«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеті гүлзар жайқалады

0 244

Биыл елорда жасыл желекке айналғалы тұр. Астана әкімдігі елорданың 20 жылдығына орай қала аумағын жаппай көгалдандырып, тұрғындарға ыңғайлы кеңістік пен отбасылық демалыс орнын жасауға екпін беріп отыр.

«Қаланың оң жағалауын саябақ пен гүлзарларға айналдыру біз үшін өте ма­ңыз­ды. Ескі сүрілген үйлердің аймағын біз коммерция­лық нысандарға бермес­тен бұрын, тұрғындардың өтініші бойынша ол жерлерге балалар мен үлкендерге арналған спорт алаңы бар гүлзарлар мен желекжолдар саламыз. Осы жылы оң жағалауда 13 гүлзар, келесі жылы 5 гүлзар жайқалып тұрмақ. Ботаникалық бақ пен Линейный саябағы, «Арай» саябағын қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға таяп қалды. Жалпы алғанда, 18 нысанға 85 балалар ойын аттракционы мен 115 спорт жабдығы, 18 футбол, баскетбол, теннис алаңы, 17 км веложол, 30 субұрқақ кешені, 12 км жүгіру жолы, 2 скейт-алаң салынады. Осының бәрі қалалық ортаның сапасын жақсартатынына сенімдімін» деп атап өтті Әсет Исекешев жұмыс бабымен қала аумағын аралау барысында. Астана әкімі жауапты тұлғаларға 2018 жылдың 1 шілдесіне де­йін 7 саябақ пен гүлзардың құрылысын аяқтауды, ал жыл соңына дейін 6-уын, 2019 жылы 5 гүлзар мен бульвардың құрылысына кірісу керектігін тапсырды. Осы айтылған саябақтар мен гүлзардың бәріне 120 гектар жер бөлінді.

«Чемодан саябағы»

Биыл және келесі жылы елордада салынатын әрбір саябақ пен бульварлар белгілі бір стильмен өрнектеліп, арнайы тақырыпқа сай безендіріледі. Елорданың мерейтойы қарсаңында Біржан сал көшесіндегі №5 үйдің маңайына салынып жатқан гүлзардың құрылысы аяқталады. Құрылыс барысында гүлзарға «Чемодан саябағы» деген атау берілді, себебі оның аумағы теміржол вокзалынан алыс емес және шағын сәулеттік формасы чемодан үлгісінде салынуда. Автордың ойынша, мұнда балалар теміржолы пайда болмақ. Сол себепті құрылысшылар шо­йын жол төсей бастады. Тағы бір гүлзар Пушкин көшесінде №15 Б үйінің маңайында салынып жатыр, оны «Қытай қорғаны» деп атайды. Мұнда балалар алаңы мен спорт жабдықтары орнатылады. Жергілікті тұрғындар аталмыш гүлзарда ұлттық асық ату ойынын да ұйымдас­тыра алады.

«Ғарышкерлер гүлзары»

Тағы бір демалыс орны Республика мен Дүкенұлы даңғылының қиылысында салынып, «Астрономдар мен ғарышкерлер гүлзары» деген атауға ие болады. Мұнда скейтдром, қоғамдық тамақтану орны, Эймс – үшжақты оптикалық иллюзиядан жасалған қисық айналар бөлмесі орналасады. Гүлзарда төбешік сырғанақтар мен балалар алаңқайы да ұмыт қалмайды. 2018 жылдың соңына дейін Майлин көшесіндегі №9 үйдің жанында тағы бір гүл бағы бой көтереді. Оның аумағына футбол, баскетбол, балалар ойын алаңы, спорттық жабдықтар және асық ойнайтын орындар салынады. Сарыарқа даңғылындағы №27 үй ауданында тастардан жасалған гүл бағы пайда болады. Саябақтың ішінде тастар өте көп, сырттай қарағанда жапондық тас саябағын еске салады. Бұдан басқа, гүлзарда сауда павильондары, балалар ойын алаңы, спорт жабдықтары да қарастырылады. Осы аудандағы №23 үйдің маңайына математикалық гүлбақ пайда болады. Жоба бойынша мұнда шахмат бұрышы, шешімін таппаған аллея, «синусоид тақтасы», балалар ойын алаңы, спорт жабдығы, велосипедшілер тұрағы қарастырылды.

Әдебиет бульвары

Абай даңғылында, Сембинов көшесінен «Егемен Қазақстан» газеті» көшесіне дейін салынатын бульварға «Театр» деген атау беріліп, ол жерге амфитеатр салынады. Абай даңғылы бойынша Күлтөбе көшесі учаскесінен Сембинов көшесіне дейін, «Егемен Қазақстан» газеті» және Бейсекбаев көшелері аралығында Әдебиет бульвары пайда болады. Бұл бульвардың сырттай көрінісі кітап сияқты болады, оның аумағына кітап сөрелері мен оқырмандар үшін орындықтар қойылады. Бульварда ойын алаңқайлары мен спорт жабдықтары да орналастырылады.
2019 жылы Астанада тағы 4 гүлзар мен бір бульвар ашылады. Оның бәрі де Молдағұлова көшесінде пайда болады. Жобаның авторы шағын архитектуралық форманы жануарлар мен өсімдіктер түрінде орналастырып шығады. Қалған гүлзарлар Жеңіс даңғылы, Есенберлин, Желтоқсан көшелерінде жасалады. Жеңіс даңғылы мен Жангелдин көшесінің қиылысынан да жаңа гүлзар салынады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды