Жерасты жолындағы күнкөріс

0 133

Қаламызда жерасты жолдары аса көп емес. «Шапағат» коммуналды базары мен «Әлем» базары арасын қосатын, Кенесары көшесінен Конгресс-Холға өтетін, Республика даңғылындағы және «Хан Шатыр» алдындағы жерасты жолдары бар. Көбіміз күнделікті өтіп жүрген өткелдер болған соң оның қолайлылығы мен қауіпсіздігі қандай деңгейінде екендігін білмек болып жолға шықтық.

Соңғы жылдары ашылған «Хан Шатыр» алдындағы жерасты жолы – ең қолайлы өткел деп айтуға болады. Халық­тың ең көп баратын әрі қала қонақ­тарының да бас тіреп келетін жері. Жер­асты жолынан мін таппадық. Дегенмен, алдағы уақытта оны бас қаламыздың келбеті мен астаналықтардың да тыныс-тірлігін білдіретіндей көркем безендіруге мән берген жөн сияқты. Бұл жерде турис­терге арналған ақпараттық нысандар орнатылса да артық емес.
Жерасты жолдарының бәрі жайлы әрі қауіпсіз емес деуге болады. Тар пішілген Республика даңғылының басындағы және Кенесары көшесіндегі жерасты жолдары осы санатқа кіреді. Одан өту үшін көлбейлеп емес, құлдилап түсетініңіз аздай, сатыларының ені тар себепті, қиғаштап адымдамасаңыз, сырғанап ке­туіңіз әбден мүмкін.
Ал Конгресс-Холл түбіндегі жерасты өткелінің тазалығында еш мін жоқ, күндіз-түні шамдары жанып, жарқырап тұрады. Бұл жер көше мәдениетінің белсенді өкілдері – жастарға да ұнайтын сияқты. Мұнда әуесқой өнерпаздардың гитара тартып, сазды аспаптарда ойнап, өздерін де, өнерін де көрсетіп тұрғанын жиі байқаймыз.
Үлкен концерт соңғы кездері жер ас­тында емес, Конгресс-Холдың ала­ңын­­­­да өтіп жүр. Астана қаласы Мем­лекеттік академиялық филармониясы музы­канттарының ашық аспан астында өнер көрсетіп, халық алдына шығуы құптарлық бастама шығар. Бірақ, әдемі әуенді ағылып жатқан көліктердің шуы тұншықтырған концертте не мән бар?! Академиялық әртістердің өнерін тым қораш етіп, жерас­ты жолдарындағы көше музыканттарымен теңестіргендей әсер қалдырады екен. Одан қалды, өнердің бәсін тым төмендетіп жіберген жоқпыз ба?!
Дегенмен, өнерпаздардың дені «Шапа­ғат» базарының жерасты жолында екен. Осында Сәдуақас, Дима есімді ба­ян­­­шы жігіттерді кездестірдік. Олар күніне бір мыңнан бес мың аралығында табыс та­уып тұратынын жа­сыр­мады. Тіпті, өнер­­­паз­­­дардың жанына үйі­ріліп, «қазақтың бір әнін айтшы» деп өтініш айтатындар да жоқ емес. Ондайда Сәдуақас гармонын аңыратып жіберіп, қазақтың ән­де­рі­­не басады. Ал, орыс классиктерін тың­­­­­­­­дағыңыз келсе, Ди­­ма гармонын қолға алады. Ол – әуесқой әнші. Музыкалық білімі жоқ. Жас өреннің жол бойында ән салып нан тапқысы келсе, ол да өз таңдауы деп әрі қарай жылжыдық.
Осы жолдың өтке­лін­­де өріктің сүйегін үйі­ріп отырған «құ­малақ­­шыларды» да, қазақтың ұлттық киімін киіп алып, домбырасын құшақтаған «әртіс әйелді» де кез­дестірдік.

Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт «ұлттық киімді киіп алып, қол жаятындай не басына күн туды?» дегендей қабақ танытатын сыңайлы. Мен де солай ойладым. Алайда айтысып абырой таппасымды біліп, жердің бетіне жетуге асықтым.
Байқағанымыз, жерасты жолында да күн көріп жүргендер жетерлік екен. Кейбіреудің өмір сүру үрдісі солай қалыптасқандықтан, оны жоққа шығара алмайсыз. Күтімі кем «Шапағаттың» жерас­ты жолының қос жақтауын қаптап, шамын жағып жарқыратып қойса, бұл көріністер көзімізге ерсі көрініп, ал өткелден өту көбімізге қорқынышты болмас еді…

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =