Жетпіс бес жылдан кейінгі Жеңіс шеруі

0 71

Жыл сайын 9 мамырда аталып өтілетін Жеңіс мерекесі биыл пандемия салдарынан кейінге шегерілген болатын. Ұлы Отан соғысының тарихына үңілсек, 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудегі ­Қызыл алаңда алғашқы Жеңіс шеруі өткен екен.

Енді, міне, бұрынғы КСРО құрамындағы рес­публикалардың ортақ мерекесіне айналған Жеңіс күніне арналған дәстүрлі салтанатты шеру кеше Мәскеудегі Қызыл алаңда өтті. Ресей астанасына неміс фашис­теріне қарсы тізе қосып соғысқан бұрынғы Кеңес республикаларының, сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыста одақтас болған мемлекеттердің де басшылары мен әскерилері қатысты.
Жеңістің 75 жылдығына арналған шеруге Ресей Федерация­сының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Қазақстан басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаев та мейман болды. Сондай-ақ шеруге қатысқан шетел әскерлерінің қатарында Қазақстан Қарулы күштерінің әуе-десантшылар әскерінің жауынгерлері де болып, Қызыл алаңда көк туымызды желбіретіп өтті.
Ұлы Отан соғысы ке­зінде Кеңес Одағынан 27 миллионға жуық адам қаза тапты. Жауға қарсы қиян-кескі ұрыстарда 603 мың Қазақстан азаматы жер жастанды. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Ерлігі аңызға айналған отандастарымыздың арасынан Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанса, Иван Кожедуб үш мәрте батыр атанды. Жүз мыңға жуық жерлес­теріміз жауынгерлік орден, медальдармен марапатталды.
Бүгінгі таңда елімізде Екінші дүниежүзілік соғысты бастан кешкен майдангерлер қатары күн санап азайып бара­ды. ҚР Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрлігінің 1 мамырдағы соң­ғы мәліметі бойынша Қазақстанда 1025 соғыс ардагері өмір сүруде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 7 =