Жетінші маусымның жетістігі

0 58

Елордадағы сәулеті мен әсемдігі үйлескен «Астана Опера» театры жетінші маусымын табысты аяқтады. Алайда елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты көрермендер іргелі өнер ордасының бірқатар жаңа туындыларды тамашалай алмады. Бұйырса, осы кезеңге жобаланған Г.Доницеттидің «Дон Паскуале», «Махаббат сусыны» опералары мен талантты композитор Т.Қажығалиевтің музыкасына жазылған «Дала үні» балетінің премьерасы сегізінші маусымда қойылады.Жетінші мау­сымда театрдың шығарма­шылық ұжымы жұртшылыққа 185 іс-шара ұйым­дастырды. Бұдан бал­ғындар да шет қалған жоқ, оларға арнап жиырма шара өткізді.
Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауымен театр осы мау­сымда үш премьераны сахнаға шығарды. Нақтырақ айтқанда, былтыр­ғы 11-13 қазан күндері Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсы қойылды. Бұл туындының жарыққа шығуына дарынды дирижер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев көп еңбек сіңірді. Екінші – 22-23 қарашада Л.Делибтің «Коппелия» балеті көрерменге жол тартты. Бұл балетті театр­дың жетекші солистері француздық әзілде орындады. Үшінші – биылғы 14-15 ақпан күндері Л.Бетховен, И.С.Бах, В.А.Моцарт, Й.Гайдн, Д.Хаубрихтің музыкасына «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балеті сахналанды. Бұл туынды ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналды.
Еліміздегі бірегей өнер ордасы әлемдегі опера және балет театрлары­мен жақын байланыс орнатқан. Осы маусымда театр гастрольдік сапармен Санкт-Петербург қаласында өткен IV халықаралық камералық опера фестивалі аясында көрермендерге Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын тарту етті. Сондай-ақ талантты әнші Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрында отандық әртіс­тер П.Чайковскийдің 180 жылдығына арнап, оның «Евгений Онегин» опералық жауһарын ұсынды. Сонымен бірге театрдың талантты әртістері көптеген халықаралық жобаларға қатысып, бекзат өнер ордасының беделін көтерді.
Карантин уақытында театр 15 онлайн-жобаны жүзеге асырып, жұртшылыққа TENGRI TV-ден 41 спектакль көрсетті. Әртістер «Карантиндегі жұлдыз» жобасына да белсене қатысты.
Театрдың алдағы сегізінші маусымы да көрермендер үшін жақсы жаңалықтарға толы болмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 2 =