ЖЕТІМДЕРДІ ЖЕБЕГЕН АНА

0 163

Астанада ата-ана қамқорлығынсыз және жетім қалған 987 бала есепте тұр. Оның 566-сы – қамқорлық пен қорғаншылыққа алынған болса, 72-сі – патронаттық тәрбиеде. Ал, жетімдердің отбасыларға берілу үрдісіне тоқталсақ, елордада бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, соңғы үш жылда Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 73-ке азайды. Әсіресе, бізді бір емес, 11 баланы асырап алған астаналық ана жайлы Білім басқармасының берген дерегі ерекше қызықтырды.

ERM_8924

КӨПБАЛАЛЫҒА ҚҰРМЕТ БӨЛЕК
Жанар Байжулдинованың өмір жолы «жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөзбен біте қайнасқан. Биыл оны Елбасы дәстүрлі «Көктем шуағы» кездесуіне шақыртып, төл мейрамымен құттықтаған еді. Қайырымды жан бүгінде 13 баланы бағып-қағып отыр. Оның екеуі туған перзенті болса, 11-ін қамқорлығына алған.
Жанарға хабарласқанымызда, үбірлі-шүбірлі шаңырақта ерекше қуаныш екенін білдік. Үлкен ұлы Сергей 16 жасқа толыпты. Мерекелік дастарқанға бізді де шақырды…
Кішкентайлармен әңгімелесіп, бал тілін қызықтап тұрғанымызда, үйге екі кісі кіріп келді. Қонақтарды бірден таныдық. Астана қаласы әкімдігіне қарасты Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев пен аталған басқарманың Қамқорлық, қорғаншылық және балаларды қолдау бөлімінің басшысы Қарлығаш Саркенова екен.
– Жанарды 3-4 жылдан бері жақсы танимыз. Астаналық Жетімдер үйіндегі балалардың бірталайын бауырына бас­ты. Мұнымен қоймай, ізгі іске ниетті адамдардың басын қосып, тәжірибесімен тегін бөлісіп жүр. Осылайша, тренингте айтылған кеңестерінің арқасында қаншама отбасының бала асырауына себепкер де болды, – деп осындай жылы лебізін білдірген Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Сергейді туған күнімен құттықтауға арнайы келіпті. Тоғызыншы сыныпқа көшкен оқушыға ертеңгі күні дұрыс мамандық таңдауын тілеп, ұялы телефонды сыйға тартты.

ЖЕТІМДІК ҰЛТ ТАҢДАМАЙДЫ
Мемлекеттік компанияның жетекші топ-менеджері, заңгер, табысты бизнес­вуменнің өмірі тамаша өріледі. Күйеуге шығады. Ұл-қызы болады. Алайда, кішкентай Даниял жұрттың балалары секілді ойнап-күлуден қалып, қайта-қайта талып қалатынды шығарады. Жанар ұлын емдетемін деп ауруханалардың есігін тоздырады. Дәрігерлер балаға эпилепсия диагнозын қояды. Мұндай қиын сәтте күйеуі де жанынан табылмай, Жанар екі баласын құшақтап жалғыз қалады.
Жас анаға сол кезде бір ой маза бермейді. Ана жүрегінде «өмірімде қателіктер жіберіп, кесірін балам көріп жатқан шығар. Күнәларым бар болса, қалай жуып-шаямын? Жетімдер үйінен бала асырап алып, сауапты іс жасасам, Құдай ұлымның дертіне шипа беріп қалуы мүмкін» деген үміт пайда болады.
Жетімдер үйіне бет алған алғашқы күннен-ақ, Жанардың берік ұстанымы қалыптасады. Баланы тауар секілді таңдамайды: сәбилерді түріне, жасына, жынысына қарай бөлмейді. «Жетімдік – ортақ қасірет» деп есептейтін Жанардың қазіргі шаңырағы – көпұлтты. Ең алғаш бұл отбасыға төрт айлық Елизавета бұйырады.
Алғашында бөтен қызды жатырқап, жанына жақын тарта алмаған. Тамақ­тандырады, жуындырады, киіндіреді. Бірақ аналық сезіммен емес, міндет ретінде қабылдағанын жасырмайды. «Бөтен балаға деген аналық махаббатымды оятшы» деп тоқтаусыз тілеген. Ақырындап Лиза Жанардың көзі мен көңіліне жылы көріне бастайды. Бүгінде сол бүлдіршіннің аты – Дария. Жанар оны өз қызындай жақсы көріп кеткені сонша, «өмірімді бұл балапансыз елестете алмаймын» дейді ағынан жарылып.

  • ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:
    Қорғаншылыққа алынған балалар оқулықпен, ыстық тамақпен және жазғы демалыспен толықтай қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, оларды асырап бағу үшін мектеп жасына дейінгілер үшін 9 АЕК, мектеп жасындағылар үшін 10 АЕК көлемінде ай сайын жәрдемақы, ал, бала асырап алған қазақстандық отбасыларға 75 АЕК көлемінде бір реттік қаржы төленеді.

АҒАЙЫНДЫЛАРДЫ АЖЫРАТПАУ КЕРЕК
Айтпақшы, Дарияны асырағаннан кейін Даниял сырқатынан айығады. Дәрігерлер эпилепсияның бірде-бір белгісін таба алмағанда, ананың төбесі көкке жетіп, жақсылыққа одан әрі ұмтылады.
«Балалар үйінде нәрестелер емес, жаңа туған сәбилерді асырап алуға құштар азаматтар көп. Меніңше, нәрестелерді бала көтере алмай­тын­дарға қалдыру керек. Ал, биологиялық баласы барлар үл­кен­деуін асыраса деймін» дейді ол.
Осылайша жанұяға Таня қосылды. Мінезі қырсық болған Таня­ның отбасыға бейімделуі оңайға соқ­папты. Психологтың кеңесіне құлақ асып, үлкендеу қыздың тез бейімделуі үшін үйдегілер бәрін бірігіп жасайды: тұшпара түйеді, оливье дайындайды, үй жинайды… «Қазір ол мені «мама» дейді. Содан артық сөз жоқ мен үшін» деп күлімсірейді Жанар Байжулдинова.
«Балалар үйінде ағайындылар бар­шылық. Ал, көптеген отбасы жалғыз баланы іздейді. Мен алмасам, оларды кім тәрбиелейді?» деген жанашыр кейіпкеріміз былтыр 9 баланы қамқорлығына алады. Аделина – Таняның құрбысы. Света, Мәриям, Миша, Сергей – бір үйдің балалары, Захар мен Света, Азат пен Мирас та – ағайындылар.
«Ауқатты адамдар бір сәт ойлансын: машина, бағалы тондар, бриллианттар шынайы бақыт сыйлай ма? Ақшаңыз артылып жатса, мұқтаж адамдармен бөлісіп көріңізші. Жақсылықтың қасында қымбат дүние-мүліктің құны көк тиын екенін ұғар едіңіз» дейді дана әйел.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − 3 =