«ЖЕТІСУ» ЖЕРДІҢ ЖАЙЛАУЫ-АЙ!

0 141

Өткен сенбi елорда үшiн мерекелi һәм берекелi күн болды. Мерекелi дейтiнiмiз – жылдағы әдет бойынша бұқара бiр кiсiдей сенбiлiкке жұмылды. Ал берекелi болатыны шаһардың жер-жерi қыстан қалған  2 мың тоннаға жуы ққоқыстан тазарып, бiр жасарып қалды.
Нақты мәлiмет бойынша жалпы­қалалық сенбiлiкке 80 мың­нан астам адам  қатысты. Бұл күнi Астананы абат­тан­дыру жұмысына елордалық­тармен бiрге Елба­сы Нұрсұл­тан Назар­баев атса­лысты. Пре­зи­дент елорданың ендi ашы­латын ботаника­лық ба­ғы­ның қақ ортасына жөке ағашын отыр­ғызып, оған «Жетiсу» деген атау бердi.
«Астана-Арена» стадио­ны­на қарама-қарсы орналас­қан жаңа ботаникалық бақ­тың ал­ғашқы ағаштарын отыр­­ғызуға сол жағалаудағы әкiмшiлiк мекемелердегi қыз­­­меткер­лер­ белсене қа­тыс­ты. Парламент депутат­тарынан бастап, кеңсе қыз­мет­керлерiне дейiн қолда­рына әдет­тегi қаламның ор­нына күрек пен кетпен алды. Сөйтiп, жаңа бақты жа­сыл желекке тол­тыру iсiне үлес қосты. Түс­ке таман бүр­шiгiн ендi жара бас­таған жас өскiндi отыр­ғы­зып жатқан көп­тiң қата­рына Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев келiп қосылды. Алдымен баққа жөке аға­шын отырғызып, мұн­дағы көк­ желектiң қа­тарын то­лық­­тыр­ды. Одан соң аталған бақ­тың аймағын одан әрi дамыту жө­нiндегi жобалар­мен та­нысты.
Жалпы, көктем келiсiмен елор­дада ел болып қолға алатын игiлiктi iстiң бiрi – жалпықалалық сенбiлiк. Әрине, сенбiлiкке ескiнiң сарқын­шағы, тегiн жұмыс күшiн пайда­лану деп қарау – әбестiк. Дiттегенi – қаланың қоқысын жинап, аула сыпырушылардың жұмысын же­ңiл­дету емес. Тазалықты наси­хат­тап, халықты айналасына жауап­кершiлiкпен қарауға тәрбиелеу деген дұрыс болар. Көгалдандыру да солай. Сенбiлiкте отырғызылған әр талдың қала мен оның тазалығы, тұрғындары үшiн маңызы қанша­лықты зор екенiн қазбаламай-ақ қоялық. Бiр ғана қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылын еске алсақ жеткiлiктi. Бүгiн отырғызылған әр талдың қызығын ертеңгi ұрпақ көрерi анық. Елбасы­ның серпiнмен өткен сен­бiлiкте айтқан сөзi осыған саяды.
– Көктем келген сайын бүкiл елi­мiзде жасылдандыру жұмысы жүретiн болады. «Жасыл ел» бағдар­ламасы бойынша менiң тапсырмаммен елiмiз­дiң барлық өңiрлерiнде, Қазақстанның барлық ауылдарында, қалаларында осын­дай жасылдандыру шараларын жүргiзу керек. Бұл өзiмiздiң жақсы өмiр сүруiмiз үшiн, қуанышты, ба­қытты болуымыз үшiн, бiздiң ұрпақ­тардың өмiрi жақсы болу үшiн, отанымыз әдемi болуы үшiн қажет. Сондықтан барлық қазақ­стандық­тарға, барлық облыс, өңiр­лерге көк­темдi пайдаланып, жасыл желек отыр­ғызуды талап етемiн. Және оның орындалып жатқанын бiлемiн, – дедi Президент.
Елбасы сөзiн тарқатсақ, Астана төңiрегiнде 60 мың гектар жерге ағаш отырғызылды. Ал қаланың iшiндегi орманды алқап 16 мың гектарға жеттi.  Астана болғанға дейiн бұл қаладағы жасыл желек мардымсыз едi. Ал қазiр ше? Қа­зiр жасыл қала болды. Бiрақ, оның әрдайым көгерiп, жаса­рып, мұнтаз­дай болып тұруы осы қала­ның әр адамына қатысты. Кез келген адамның өз қолымен отырғызып, суарып, баптаған ағашы өзiне ыстық болмақ. Сондықтан, жауап­ты әрi сауапты iс – көгалдандыруға әркiм «парызым» деп қарағаны жөн болмақ.
– Бiз ұрпақтарымыз әдемi әрi таза қалада тұрулары үшiн елiмiздi жасыл желекке айналдыруымыз керек. Бүгiн бұл жерде аумағы 100 гектарды алып жатқан Қазақстан­дағы ең үлкен Ботаникалық бақ болады. Мен оны «Жетiсу» деп атауды ұсындым. Бұл баққа әлемнiң әр елiнен әкелiн­ген ағаштар мен өсiмдiктер отырғы­зылады. Бұл қала тұрғындары үшiн жаңа демалыс орны болады, – деп жалғады сөзiн Мемлекет басшысы. «Егер бiр адам қо­қысты арнайы орынға салмай­тын болса, басқа­лары да соны қайта­лайды. Шашы­лып жатқан темекi тұқылымен қатар, бос бөтелкелер пайда болады, одан барып күл-қоқысқа айналады. Тазаланған жердi таза деуге болмайды, қоқыс жоқ жердi таза деуге болады. Сон­дықтан барлы­ғымыз қыс өтiп, көк­тем ке­лiсiмен айналамызды ретке келтiрiп, таза ұстауымыз керек».
«Жетiсу» бағының аумағында осы сенбiлiк кезiнде25 гектаржерге 1040 түп ағаш егiлдi. Ал, жалпы қалада топырағымен қоса отыр­ғызу техно­логиясы бойынша 2,5 мыңнан астам ағаш пен дәстүрлi әдiспен 2600 бұта отырғызылды. Отырғызылған желек­тердiң сұрпы – әр алуан. Денi – Арқа топырағына сiңiсе алатын үйеңкi, қайың, сiбiр шыршасы, қара­ғай, ұсақ жапы­рақты жөке ағашы, сiбiр алма аға­шы сынды өсiмдiктер.
Айта кетерлiгi, мемлекеттiк қыз­меттегi шендi-шекпендiден бастап жастарға дейiн жұмысқа жұмыл­ған осы күнi қала бойынша700 гектарсаябақ пен гүлзарлар күл-қоқыстан тазарып, 116 мың ағаш­тың түбi әкпен ақталды.
Астананы абаттандыруға елорда­лық­тармен бiрге қалада тiркелген дипломатиялық корпус өкiлдерi де бiр кiсiдей жұмылды. Атап айтсақ, Венгрия, Түркия, Ресей, Беларусь, Украина, Түркiменстан елшiлiк­терiнiң 100-ге тарта дипломаттары өз елшiлiктерi орналасқан аумақты тазартты.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 7 =