азамат Марат Құрманбайдың иелігіндегі демалыс орнында бізге арнайы ас-су, жатар орын әзірлеп қойыпты.
9 қыркүйекте, яғни велошерудің сегізінші күнінде Жидебайға аттандық. Бірақ оған жетпес бұрын ең алдымен, күрежолдың оң бүйірінде 21 шақырым қиғаш жатқан Ақшоқыдағы Құнанбай қажы қорымына барып зиярат еттік, құран оқыттық, Құнанбай музейімен таныстық. Сөйтіп 42 шақырым айналып келіп, тас жолға қайта түсіп, веломарафонымызды әрі қарай жалғастырдық.
Осы сапарымызда Жидебайға жеткенше сегіз күн жол жүріп, 1088 шақырымды артқа тастаппыз. Абай еліндегі жұртшылық бізді үлкен қошеметпен, сән-салтанатпен, хәкімнің әндерін шырқап қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұлов арнайы сөз сөйлеп, салтанатты жағдайда бізге Алғыс хаттарын табыстады.
Абай елінде Шәкәрім мен Абай мемориалдық кешеніне барып, тағзым етіп, құран оқыттық. ­Кеңгірбай бабаның мешітінде болып, зиратының басына зиярат еттік. Мұхтар Әуезов өскен Бөрілі ауылына арнайы бұрылып, мұражайына бас сұқтық. Абайдың Сырт Қасқабұлағынан су ішіп қайттық.
Семейге қайтып оралғанымызда 55 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Semei» арнасының «Диалог» бағдарламасының қонағы болдық.
«Қазақстан» РТРК» АҚ Семей қаласындағы филиалының директоры Хасен Молдабаев үшеумізге «Алаштың айнасы» кітабын тарту етті. Бұл еңбекте Алаш қаласының өмірін телеөнімге айналдырған арнаның тарихы мен тұлғалары туралы жазылған екен.
Сөйтіп 12 қыркүйек күні велошеруімізді аяқтап, астанаға қайттық. Осы сапар барысында бізге тілеулес болған барша қауымға басымызды иіп, тағзым етеміз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 7 =