«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеті қазынаның бірі

0 564

Міне, ит жылы да ирек қамшылап келіп қалды. Бабаларымыз итті жеті қазынаның бірі санаған. Сондықтан халқымыз үшін иттің алар орны бөлек. Ит адамға дос, серік, қамқор деп білеміз. Орта ғасырда өмір сүрген итальяндық жиһанкез Марко Поло далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері жайында тамсанып жазған. Расында, аталарымыз құс салып, ит жүгірткен. Академик А.Слудский 1930 жылдардың соңына таман қазақ даласында шамамен 4 мыңнан астам тазы болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстағанын айтады. Жалпы, қазір қазақы төбеттер мен тазылардың таза тұқымы қалды ма деп ойладық. Осы мақсатпен еліміздегі ұлттық аңшылық саясатын жүйелі жүргізіп отырған «Қансонар» республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов ағамызбен әңгімелесіп, көп жайға көзіміз жетіп қайтты.

Биыл аталған қауымдастыққа бес жыл толып отыр. Осы қысқа мерзім ішінде мекеме біраз шаруаның басын қайырған. Соның ішінде таза тұқымды төбеттер мен тазыларға қатысты бірталай жұмыс атқарылған. Айталық, қауымдастық осыдан екі жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен қазақы төбеттің стандартын бекіткен. Оған иттің барлық өлшемі кіреді. Енді ол мемлекеттік қорғауға алынды. Ал тазылардың стандарты мана сөз басында келтірген отандық академик А.Слудский 1958 жылы Кеңес Одағы кезінде бекіткен. Ол 40 шақты тазыға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақтың таза өзінікі екендігін ғылыми түрде дәлелдеген.
«Біз аңшылық туралы заңда таза тұқымды иттерді көтеруді қолға алдық. Әсіресе, бұған дейін қазақы төбет сырт қалып келді. Былтыр 6-7 өңірге экспедиция ұйымдастырдық. Сол жерлердегі 600 төбетке жаңа стандартқа сәйкес зерттеу жүргіздік. Соның ішінде 60 төбет қана таза тұқымды болып шықты. Қалғандары – будандасқан. Қазақы төбеттің тұрқы ірі, жүнді болады. Басы қазандай. Салмағы 100 кг-нан артық. Қасқыр бұлардың үрген дауысын естісе, жоламайды. Бұрын аталарымыз төбетті күшік кезінен асырап, оған ас құятын итаяққа қасқырдың терісін қаптап қойған. Тамақ ішкенде қасқырдың иісі сіңе береді. Былтыр иттердің көрмесін өткіздік. Соған қасқырды тірідей әкеліп, торға қамадық. Сонда оған көп төбет ит жолай алмады. Ал нағыз төбеттер қорықпай жетіп барды. Бұл да зерттеу­дің бір түрі. Қазір Серікбай Дәукеев деген қайраткер азамат баласы екеуі қазақы төбет өсіруге елеулі еңбек сіңіріп жүр. Бірақ оған мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Мұның бәрі жеке азаматтардың арқасында жүзеге асуда» деді Оралбай аға.
Бала күнімде ауылдағы Егінбай әкемнің жүйрік тазысы болды. Өзі текті ит еді. Тұрқы қандай! Қарасаңыз көз тоймайды. Талғампаз адам секілді тамақты талғап ішеді. Аштығын білдірмейді. Қалай қара жерге қар жауады, тазының айы оңынан туады. Егінбай шалдың да аңшылықтан қанжығасы бос қайтпайды. Көзге шалынған түлкі, қарсақ, қояндардың адымын аштырмайды. Міне, сондай тазыларға сүйсінесіз. Жалпы, тазылардың тарихы да қызық. Көптеген зерттеушілер оны қазақ даласында пайда болуын ислам дінімен байланыстырады. Бір деректерде арабтармен келген дейді. Қазақтар оны жарғақ құлақ және шашақ құлақ тазы деп екіге бөлген. Ал тұқымына қарап құмай тазы, құны тазы, дүрегей тазы, қайың қаптал тазы деп айтқан. Соңғысы қасқыр алатын тазы екен. Сондай-ақ, біздегі тазылар таралу аймағына қарай жем бойы немесе атыраулық тазы, Сібір тазысы, Түркістан тазысы, Самарқан тазысы деген атауларға ие. Самарқан тазысы аласа бойлы, сүйкімді сұлу болып келсе, атыраулық тазылар шашақ құлақ, табан жүнділігімен ерекшеленген. Сібір тазылары сүйір табан, күші көп болады. Түркістан тазысы – оңтүстік өңірге кеңінен тараған тұқым. Аймақтық ерекшелікке де байланысты тазылар тау және далалық атанған.


Дала тазысының кеудесі мен бөксесінің биіктігі бірдей, өте жылдам, сүйегі жеңіл, нәзік болғандықтан, қазақтар оны ши тазы деп атайды. Ал тау тазысы бөксе жағы биік, аяғы сіңірлі, мойны жуан болады. Бұлар қасқыр аулауға бейім. Оралбай Әбдікәрімовтің айтуынша, бүгінде еліміздегі таза тұқымды тазылардың саны 500-ге жуықтайды екен.
«Қазір біз қазақы төбеттер мен тазыларды бір-бірімен шағыстырып, таза тұқым алуды қолға алдық. Содан кейін асыл тұқымды жылқылар секілді иттің шежіресін жазып қоямыз. Қазір тазыны бастадық. Барлық құжаттарды әзірледік. Бұл – үлкен жұмыс. Бұған мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Жақында қауымдас­тықтың жиыны өтті. Сонда қазақы иттердің генетикалық молекуласы арқылы ғылыми түрде дәлелдеу мәселесі көтерілді. Мәселен, түрікмендердің ақалтекелері мен алабайларын бар әлем біледі. Біз де халықаралық деңгейге шығуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін тың ғылыми ізденістер қажет. Мысалы, біздің ғалымдардың төбет пен тазыны зерттеу ұсыныстарын ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдамады. Мемлекеттік грантқа да ілікпеді. Бейнелеп айтқанда, бұл – біздің бренд қой» деді қауымдастық төрағасы.
Итті бағып-қағу да оңай емес. Қа­жырлы еңбек пен бапты талап етеді. Қазір Астана, Көкшетау, Семей, Павлодар, Ақтөбе және Атырауда төбет пен тазыны баптап ұстайтындар көбейген. Жыл сайын елімізде иттердің көрмесі ұйымдастырылады. Қысқасы, қазақы төбет пен тазылар баяғыдай қора жағалап емес, әлемді аралайтын кезеңге келе жатыр. Ендеше, есік қағып кірген ит жылы ит басына іркіт төгілген заман болсын!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды