Жетімдерге жебеу жетіспейді

0 146

Елімізде соңғы бес жылда елуге жуық жетімдер үйі жабылған. «Алақайлап» бөркімізді аспанға атқанымызбен, жетімдер саны бәрібір азайып отырған жоқ.

Бүгінде 150-ден астам балалар үйінде 32 мыңнан астам жәутеңкөздеріміз өсіп келеді. Бейресми ақпарға сенсек, елімізде жыл сайын 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра, тірі жетім атанады екен. Тағдыры туылмай жатып тәлкекке түскен балапандардың болашағына алаңдаған мемлекетіміз оларды ешкімге жәутеңдетпеуге барынша кіріскен сынды. Қуаныштысы сол, келесі жылдан бастап Қазақстандағы барлық же­тімдер үйі қиын жағдайда қалған отбасылар мен балаларды қолдау орталықтарына айналатын болды.

Депутаттар бұл мәселені өте жиі көтеріп, алаңдау­шы­лықтарын ашық айтумен келеді. Балаларға арналған мекемелердегі әрбір тәрбие­ленуші балаға мемлекет та­рапынан қомақты қаржы бөлінгенімен, балалар үйіндегі келеңсіз жағдайлар тоқтаған емес. «Мысалы, ЮНИСЕФ қорының зерттеуі бойынша еліміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жартысынан астамы жүйелі түрде зомбылық көреді. Бас прокуратураның мәліметі бойынша соңғы екі жыл ішінде балалар үйінен 457 бала асырап алу кезегінде тұрмаған ата-аналарға заңсыз берілген. Шет ел азаматтарына бала беру үшін жалған құжат жасау фактілері де орын алған. Балалар үйінен шыққан түлектердің 30 пайызы ғана өмірде өз орнын таба алады. Қалғандарының басым бөлігі құқық бұзушылыққа көбірек ұрынады. Бұл дегеніңіз, еліміздегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйі жүйесі өзінің тиімділігін көрсетпегендігінен» дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.

yvyvyjts121

Қазір әлемнің көптеген елдерінде – Англия, Израиль, АҚШ, Канадада балалар үйі мүлдем жоқ. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, елі­мізде баласы жоқ отбасылар саны 100 мыңның үстінде екен. Олардың көпшілігі балалар үйінен бала асырап алудан үмітті болғанымен, ол жолдағы табалдырық тоздыратын жағдайлардың кедергі болатыны жасырын емес.Білім және ғылым министр­лігі Балалар құқығын қорғау комитетінің мәліметтері бойынша баланы жетімдер үйіне қайта тапсыру оқиғаларының үлесі 16 пайызды құрайды. Соңғы жылдары елімізде 42 жетім балалар үйі жабылып, 2 мыңға жуық бала жетімдіктен құтылған. Жаңа отбасын тауып жатқан балалардың саны артуда. Былтыр Астана мен Алматы қалаларында сынақ ретінде ашылған Отбасын қолдау орталықтары өз нәтижесін бере бастаған.

Бұл орталықтарды ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар келешек от­басын тапқанға дейін пана­лайды. Ол жерде бала асырап алуға құлықты ата-аналармен псиxологиялық дайындық сабақтары, сондай-ақ, жетім балаларды қазақ­стандық отбасыларға беру жұмыстары да жүргізіледі. Осыдан кейін псиxологиялық дайындықтың жоқтығынан болатын баланы қайтадан балалар үйіне тапсыру оқиғасы да азаяды деген сенім бар.«Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады» дейтін халқымыз үшін бұл жағымды жаңалық болды, әрине. Енді ептеп болса да осы мәселе то­лықтай шешімін тауып, жетімі жоқ елге айналатын күн алыс емес сияқты.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 6 =