Жерден де, көктен де оқ жауды

0 13

Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт теміржолшы Жүнісбек Кәрімов ақсақалмен биыл Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында тағы да кездесіп, хал-жағдайын білдік.Осыдан төрт жыл бұрын елордадағы өз үйінде жұбайымен бірге сұхбат алып, естеліктерімен бөліскен қарияның бүгінде 94 жасқа толса да, тың екенін көріп қуанып қалдық. Былтыр жыл басында жұбайынан айырылып, жаны жабырқап, жалғызсырап қалған еді. Қариялардың қос ұлы болған, екеуі де ерте өмірден өтіп, немерелері бөтен болып кеткен екен. Бүгінде қария тумаса да, туғандай болған балаларынан тараған немерелерінің қарауында.
Соғыстан бас-аяғы 7 жылда оралған 25 жастағы Жүнісбек болашақ жары небәрі 15 жастағы Ғапурамен отау құрып, екеуі 67 жыл бірге өмір сүріпті. Қан майданға 18 жасында аттанғанда, бұған де­йін бірнеше баласы шетінеп барып көрген жалғыз тұяғы Жүнісбегін енді көремін бе, жоқ па деп құса болған әкесі үш айда күйігі ішіне түсіп, көз жұмыпты. Жалғыз ұлы қан майданнан жеті жылдан соң елге оралып, отбасылы, балалы-шағалы болып, теміржолда абыройлы қызмет етерін қайран әкесі білмеді…
Ғасырға жуық өмір сүріп отыр­ған Жүнісбек ақсақал 1926 жылы Ақмола облысының Қажымұқан ауылында дүниеге келген. Соғысқа шақырылған соң үш ай бойы Алматыда дайындықтан өтіпті. Жауынгерді 348-жаяу әскер дивизиясына жіберді. Майдандағы алғашқы күні ардагердің жадында өшпес із қалдырды. Жерден де, көктен де оқ жауған қанды қырғыннан аман қалғанына өзі де сенбепті. «Әрі қарай етіміз үйреніп кетті, селт етпейтін болдық» дейді.
– Соғыс аяқталуға жақындап, Жеңіс күніне бір күн қалғанда басымнан жарақат алдым. Оқ каскама тиіп, каска ұшып кетті. Басымнан қан судай ақты. Сөйтіп 7 күн бойы дала госпиталінде жаттым. Көзім көрмей қала ма деп қорықтым. Бірақ біртіндеп жанарым қалпына келе бастады, – деп еске алады ақсақал қиын кездерді.
Соғыс біткен соң Берлиннен Белоруссияға үш ай жаяу жүріп келген сарбаздар қатарында болған Жүнісбек Кәрімов елге бірден оралмады. Авиациялық училищені тәмамдап, тағы 4 жылдай әскери салада еңбек еткен. Туған жерге елуінші жылдардың басында ғана оралып, авиация саласында алған білімінің арқасында теміржолда белгі беру және байланыс шаруашылығында білікті маманға айналады. Сөйтіп 1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін радиобайланыс бойынша электр механигі, телім бастығы қызметтерін атқарады. Тіпті оның салаға ауадай қажет маман екендігі сондай, зейнеткерлікке үш рет шығып, екеуінде басшылық қайта шақырып отырған. Балалық шағы ашаршылық нәубетімен, бозбала кезеңі соғыспен сәйкес келген қарияның бүкіл ғұмыры сынақтар мен қиындықтардан тұрғанына қарамастан, қажыры мен қайратының күштілігі сондай, тоқсаннан асса да әлі де тың, сөзі ширақ, ойы анық. Тек өмірлік серігінің өзінен кіші бола тұра көз алдында кеткені қарияның көңілін құлазытады.
– Бәрі де Алланың сынағы ғой. Осылай жазған екен. Пешенемізге жазылған ғұмырды тынысымыз біткенше адал және абыройлы сүріп шықсақ болды. Өз басым ешкімнің алдына қол жайып бармадым, таза еңбегім мен білімімнің арқасында ауыр сынақтардан аман өтіппін. Ендігі өмірім де бір Аллаға аманат. Бастысы, еліміз тыныш, заманымыз бейбіт болсын. Жаратқан қазағымның маңдайына елдің қамын жейтін азаматтарды көп етсін! – деп аталық тілегін айтты майдангер.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды