©2020 Астана Ақшамы
Жетістіктеріміздің жемісі
Дереккөздеріне сүйенсек, Жер қойнауында екі триллион баррель мұнай қоры бар көрінеді. Адамзат баласы оның жартысынан көбін сарқып, енді қалған бөлігіне ауыз сала бастады. Мамандар қазба қорының дәуірі аяқталуға жақын деп дабыл қағуда. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек, жер бетіндегі көмір қоры – 130 жылға, мұнай қоры – 50 жылға, уран қоры 90 жылға жетеді екен. Соған қарамастан, электр энергиясын тұтыну көлемі барған сайын артып барады. Халықаралық энергетикалық агенттік 2015 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі қазіргіден 1,55 есе артады деп болжап отыр. Ақиқатын айтсақ, жұмыр жер дәл қазір жаһандық энергетикалық апат алдында тұр.
Жасыл технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған заманда «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне Қазақстанның «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынуы әрі оның 103 мемлекеттің қолдауымен жеңіске жетуі күрмеулі мәселені шешудің кілтіне айналып отыр.
Болашақ энергия бастауы – бұл
«ЭКСПО» көрмесі адамзат өркениетінің ғылыми және технологиялық жаңалықтарын жер жаһанға танытатын бірден-бір алаң. Тура бес жылдан соң 100-ден астам ел «Болашақтың энергиясы» тақырыбында қол жеткізген жетістіктерін Астана төрінде күллі әлемге әйгілейтін болады.
Бұл басқосу адамзат алдындағы күрмеуі қиын мәселе – энергияға деген тапшылықты жойып, балама қуат көздерінің кеңінен іске қосылуына серпін берері сөзсіз.
Дүниежүзінде энергетикалық қуат көздерінің балама түрлерін пайдалануға деген бетбұрыстың басталғанына біраз болды. Ғалымдардың болжамынша, ХХІ ғасырдың ортасына қарай жаһандық энергетикалық баланстағы баламалы қуат көздерінің үлесі 30 пайызға дейін жетпек. Ал, Еуроодақ балама энергетика үлесін 2020 жылдары – 20 пайызға, 2040 жылдары 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазақстанның да энергетикалық қуат шикізаттарына балама табу мәселесін күн тәртібіне батыл қойып отырғаны содан.
Қазақ даласы геотермальдық энергия көздеріне бай. Сарқылмайтын энергия көздерін жан басына шаққанда әлем мемлекеттерінің алдыңғы сапында екенбіз. Қазақстанның климаттық жағдайы күн, жел, су ағынының энергиясын пайдалануға өте қолайлы болып табылады. Қалпына келтірілетін дәстүрлі емес энергия көздерінің ерекшелігі сол, қор көздері ешуақытта сарқылмайды, экологиялық жағынан да таза. Мәселен, соңғы отыз жыл ішінде жанғыш заттардың атмосфераны ластауы салдарынан Жер шарында 15 мыңға жуық табиғат апаты тіркеліпті. Ал, баламалы энергия көздерін пайдалану табиғат байланыстарын бұзбайды.
Шетелдік сарапшылардың «Қазақстан ұсынған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бүкіл адамзаттың ілгері жылжуына зор әсерін тигізетін болады» деуінің себебі де осы.
Экономикамызды өрге сүйрейді
Халықаралық көрмелер бюросының талаптарына сай көрме өткiзуші қаланың әлеуетi үш ай көлемiнде кемі 3-4 млн халықты қабылдауға дәрмендi болуы тиiс. Талапқа сай шаһардың оңтүстік-шығыс бөлігінде халықаралық шараны өткізуге арналған тұтастай жаңа қалашық тұрғызу жоспарлануда. Бұл мақсатқа Астана қаласы әкімдігі тарапынан 113 гектар жер бөлінді.
«EXPO-2017» алаңы Шәмші Қалдаяқов көшесі мен 1-Көпір айналмалы жолының қиылысында орналасады. Қалашық құрылысына шамамен, 1.5 млрд доллар қаржы жұмсалмақшы.
Мамандардың айтуынша, қалашық өзіндік сәулетімен дараланатын болады. ЕХРО кешенінің ішінде 97 павильон орналастырылады деп жоспарланған. Олар киіз үй пішінінде бой көтермекші.
Тұрғындарға қызмет көрсету жүйесі, қонақүй бизнесі және ішкі туризм өркендеп, қала маңындағы шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін беріледі.
Үш айға созылатын көрмеге күніне 100 елден 50 мың адам, жалпы саны 5 млн адам қатысады деген мәлімет бар. Қазір Астанада шамамен 170-тен астам қонақ үй бар. Оларға небәрі 7 мыңдай мейманды ғана жайғастыра аламыз. Демек, жаңа қонақүйлер, өзге де қоғамдық нысандар салынады. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Көрмені миллиондаған туристер тамашалайтындықтан, әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық, технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылады.
Көрменің есеп-қисабы 1,5 миллиард теңгеге шақталған. Аз ақша емес, әрине. Бірақ, өтеуі бар екенін ұмытпаған абзал.
Мәселен, көрменің Қазақстанда өткізілуі еліміздегі өндірістік қуаттар мен ғылыми базаны жаңғыртуға, елімізге жаңа технологиялар мен инвестицияларды тартуға ықпал етеді.
Үш ай бойы елорда төрінде мәдени шаралар, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық өткізіледі. Бұл шаралар шетелдіктерді қазақстандықтардың көп ұлтты мәдениетімен, көне тарихымен, өнерімен, дәстүрімен және қонақжай мінезімен таныстыруға жол ашып, еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы танымалдылығы мен тартымдылығын арттырады.
Астананы әлемге әйгілейтін алаң
161 жыл ішінде әлем бойынша 63 көрме өткізіліпті. Шараны өткізуден тәжірибесі мол елдердің көшін әзірге АҚШ бастап тұр. Мұнда жаһандық көрме күні бүгінге дейін 18 рет ұйымдастырылған. Тізімді әрі қарай Франция, Бельгия жалғастырады. Айтпақшы, кешегі бәсекеде Қазақстаннан қалып қойған Бельгия да осал болмай шықты. «ЭКСПО» көрмесі мұнда 7 рет өткізілген екен.
Бүгінде «ЭКСПО» өткізілген елдерде көрменің өзіндік мұрасы пайда болды. Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасы, Париждегі Александр III көпірі, Венадағы Ротонда, Мельбурндегі патшалық көрме павильоны…. Тізе берсең, тіпті көп. Болашақта Астанада бой көтеретін ЭКСПО қалашығы осы қатардан көрінері сөзсіз.
«ЭКСПО» көрмесі – бұл мәні жағынан бүкіл әлемдік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы жағынан әлемнің ең кең танымал спорт жарыстарымен теңдес жаһандық ауқымдағы оқиға. ТМД кеңістігінде тұңғыш рет Қазақстан өткізгелі тұр. Бұл еліміз үшін үлкен абырой болмақ.
«ЭКСПО» өткізуді мойнына алған ел өзін де өзгені де жер-жаһанға танытады. Өйткені, көрмеге әлемдегі ең озық технологиялар мен өнеркәсіптің ең соңғы жетістіктері қойылады. Мәселен, өзіміз күнделікті өмірде қолданып жүрген теледидар, тоңазытқыш, тігін машиналары, лифт, телеграф аппараттары секілді ғылымның соңғы жаңалықтары ең алғаш рет осындай көрмелерде халық назарынан ұсынылған.
1878 жылы Париждегі көрмеге қатысқан елдер электр дәуіріне өту кезеңінің басталғанын пайымдады. Себебі, мұнда қойылған экспонаттар энергияның жаңа түрінің қандай мүмкіндіктерге ие екендігін кеңінен таныстырған болатын.
Ал, Қазақстанның алдағы көрмеге ұсынып отырған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы қуаттың жаңа балама түрлеріне жан бітіріп, әлемді таза да, залалсыз энергия көздеріне бет бұрғызатын дәуірдің табалдырығын аттатуға ықпал етері сөзсіз.
Шынар ДОСАН