Жер заңнамасы жетілдірілді

0 7

Кеше Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, жер заңнамасына енгізілетін түзетулерді мақұлдады. Осылайша, заң жобасы елімізде шетелдіктерге жер сату мен жалға беру туралы дау-дамайға нүкте қояды.Ауыл шаруашылығы минис­трі Сапархан Омаров түсіндіргендей, заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ тұлғаларға, халықаралық үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалға беруге толық тыйым салуды қарастырылған. Бұған дейін шетелдіктерге, шетелдік компанияларға жалға берілген ауыл шаруашылығы жерлерінің мерзімі ұзартылмайды. Ал қандастар жеке иелігіне, бау-бақша егуге жер телімін алуға құқылы, бірақ ауыл шаруашылығы жерлерін тек азаматтық алған соң рәсімдейді.
Қазір елімізде ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ұсынуға 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий жарияланды. Министр қазіргі кезде еліміздегі 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері 7 бірлескен кәсіп­орынға жалға берілгенін жеткізді. Бұған қоса, екі шетелдік заңды тұлға 18,5 мың гектар жерді жалға алған. «Бұл жерлер мораторий енгізілгенге дейін берілген, ал жалға беру мерзімі 2022 жылдан 2025 жыл аралығында аяқталады. Мерзім біткенде, бұл жерлердің бәрі мемлекетке қайтарылады» деп түсіндірді С.Омаров.
Депутаттар заң қабылданған соң, агроөнеркәсіптік кешенге шетелдік компания­лардан инвестиция тарту жұмысы туралы сұрақ қойды. Сапархан Омаров бұл мәселе алдын ала ойластырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, шетелдік инвесторлар негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция «құяды». Яғни, қайта өңдейтін кәсіпорындар ашуға ғана мүдделі деген сөз. Министр бұл мақсатта жерлер еркін экономикалық аймақ шеңберінде жалға берілетінін айтты. Талап бойынша, қайта өңдеуші кәсіпорындар отандық тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз етеді. Бұған министр Алматы облысындағы ет өңдеу зауытын мысалға келтірді.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин агроөнеркәсіптік секторға инвес­тиция тарту, сол салада жұмыс істейтін адамдарға қаржының қолжетімділігін қамтамасыз ететін қосымша тетіктер туралы сауал қойды. Құзыр­лы ведомство басшысы алдағы уақытта АӨК-ді дамыту жоспарының жасалғанын, сол құжатта қаржыландыру мәселесіне басымдық берілгенін айтып, сендірді. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, Мәжілістің құзіретті комитетінің қарауына жіберілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 8 =