Жеткіншектің жетістігі

0 26

Он алты жастағы астаналық Ерасыл Тәуекел NASA-да іс-тәжірибеден өтті. Жасөспірім «Назарбаев зияткерлік мектебінде» оныншы сыныпта оқиды. Ол ғылыми-зерттеу жобаларының әзірлемесімен айналысады және зымыран құрастырумен әуестенеді.Ерасыл бала кезінен ғарыш саласына қызығушылық танытып, зымыран құрастыру үйірмелеріне қатысады. Ол жетінші сыныпта оқып жүрген шақта ғарыш тақырыбына арналған «Наурыздағы кездесулер – 2019» ғылыми жобалардың ұлттық конкурсында бірінші орын иеленді. Мектеп оқушысы модельді зымырандарға арналған толық автоматтандырылған іске қосу қондырғысын құрастырды. Ал Байқоңыр ғарыш айлағына сапар кезінде Ерасыл ЕКА мен Роскосмос делегациясының алдында өз жобасын қорғаған. Сондай-ақ ол өз жұмысын қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев және Айдын ­Айымбетовке таныстырды.
Тоғызыншы сыныпта Ерасыл ММУ және РҒА жанындағы Мәскеудегі «Болашақтың ғалымдары – 2019» және Intel BalticSEF-2020 халықаралық конкурсының жүлдесін иеленген. Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі конкурстарда мектеп оқушыларына арналған АҚШ-тағы Regeneron ISEF дүниежүзілік ғылыми конкурсқа қатысатын ұлттық команданың іріктеуінен өткен. Ол елде дарынды оқушы Илон Масктың Falcon зымыран тасымалдағыштарына ұқсас зымыранның прототипін әзірлеген. Осылайша Ерасыл NASA United Space School мектебінде Қазақстан өкілі атанды. «NASA-дағы іс-тәжірибе әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған оқушылар үшін заманауи ғарыш саласымен жақын танысуға мүмкіндік ұсынады. Сондықтан өз өтінішімді жолдадым. Мен бұл мүмкіндікті қалт жібере алмадым. Барлық үміткерлердің академиялық білімі мен ғарыш саласындағы жетістіктерін тексерді. Ағылшын тілін жақсы білу де маңызды болды» дейді Ерасыл.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 1 =