ЖЕТІСУДЫҢ ЖЕМІСІН, АЛТАЙДЫҢ БАЛЫН АЛАМЫЗ

0 142

Елордада облыстардың ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі басталады. Қала тұрғындарының асыға күтетін күзгі көрме-жәрмеңкесін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының дихандары ашқалы отыр.

Осы күні елордалықтарды азық-түлік өнімдерімен таң қалдыру қиын шығар.

Қай елдің қандай тағамын іздесеңіз де табылады. Бірақ, таудың бөктерінде, Жетісудың сарқырап аққан суымен суарылып, ыстық күннің шуағына балбырап піскен Алматының алмасы мен Жетісудың жеміс-жидегі, көкөнісінің, бау-бақша дақылдарының орны бөлек. Өңірдің еңбеккерлері жәрмеңкеге 443 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін алып келмек. Оның 181 тоннасы – көкөніс және басқа да дақыл түрлері. Бұл өнімдердің бағасы қала базарларындағы бағадан 10-20 пайыз арзан.

Облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы көрсеткіштер де айтарлықтай. Ағымдағы жылдың І тоқсанында ғана облыстың 1454-ке тарта ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 22,7 мың тонна ет (тірі салмақта) немесе жалпы облыстық көлемнің 36%, 5,2 мың тонна сиыр сүті (4%), 141,5 млн дана тауық жұмыртқасы (74%) өндірілген екен. Берекелі өнімнің бір бөлігін елордада өтетін жәрмеңкеге жеткізілмек. Алматы облысы жәрмеңкеге 57,5 тонна ет алып келгелі отыр. Оның 15,6 тоннасы сиыр еті, 13,4 тоннасы жылқы және 14,7 тонна қой еті.

Қала тұрғындарының дастарқанына шығыс қазақстандықтар да балын, күнбағыс майы мен астық өнімдерін ұсынып отыр.

Бал демекші, бұл өңірде бал өндірудің мың жарым жылдық тарихы бар. Елімізде өндірілетін балдың 80 пайызға жуығы осы өңірдің үлесінде екен. Өскеменде жыл сайын бал фестивалін өткізу дәстүрі қалыптасқан. Биылғы тамыз айында өткен бал жәрмеңкесіне аймақтың жүзден астам ара өсірушісі қатысып, омарта шаруашылығының барлық өнімдері сатылыпты. Мамандардың айтуынша, бал ара ұяларының сақталуына климаттық жағдайлар да әсерін тигізеді. Соңғы бес жылда бал ара ұяларының саны 33,2 мыңнан 40,3 мыңға дейін жетіпті. Омарташылардың мол өнімі астаналықтарға да жетті. Олар 25 тонна бал алып келіп, келісін 900-1000 теңгеден сатқалы отыр. Егер қала базарларындағы балдың бағасы 1500 теңге екенін ескерсек, мұның өзі сатып алушылар үшін үлкен олжа екені даусыз.

– Шығыс өңірі республикадағы күнбағыс дәнін негізгі өндірушісі болып табылады. Республикада өндірілетін күнбағыс дәнінің 60%-ы осы облыста жиналады. Өнімнің 2,5 тоннасы жәрмеңкеге жеткізіліп, күнбағыс майының литрі 220 теңгеден сатылатын болды. Ал, 2,5 тоннаға тарта астық өнімдері мен жармаларының бағасы 90-120 теңге аралығында. Бұл да базар бағасынан едәуір төмен, – деді Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы Қарлығаш Итқұлова.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =