Жетімдер жыламаса екен

0 113

Жуырда Ресей депутаттары АҚШ­-тың Ресейдегі елшісі Майкл Макфолды Мемлекеттік Ду­­маға шақыртты. АҚШ азама­­тына асырап алуға берілген ре­­сейлік Максим есімді жас ба­­ланың өліміне байланыс­­ты.­­ Депутаттардың алдында «есеп» беруі үшін…

Жалпы Ресейдің құрлық асырып жіберген қамқорсыз балаларының бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшқан жағдайы бір бұл емес. Жариялаған мәліметтері бойынша, бергі жиырма жылда АҚШ-қа жөнелтілген жиырмадан астам бөбектің өлімі жұмбақ күйінде қалыпты. Соған орай, жетімектерінің АҚШ азаматтарына асырап алуға берілуіне тыйым салатын заң қабылданды. Ресей Президенті Владимир Путин қол қойған аталмыш құжат осы жылдың қаңтар айында күшіне енді. Алайда, балаларының тағдырын елдің ар-намысы мен абыройының көрсеткіші деп білген мемлекет мұнымен тоқталған жоқ. Ресейдің бас прокуратурасы мен АҚШ-тың Әділет министрлігі арасында жұмыс тобы құрылып, Америкадағы бүгінге дейін асырауға беріліп қойған орыс балалардың тағдыры жіті назарға алынды.

Ресейде құйын көтерілсе, шаңын жұтпай қоймайтын біз үшін де бұл мәселенің ауылы алыс емес. Қазақстаннан құрлық асырылған қамқорсыз балалардың тағдырына байланысты да оқтын-оқтын жан күйзелтер жаңалықтар естіліп тұрады. Әркімнің ар-намысы мен сана-сезімі әрқилы. Парламентте депутат болып отырғанында Зәуре Қадырова апайымыздың шетелде өгей әкесі зорлық жасаған қазақстандық қыз балаға байланысты сөз болғанда: «Ондай жағдай елімізде аз ба? Америка азаматы Қазақстаннан асырап алған қызына зорлық жасады деп, байбалам салудың қажеті қанша?» дегендей ойын ірікпеген…

Қазіргі қолда бар мәліметтерге қарағанда, Қазақстаннан соңғы 14 жылдың өзінде 9 мыңға жуық бала шекара асырылыпты. Олардың 70 пайыздан астамын асырап алған – АҚШ азаматтары. 1997 жылы қабылданған «Неке және отбасы туралы» заң негізінде жол ашылған осы бір келеңсіздіктің қанша кес-кестеп, қарсы шықса да, жолы кесілмеп еді. Парламент мінбесінен Жекен Қалиұлы, Амангелді Айталы, Фариза Оңғарсынова, Уәлихан Қалижанұлы, Рамазан Сарпеков – басқа да депутаттар «жетімектеріміздің шетелдіктерге берілуіне тыйым салу керек» деп, шырылдаған. Алайда, заң заман талабына сай өңделіп, қайта келгенде де, дәл осы мәселе қамтылған тұс қаралмады.

Хош. Қанша гуманистік принцип ұстанғанмен де, отбасында өсу құқығы бар баланың Отанында қалуға да хақысы бар еді. Алайда, біздің жетімектер санын азайтқымыз келді. Ауру балаларды асыраушы адам табылса, құрлық асырып, «көзін құртып», тыныштық табуға талпындық. Ал, ауру баланың ай даладағы ата-анаға не үшін қажет екені бізді алаңдатқан жоқ. Әйтпесе, жетім балаларына ие бола алмай, әлсіздік танытып отырған елдерден бала алып жүрген Американың өзінде қамқорсыз қалған сәбилер миллиондап саналады дейді…

Біздің заңдар көп ретте Ресей заңдарының ізімен қабылданады. Ресей құлаған жерден міндетті түрде біз де сүрініп өтеміз.
Бірақ… Халықаралық шарттар негізінде қамқорсыз балаларын шетелдіктердің асырап алуына беруді заңдастырып, талапқа көнсе де, Ресей кеш те болса, қозғала бастады. Жымия күліп, жетімектерін жетектеп әкетіп, артынан жылатып жүргендер қитығына тиген сыңайлы…

Тағы да Парламенттегі жағдай есімізге түседі. Осы шетелдіктердің бала асырап алуына байланысты заңды шегелей түсетін Халықаралық конвенция ратификациялауға ұсынылған. (2005 жыл болатын.) Сол кездегі депутат Тито Сыздықов: «Қолымды шауып тастаймын десе де, Конвенцияны қолдап дауыс бермеймін», – деді. Жалғыз нүктені баса қойып, балалар тағдырына бейқам қараған әріптестеріне ағамыз ашулы еді. Жетімектерді шекара асырғанға түбегейлі қарсы болатын…

Ресей өз азаматтарын қорғау үшін жаңа қадамдарға барып отыр. Құрлықтан әрі біз де құлақ түріп көрейікші. Отанынан опасыздық көріп, жат қолға берілген біздің жетімектер жылап жүрген жоқ па екен?..

Нәзира БАЙЫРБЕК,
n.bairbek@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =