ЖЕР ТЕЛІМДЕРІН ҚАЙТАРУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

0 208

full

Кеше «Бәйтерек» медиаорталығының мәжіліс залында Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының басшысы Серік Оспанов, Қалалық жылжымайтын мүлік қорының директоры Мирас Шекенов, қала әкімдігі аппаратының бөлім басшысы Дәуліт Досқұлов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Басқосуда елордадағы мемлекеттік қажеттіліктерге арналған жер телімдерін алу жағдайлары түсіндірілді.

Астана әкімдігі қала құрылысы мен Бас жоспарды дамыту мақсатында мемлекеттік қажеттілікке арналған жер телімдерін алу жөніндегі шараларды жүзеге асыруда. Олардың басым бөлігін бақша учаскелері құрайды. Жиында әкімдік өкілдері жер телімдерін алу процедуралары мен жер телімі иелерінің құқылары туралы айтып берді.

«Алынатын жер телімдерін бағалау бойынша конкурс өткізіледі. Бағалауды әкімдік емес, осы қызметпен айналысуға барлық қажетті лицензиясы бар тәуелсіз бағалау компаниясы жүргізеді. Бағалау меншік иесін хабардар етіп, қолға алынады, содан кейін меншік иесі қойылған бағамен танысады. Ол аталған сомамен келіссе, келісімдердің бәрі мәслихат комиссиясына жолданады, жергілікті уәкілетті органмен қаралады. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңда да осылай жазылған. Тек содан кейін ғана сатып алу және қажетті өтемақыларды төлеу процедуралары жүргізіледі. Меншік иелерінің 80 пайыздан астамы ғана келісіп, енді ешқандай сот әрекеттерінсіз өз өтемақыларын алады» деді Қалалық жылжымайтын мүлік қорының директоры Мирас Шекенов. Оның айтуынша, кейбір адамдар осы шартпен келіспей, сотқа жүгінуде. Бұл ретте, кейбір меншік иелері жер телімін тұрақты өмір сүруге пайдаланып отырғандарын алға тартып, мемлекеттен тұрмысқа жайлы тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй құнына пара-пар өтемақы талап етуде. Олар ұқсас мақсаттағы жерлерден бас тартқан.

Заңға сәйкес, бақша өсірілетін жер телімдеріндегі құрылыс нысаны тұрғын үй болып табылмайды. Өйткені, уақытша салынған және тұрақты тұруға арналған болып саналмайды. Брифингке қатысушылар атап өткендей, қала аума­ғында бақша немесе саяжай құрылысын дамыту қарастырылмаған. Онда орын тепкен барлық бақша алаптары мемлекетке қайтарылу тиіс және сол аумақта болашақта түрлі әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандар (аурухана, балабақша, мектеп), жолтабандар, саябақтар, гүлзарлар және т.б. салу көзделген.

Әкімдік өкілдері мемлекеттік қажет­ті­лік­терге арналған жер телім­де­рін алу барысында заң талаптары сақ­тала­тынын әрі мемлекетке де, жер телім­дерінің иелеріне де тиімді болуы үшін барлық жағдайлар жасалатынын айтты.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + eleven =