ЖІБЕК АПА

0 116
ЖІБЕК АПА

Алматыға, оқуыма қайта оралып келемін.

Көңілімде іштей бар тілегім, бар ойым – Бәнуге кездесу. Өйткені, ол Кемерово қаласынан еді. Кемерово – шешем Саржанның бірге туған әпкесі Жібек апам отырған жер. Нағашы әжем Бүйкіл он тоғыз құрсақ көтеріп, үлкен ана атанып, аймағына қадыры асқан жан еді. Алайда балаларының тағдыры 20-40 жылдардың зұлматына тап келіп, содан Нұржан атты жалғыз ұл, бес қызы ғана аман қалған. Жібек апам осы бес қыздың ішіндегі ең сұлуы әрі ең сүйкімді қылықтысы боп өскен. Айтса айтқандай, Асқар деген жігіттің төресіне ерге шыққан. Ұлы-қызы ара­лас төрт перзент сүйіпті. Бірақ, Асқар ағамыздың әлдебір ісі өкіметке ұнамай жау қатарына тіркеліпті де, сотсыз атылып кетіпті. Жібек апамның төрт баласының екеуі аштан өледі. Қалған екеуін балалар үйіне уақытша өткізіп, өзі жүрек жалғар талшық іздеп, алыс ауылдардағы жамағайындарын аралап, бергендерін алып, қайтып келсе, сол екі ортада балалар үйін басқа жаққа көшіріп жібере қойыпты. Жібек апам аһ ұрып жылап қала береді.

Жан деген тәтті ғой. Ертеректен сандығы түбінде жатқан көйлектік ма­таны сатпақ болады. Шетінен оймақтай етіп қана қиып алып, алушы іздеп базарға келген жерінде ұсталады. Со­дан алып-сатар деген айдар тағылып, бес жыл түрме арқалап кете барады Жібек апам.

Жібек апамды көрген сайын жүрегім сыздайды. Ата-анадан сұлу боп туды. Күйеуі, балалары болды. Ешкімнен кем емес еді. Қазір соның бәрінен жұрдай. Одан күйкі, одан зарлы адам жоқ бұ дүниеде. Бар үміті – өкіметтің қолына уақытша деп тапсырған екі балам аман деп есептейді. Онда-мұнда іздестіріп жазып жатырмын. Алайда, әзірше жақсылық хабар болмай тұр. Неге екенін қайдам, осы Жібек апамды қаншалықты жақсы көрсем, мен өзімді оның алдында соншалықты кінәлі де сезінемін…

Маған Кемерово қаласы картадан бұрын Жібек апамның ауыр тағдыры арқылы таныс болғанын Бәнуге айтқанымда, оның жүзіндегі күлкі шырайы тез өшіп, өкпелеген баладай өз-өзінен томсырая қалды.

– Менің әкем – татар, шешем – орыс, – деді сосын күрсініп, екеуі де Кемеровоға айдалып барған, сол жерде танысып үйленген. Тоз-тоз болған туысқандарды кейде өстіп іздеп жүруімізге тура келеді…

ДҮРІЛДЕГЕН ДҮРІМБЕТТІҢ ӨЛІМІ

Бұйырған ас-суымызды ішіп-жеп болған соң, Жолдасбек екеуміз жоғарғы қабаттағы кеңсемізге көтерілдік. Түскі үзілістегі бір ермегіміз – шахмат ойнауға отырдық.

– Кел, қайтып алмай ойнайық. Әйтпесе қызық болмайды, – деп «шайқасқа» шындап кіріскен Жөкең: – Марқұм әкемнен естіген едім, ойымнан кетпейді, – деп тағы бір хикаяның шетін шығарды.

…Жалпақ сары адырдың өн бойы әр тұсынан шағын өзекше, шолақ сайлармен тілімделген. Ойпаңы шоқ-шоқ тоғай, шілік тал, ал дөңесті бөктерлерінде киіздей ұйысқан қалың қараған. Көптен бері мал тұяғы түспей, ақселеу мен боз көдеге дейін дүр қаулап өсіп, жабағы аттың жалындай болып ұйысып кеткен. Аңызақ өкпек желдің өтінде теңіз толқынындай жапырыла ырғалады.

Осы жалпақ сары адырдың бойында оқпаны сорайған шиті мылтығын ал­дына көлденең ұстап Алпысбай аңшы жүр. Адасқан киік, жалғыз жортқан сұр қоян кездесіп қалар-ау деген тұстарда маңайына сақтықпен ұмсына қарайды.

