ЖЕРЛЕСІМІЗ – «ЖАС ҚАНАТ» ЖЕҢІМПАЗЫ

0 120

ERA_6738

Бұрнағы күні «Жас қанат» жас орындаушылар байқауының нағыз тартысты, соңғы кезеңі өтті. Үш күнге созылған дүбірлі додада еліміздің барлық аймақтарынан келген 15 пен 30 жас аралығындағы өнерпаздар өз қабілеттерін үлкен сахнада сынады. Алғашқы күні үміткерлер орындаған әндер олардың шеберліктерін айшықтап, Бейбітшілік және келісім сарайын әуелеген әсем әуенге бөледі.

Сайыстың екінші күні  жеңіске деген құлшыныс қатысушылардың жігерін жанып, конкурстың көрігін одан сайын қыздыра түсті. Жарыстың соңғы күні көрермен көзайымына айналған жас өнерпаздар тартысының жөні тіптен бөлек!

Ол күні қазыларға бас жүлдені сарапқа салуға іріктеліп алынған 6 үміткердің ішінен  ең үздік өнерпаздарды таңдау оңайға соқпады. Бәрі бірінен бірі өткен мықты. Дауыс ырғақтары тамаша. Сахнада өздерін ұстау мәнерлерінде де мін жоқ. Бірақ, сайыстың аты – сайыс! Жанкүйерлердің шыдамын сарқып, қазылар алқасын да қинаған соңғы сын аяқталды.  Сонымен, уайым, қорқыныш, қобалжудың барлығы артта қалып, барлық сыннан сүрінбей өткен үздік үштік анықталды. Атап айтқанда, «Алтын қанатты» астаналық Эльдар Омаров иеленді.  Арнайы музыкалық білімі болмаса да, талантты жас өзгелерден оқ бойы озып шықты. «Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, бұл жеңіс мен үшін күтпеген сый болды. Мен бақыттымын! Мені қолдаған туған-туыстарым мен достарыма алғысымды білдіремін! «Жас қанат» байқауы – мені үлкен өнерге апаратын жол. Болашақта міндетті түрде оқуға түсіп, білім аламын. Өз ісімнің майталманы болатыныма кәміл сенемін» дейді ол.

Қазылар алқасының мүшесі Бақыт Шадаева болса, «Маған Эльдар алғашқы күннен бастап ұнады. Оның дауысы таза әрі сахнада өзін жақсы ұстайды. Менің ойымша, нағыз эстрада әншісі осындай болуы керек» деп ағынан жарылды.

Эльдар Омаровтың негізгі мамандығы – қаржыгер. Өміріне өнерді серік еткен ол Астана қаласындағы мейрамханалардың бірінде ән салады. Ал,  «Күміс қанатты» Оралдан келген  Нұрсұлтан Қарабалин, «Қола қанатты» астаналық Бағдат Батыржан алды. Үш жеңімпаздың да қуаныштарында шек жоқ. Алға қойған мақсаттарына жетіп, армандарының орындалғанына разы.

Байқауға қатысқан өзге де өнерпаздар ескерусіз қалған жоқ. «Жас қанат» байқауы демеушілерінің атынан оларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.  Сондай-ақ, Астана қаласы әкімінің мың доллар көлеміндегі сыйақысын Ақтөбеден келген Данияр Жәутіков пен Айқын Мағауияұлы, талдықорғандық «Хан Тәңірі» дуэті өзара бөлісті.

IMG_2142

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =