Жетпіс жеті оқулық аударылды

0 15

Елорда әкімдігінің баспасөз орталығында «Рухани жаңғыру: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының атқарған жұмысы жайында бринфинг өтіп, оған аталған қордың атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мен Нұр-Сұлтан қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева қатысты.

Тұңғыш Президент – Елбасы ­Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асып жатқанына биыл үш жылдан асты. Осы жылдар аралығында гуманитарлық білімнің бағыттары бойынша әлемдегі үздік деген оқулықтар ана тілімізге аударылды. Брифинг барысында Рауан Кенжеханұлы осы оқулықтардың нәтижесінде еліміздегі гуманитарлық білім мазмұны бұрынғыдан толығып, жаңарып, халықаралық деңгейге көтерілгенін айтты.

 

– Біздің жобаның мақсаты – дүние жүзіндегі ең ілгері деген оқу орындарының бағдарламасына кірген, көп тілге аударылып, әлемде білім беру саласына кеңінен қолданатын оқулықтарды қазақшаға аударып, университеттер мен студенттерге жеткізуді көздейді. Бұл жобаны іске асыру үшін алдымен оқу орындарынан ұсыныс алып, олардан жауап ретінде 800-ден аса оқулық келді. Шындығында, бұл оқулықтарға деген қажеттілік, сұраныс жоғары. Әрине, бұл оқулықтың бәрін аудару мүмкін емес, сондықтан арнайы жұмыс тобы белгілі бір талаптарды анықтап, соның негізінде жылда бізге 30 оқулықтан аударуды бекітіп берді. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған 2017 жылғы сәуірден бергі үш жарым жыл аралығында ана тілімізге аударылған 77 оқулықты басып шығарып, еліміздегі 132 жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткіздік. Бұл оқулықты аударуға еліміздегі негізгі деген университеттердің мамандары кеңінен қатысты. Жалпы алғанда, 300-ге тарта оқытушылар, ғалымдар, аудармашылар ағылшын тілінен қазақшаға тікелей тәржімалады. Қазір кезекті 23 оқулықтың аудармасы тәмамдалып, баспаға ұсынылды, олар да жыл соңына дейін жарық көреді, – деді қордың атқарушы директоры.
Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы журналистердің қойған сұрағына жауап беріп, қор жұмысының алдағы жоспарымен бөлісті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + 19 =