Қорада мал жоқ. Байлардың мал-мүлкі тәркіленген. Өздері жер аударылған. Сотталған. Көбі тергеусіз-сотсыз атылып кеткен. Тартып алынған мал ит-құсқа жем болды, талан-таражға түсті. Ақыры іріп-шіріп түгел құрыды. Ар­тынша колхоздастыру деген бір пәлесі ере келді. Кедей-кепшіктің жан бағып отырған бірлі-жарым малы ортаға түсті. Көп ұзамай оның да берекесі кетті. Халықтың қораба тіршілігі үзілді. Елде жаппай аштық басталды. «Байтал түгіл бас қайғы» заман елді естен тандырды. Қара халық қара шыбындай жусап қырыла бастады.

Бұл төңіректе әзірге Алпысбай аңшының ғана жұрағат әулеті аман-сау. Солардың бәрінің асыраушысы, айналайын, қара мылтық болып тұр. Қырдың қояны, өзен-көлдің үйрек-қазы қарауылға іліксе болды, құтылмайды. Саршұнақ тышқан, суыр, күзен, атжалман аулайтындар да бар көрінеді. Қара мылтықтың арқасында, шүкір, ондай арамға барып көрген жоқ. Тіпті, адам етін жеп жатқандар да бар деп естиді. Ой, сұмдық-ай, қазы мен қартаны кертіп асаған, сары қымызды шайқап ішкен еркін қазақ едік-ау. Не болып барады бұл күніміз?

Үміт пен үрей сапырылысқан мазасыз көңілмен келе жа­тып, бұзылған ескі қыстауға тақағанын байқамай да қалды. Алдан күтпеген тосын көрініске көзі түсіп барып тоқтады. Үгітіліп, топырақ араласып төмпешікке айнала бастаған көң үйіндісі жанында біреу отыр. Шалқая ақшаңдап аспанға қарап қалған. Сақал-мұрт өскен. Көптен ұстара көрмеген шашы да жалбырап құлағы мен қабағын тұтас жауып тұр. Бет-аузы іркілдеген ісіктен көнектей. Аштыққа ұрынып, жүріп-тұрудан қалған бір міскін.

Алпысбай оған жақындай түсті де, әлгіні танып, жүрегі шаншып шым ете қалды. Алдындағы шала-жансар міскін Дүрімбет екен. Күні кешеге дейін осы өңірдің алдына бес мың жылқы бітіп, атақты байы атанған Дүрекең.

Дүрекеңнің көз алмай ақшиып қарап отырған затын бұл да көріп келе жатқан-ды. Ол – дәл төбеде далбақтап айнала ұшқан қара құзғын. Мақұлық аштыққа ұрынған адамның жан тәсілім берер сәті таяғанын сезетін секілді.

– Мерген, – деді Дүрімбет таңдайға жабысқан тілін әзер икемге келтіріп. – Анау қара құсты көремісің? Соны сен маған атып бер.

Артық сөздің керегі жоқ, онсыз да бәрі түсінікті болды. Бойын кернеген аяныш сезімін басып тастап, Алпысбай мылтығын тез кезеді де, құзғынды дәл көздеп атып салды. Оқ жанды жерден тиіп, құзғын топ етіп жерге түсті.

– Байқап жеңіз, – деді Алпысбай, жансыз, бірақ әлі ып-ыстық құзғынды Дүрімбетке ұстатып жатып.

Дүрімбеттің құстың оқ тескен жерінен атқақтаған қызыл қанға ауыз салып жатқанын көргенде, одан әрі қарап тұра беруге дәті шыдамады.

Былай шыға қалың жықпыл арасынан қоян алды. Қара судың басынан үйректің шүрегейін түсірді. Қанжығасы майланып, бұл кезде күн қызылы байып, уақыт кешкіріп те қалған еді, ауыл жаққа бет алды.

Жолай манағы Дүрімбет есіне түсті. Байғұс әл жинап, жөніне кетті ме екен, біле салайыншы деп ұйғарды. Ол иесіз бұзылған қыстауға жеткенде, күн батуға айналған, бірақ маңай әлі жарық еді. Төбешіктенген ескі көңнің түбінде, манағы отырған жерінде, Дүрімбет созыла түсіп сұлық жатыр. Кеудесінен шыбын жаны ұшып-ақ кетіпті. Маңай толған құзғынның үлпілдек жүні, сояудай-сояудай қауырсындары. Шикі де болса соңғы рет ауыз толтырып ет шайнағанына риза сияқты Дүрекең. Жүзі момақан. Иегі мен омырауын тіреп қойып рахаттана ұйықтап кеткен адамға ұқсайды.

Алпысбай өлік жанына жүрелей отыра кетіп, ернін жыбырлатып дұға оқып, иман шақырды. Сосын сайын даланың кешегі күнгі шіріген бай алпауытын, адамзат баласына теңдік, бақыт пен байлық ала келген Октябрь таңы арқасында бұратылып аштан өлген сорлының, топырақпен бетін жасырды.

– Қараңызшы, егер мерген кездеспесе, аштан өлген Дүрімбетті құзғын шоқып, жеп кетеді екен-ау.

– Е, кімді кім деген сұмпайы сұм ұран кімдердің түбіне жетпеді дейсің… Адам мен аңды да жауластырып қойса қайтерсің, – деп күрсінді Жолдасбек. Сүйтті де: – Шах! – деп атпен секіріп түсті. Ойланып отырса да, ойнап отыр екен, бір пешкамды жеп кетті…

ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ҚЫРҒЫН БОЛСА ДА

Фәни тіршілікте қатар жүріп те адамдар бір-бірінің қадірін түсіне бермейді ғой. Әркімнің өз ұққаны бар, көргені бар, бірақ сол адамның көкірегінде қанша қымбат қазына-байлық жатқанын кім ескеріп, елемек? Ешкім де. Алайда, мен оны баяғыдан бері білемін дейтін қасыңдағы сол ескі досыңның сөзіне бірауық сергек көңілмен құлақ түріп көріңізші. Ол саған бұрын өзің байқамай келген кісілік жаңа бір қырымен танылып, ой көкжиегіңді кеңітіп, жаныңды мұңға бөлеп, сені бар болмысыңмен жаңбыр суына шайқап алғандай тазартып шығарады. Менің де Жолдасбек замандасымның бірде ойламаған жерден көңілімді өстіп астан-кестенін шығарғаны бар.

Әдеттегідей екеуміз түскі дәмге қатар отырып, көже-ботқамызды үстелге жайғастырып, аш қарынның аранын бұйырған дәммен бұқтыртып жатырмыз.

– Бір нәрсеге бір нәрсе себеп, – деп Жолдасбек досым өзінің әдеттегі ер көңілді дарқандығына салды. Мен оның бір тосын әңгіме айтуға оқталғанын сездім де, құлағымды түре қойдым. Ол қасығын ара-тұра аузына апарып қоюды да ұмытпай, бірқалыпты ырғақпен қоңырлата сөйлеп кетті.

…Түрменің қалайы тостағаны мен қасығын қолына қыса ұстап, ту сыр­тынан суатқа жамырай құлаған қойдай кимелескен ұзын тізбектің тегеурінімен дедектеп дәм үлестіріп тұрған әйелдің тұсына келіп-ақ қалған еді. Әйел апайтөс, беліне құшақ жетпестей жуан. Жирен, сұйық шашы үрпиіп, мысық көзі ша­пыраштанып бұған жақтырмай алая бір қарап қойды. Сосын қолындағы темір ожауды бөшке тәрізденген алып қазанға бойлата сүңгіткен. Қазандағы быт-быт қайнаған әлдебір сұйықпен бірге ожауға бірер түйір картоп, еттің жұрқана сіңірі ілінгендей еді. Апайтөс семіз сары әйел ожауды олай ырғап, былай ырғап ішіндегі түйір біткенді сыртқа шығарып жібергені. Пірмәннің тостағанына сылдыраған қара су құйылды.

Ашудан, наладан Пірмәннің іші қыж-қыж қайнап, удай ашып кетті. Мына апайтөс қатынға не жазды екен? Күндегісі осы. Мұның тостағанына шайнап жұтар жалғыз түйір нәпақа түсірмейді. Көрінеу көзге ожаудан сүзіп алып тастайды. Ұзақты күн орманда ағаш кесіп, аштықтан шегі бұратылып, көзі қарауытып жүрген сорлының онсыз да қатықсыз аталасын иттің жуынды­сынан да жаман етіп құнсыздандырады. Неге өйтеді? Жолын кесіп өтпек түгіл, бетіне тіктеп те қараған жан емес. Қайда барса алдынан қазылған Қорқыттың көрі іспеттес бұл не сұмдық?! Әйт-шүйт жоқ, еңбек армиясына сүйреп әкетті. Түкпірдегі ауылда өзімен-өзі қой бағып жүрген момын шаруа еді. Е, мейлі ғой, көппен көрген ұлы той. Десе де, совет өкіметінің бүкіл қанқұйлы қаһарынан мына ас үлестіруші семіз сары әйелдің қатыгездігі жанға қатты батып барады. Құнарсыз қара көженің ішіндегі талмауға келер бар нәрі сүзіліп қалған соң, таңның атысы, күннің батысы орманнан ағаш кесіп, бөрене сүйреткен адамға сылдыр су қауқар бола ма? Пірмән күн санап емес, сағат санап әлсіреп, біржола құрып бара жатқанын сезеді. Ерні кезеріп, көз алды қарауытып, дүние толқып көшіп жүргендей. Әлсіздіктен кілт етіп кейде тізесі де бүгіліп кетеді. Бүйте берсе, жазмыш сағаты да алыс қалмаған шығар. Бір сәтте бөрене астында жаншылып, тіл тартпай кетеді де…

– Осыдан, – деді тұла бойын без­гек ұрғандай қалшылдап, – екіншігәрі мені өстіп шөміштен қағатын болсаң, маған өкпелеме, аямаймын. Шала-шар­пы орысшасы бар еді, әйтеуір қалай да ойындағысын жеткізген сияқты. Жеткізгені ғой, сары семіз қатынның тарғыл көзі шарасынан шығып кете жаз­дады. Сөзін тіс арасынан сыздықтатып сұр жыландай ысқырды:

– Мен сені тірідей көмдіртемін. Өзіңше адаммын деп жүрген шығарсың. Сенен бір қап боқ артық. Онымен тым болмаса жер тыңайтуға болады.

Пірмән үндеген жоқ. Тостағанда шайқатылған жуынды тәрізденген ауқатсымағын алып шетке қарай ығыса берді.

Сүйтіп Пірмәннің тауқыметке толы тағы бір азапты күні өтті.

Ас үлестіруші апайтөс семіз сары әйелдің алдына сүмірейіп тағы келді. Тостағанын ұсынды. Кешегі кешегі ме, ас үлестіруші апайтөс әйел бұған тарғыл көзімен жеп қоярдай болып от шаша қарады да, көже бетіндегі болар-болмас жылан қарашықты ожаумен сылып та­стап, құр қара судың өзін ғана тостағанға сылдыр еткізіп құя салды.

Пірмән қолындағы тостағанды ішіндегі сұйығымен қоса серпіп жіберді. Алға қарай ырши ұмтылып, ас үлестіруші апайтөс семіз сары әйелдің жанына жетіп барды. Анау қорқып та, сақтанып та үлгермеді. Пірмән оны кескен бөренедей белінен қапсыра құшақтап тік көтеріп алды да, мың-сан адам тамақ ішіп жүрген бөшке қазанға тоғытты да жіберді. Сақылдап қайнап тұрған атала көже домна пешінің отты көмейінен бір де кем емес еді. Байғұстың лақ құрлы бақ деуге де шамасы келмей қалды. Тек қазан жиегінен сорайған жүн-жүн жуан мыртық аяқтары ғана дір-дір етті де, тез басылды. Келесі сәтте серейген аяқтары да қазан жиегінен әрмен асып жоғалды. Мың-сан кісілік аталаның терең құрдымы төменге тартып әкетті.

– Қайтсін байғұс, боса да өлетінін білген соң, жастығымды ала кетейін деген ғой. – Досымның әңгімесі төбе құйқамды шымырлатқандай бойым түршігіп кетті. – Адамның басы Алланың добы деген рас қой.

– Жоқ, ол кісі әлі дін аман, – деді досым Жолдасбек, – ұлын ұяға, қызын қияға қондырды, өсіп-өнген үлкен шаңырақ болды.

– Апырай, ә, атып тастамағаны ма? Адам өмірі шыбын құрлы болмаған за­ман еді ғой?

– Соғыс жүріп жатқан, майданда жағдай ауырлап тұрған кез екен. Әлде бастықтары тәубасы бар адамдар болып кезікті ме, кім білсін, әйтеуір соғыста штрафной батальон, яғни жанкештілер жасағы дейтін болатын көрінеді ғой. Оларды небір қиян-кескі ауыр шайқастарға пайдаланады екен. Өлсең, құныңды ешкім сұрамайды. Өлмесең, өз жаның өзіңе олжа, картаның ойыны сияқты бір ғаламат.

Біздің Пірекең де жанкештілер жасағына қосылып кете барады. «Өлмегенге өлі балық» деген әне, сол. Елге омырау­ына «Кенигсбергті алғаны үшін» деген солдат медалін тағып оралды ғой.

– Қырық жыл қырғын болса да, ажал­ды өледі деген осы екен-ау. Мен таңдана түстім.

– Ара-тұра ауылдастарыма кездесіп қалғанымда, шалдың халын сұраймын ғой, – деді Жолдасбек әңгіме соңын ширата түйіндеп. – Жағдайы жаман көрінбейді. Медалін тағып, жеңілдікпен тіркелген дүкеннен тор қалтасын томпай­тып шұжық-майын алып жүрсе керек…

Өтен АХМЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − sixteen =