ЖЕР ТҰТАСТЫҒЫ, ЕЛ БҮТІНДІГІНЕ ӨЗІМІЗ ЖАУАПТЫМЫЗ

0 537

Менде кестелеп тоқылған әдемі «айна қалта» бар. Жиегін шашақтап, моншақпен көмкеріп, көздің жауын алатындай етіп жасалған қалтаны лақайдың бір ісмері тоқыпты. Егер осы қалта болмаса жер бетінде ондай ұлттың барын және олардың тілі қазақ тіліне өте жақын әрі түр келбеті де ұқсас келетінін білмес пе едім?!

Жалпы, жер бетінде қанша халық, ұлт пен ұлыс бар? Жер бетінде үш мыңнан астам ұлт бар екен. «Ұлт» деп – өзіндік салт-дәстүрі, ортақ тілі мен мәдениеті қалыптасқан, белгілі бір аймаққа қоныстанған адамдар тобын айтады. Оның да санына жеткендер бар екен. Саны жағынан ең көп халық – қытайлар. Жалпы саны – 1,2 млрд. Тағы бір үлкен халық – үнділер, саны 219 млн адамға жетіп жығылады. Олардың өзі сан алуан тілде сөйлейді екен.

ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне қарағанда, сан жағынан ең аз халық –питкэрндер. Питкэрн аралдарын мекендейтін осынау ұлттың ұзын саны бар болғаны 60 адам ғана екен. Латвияда 150-ге тарта ливалар тұрады. Ресейде 180-нен астам ұлт бар. Ең көп ұлтты мемлекеттердің бірі саналатын мемлекет – АҚШ. Нью-Йорктің өзінде 177 ұлттың өкілдері тұрады.

Ал, елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстарды жөнінде не білеміз? Шынын айту керек, онша көп емес, аз деп айтуға да келмейді. Бірақ, әрқайсымыздың жақсы танысымыз бар. Ол неміс, ол – ұйғыр, шор немесе өзбек болуы мүмкін. Ұлтына мән бермейсіз, ең бастысы – жақсы адам. Демек, біздің ұлт тануымыздағы жақсы адам біздің көршіміз, туысымыз, құдамыздың досы, тағы басқа болып кете береді.

Жалқыға қарап, жалпыны, яғни, шыққан тегін – ұлтын бағалаймыз. Расында да. Бұл – жақсы қасиет, өйткені бәріміз бір Жер шарының тұрғынымыз. Одан бөлек өз ұлтымыздың өкіліміз. Өз ұлтымыздың, шыққан тегіміз мен өскен ортамыз, «алтын ұямыздың» атына кір келтірмей, азамат атымызды биік алып жүру үшін осыны ұққанымыз жөн.

Біз – өз топырағымызда, ата мекенімізде бірнеше ғасырлардан бері жасап келе жатқан, болашағы Мәңгіліктің төріне қонақтаған жасампаз халық – қазақтың ұрпағымыз.

Жердің тұтастығы, елдің бірлігі мен берекесі алдымен, мына бізге байланысты. Өзге бауырлардың алаңсыз өміріне де біз жауаптымыз. Өйткені, біз – мемлекет құрушы ұлтпыз!..

 Айгүл Уайсова

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + one =