«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жібек жолы – «алтын көпір»

0 381

 2-3 шілдеде Астанада Global Silk Road форумында Жібек жолы елдерінің мэрлері бас қосады. Форум аясында елордада бой көтеретін «Алтын көпір» монументінің капсуласын салу салтанаты өтеді.

Шараны ұйымдастыратын әкімдік және G-Global хатшылығы қызықты бағдарлама әзірлеп отыр. Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров олардың бірқатарымен бө­лісті. Оның пікірінше, қала бас­шыларының форумы – мемлекет пен қала көшбасшыларын біріктіретін, мегаполистердің даму жолын талқылайтын таптырмас мүмкіндік. «Қалалардың жаңа даму моделі қалыптасып жатыр. Адами капитал, инновация және жоғары технологияларға аса мән берілуде» деді ол.
Бүгіннің өзінде алыс-жақын шетелдің 54 елінен 2 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Оның ішінде 70-і – қала басшылары. Форум кең ауқымда насихатталып, оны жариялауға 60 мемлекеттен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері келеді деп күтілуде.
– Форум аясында Жібек жолын цифрландыру, тұрақты даму мәселелері, экономикалық теңсіздікті жою, криптовалюта сияқты өзекті тақырыптар талқыланбақ. Қорытынды бо­йынша Жібек жолы қалалар басшыларының клубы пайда болады, – дейді Әлішер Әбдіқадыров.
G-Global халықаралық хатшы­лығы басшысының бірінші орынбасары Мұрат Қарымсақов бұл форум Ұлы Жібек жолын жандандыру жобасына сеп болатынын айтты. «Одан әрі шараны дәстүрге айналдыруды көздейміз. Биылғы форумның ерекше қонағы – адамнан аумайтын София есімді робот. Ол пленарлық отырысқа қатысып, жасанды интеллектің озық үлгісін көрсетеді» деді ол.
Құны 3 млн долларға татитын «Алтын көпір» туындысы демеушілердің есебінен тұрғызылмақ. Оның авторы – қытай сәулетшісі Шун-ли. G-Global халықаралық хатшылығы жетекшісінің орынбасары Мұрат Қарымсақовтың айтуынша, бұл идея 2017 жылы Бейжіңде «Бір белбеу – бір жол» форумында пайда болды. «Монумент алтын түсті кәріптастан салынады, оған 20 мыңнан астам кірпіш кетеді. «Сәулет туындысы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының арғы жағында орнатылады. «Алтын көпір» Ұлы Жібек жолы елдеріне кіретін 50 мемлекетті сипаттап, халықтар арасындағы достық нышанына айналмақ. Құрылыс бір жылға жоспарланған.
3 шілдеде «Астана Арена» стадионында Жібек жолы футбол кубогы өткізіліп, оған қала басшылары мен футбол ардагерлерінің құрамасы қатысады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды