ЖЕР КІНДІГІ – ЖИДЕБАЙДА

0 979

Әңгіменің әлқиссасы былай, теріскейдегі елмен рухани жалғастығымызға себепкер болып отырған Қазақстан-Ресей университеті өз ішіндегі Абайтану ғылыми танымдық орталығының ұйтқы болуымен «Ұлылар мекеніне саяхат» атты сауапты шараны қолға алған: елордалық зиялы қауым, яғни, абайтанушы ғалымдар, қаламгерлер, ұстаздар, оқушылар арнайы автобуспен шығысқа жол тартты. Бағыты – Семей, Жидебай, Қарауыл, Шыңғыстау. Мақсаты – Шоқанның ізін басып, Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне зиярат ету, Мұхтар туған топыраққа табан тіреу…

Қарағайлар иіліп қарсы алды

Астанадан шыққан топ мінген автобустың маңдайшасында Абайдың суреті мен «Ұлылар мекеніне саяхат» деген жазу айшығымен көз тартады. Жол бастаушымыз – Абайтану ор­та­лығының директоры Алмахан Мұхамет­қа­лиқызы. Оның есімі жұртшылыққа ақын­дығымен, «Астана ақшамы» газетіндегі «Абай нұры» айдарында жарияланып жүр­ген сүбелі мақалаларымен таныс. Ұзақ жыл­да­рын мұражай қызметіне арнаған Алмахан ха­кімнің шығармаларына, өміріне қатысты тың әңгімелерімен жол қысқартып келеді. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің оқытушысы, абайтанушы Омар Жәлелұлы да көпшіліктің көңілін аулап, ақын шығармаларынан сауалдар тастайды ортаға.

…Әне-міне, Ерейментау артта қалып, Ке­рекудің де қарасы көрінді. Көк шалғынға оранған өлкенің сұлулығы бір төбе. Буырқана аққан асау Ертіс көкірек тұсыңа қуат құйып, серпін сыйлағандай-ақ. Шағын болса да, көркі келіскен шаһарда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ұжы­мы экскурсия мүшелерін қарсы алып, қа­та­рымызға бірнеше ұстазын қосқан-ды. Топ осы өңірдің тарихына үңілгенді жөн санап, Потанин атындағы өлкетану мұражайына да ат басын бұрған. Мұндағы мол жәдігерлер көрушісін қызықтырмай қоймайды. Сонау уақыт қатпарынан сыр шертіп, ғасырлар тереңіне тартады. Тек Кеңес заманының данышпаны Дарвин жасаған адам дамуының сызбасы не үшін тұрғанын түсініңкіремегініміз болмаса…
Шығысқа алып баратын қара жол автобусты жиі-жиі шайқап, сілкіп алатыны бар. Талай жылдан бері жөндеу көрмегені байқалады. «Ұлылар мекені оңай жеткізсін бе» деп, әзілге бұрып қоямыз аймақ басшылығының бұл олқылығын көңілге алғымыз келмей.

Көз мұнартқан қарағайлар күн еңкейген сайын жақындап, Семейдің етегіне де іліккенбіз. Қара жолдың қос қапталындағы көкке ұмтылған алып ағаштар бас иіп, қонақтар пейілін қош көргендей-ақ. Іле-шала өңірдің өнерлі қауымының үні естілді. Осындағы айтыс ақындары мектебінің жетекшісі Дәмеш Омарбаева бастаған күтіп алушылар ә дегеннен саяхатшыларға әннен шашу шашып, әдемі жырларымен сүйсіндірді.

Қорғансыздың үні Күшікбайдан естіледі

Шығыста күн ерте шығады, бірақ, ерте батады. Семейдің сол күнгі тіршілігі басталысымен, біз де Жидебайды бетке алғанбыз. Қатарымыз тағы абайтанушы ғалым, көргені мен түйгені мол ақсақал Төкен Ибрагимовпен толықты. «Жер әңгімешіні» жазған ол жол бойы ұлылар ізінен шежіре тарқатқан. «Мынау Шағыл төбесінен Шоқан Құлжаға әйгілі сапарын бастаған… Осы дөңде ғой, Ақылбайдың «Сұрғылт тұман дым бүркіпті» шарықтататыны. Ал, бұл әнді біреулер Абайдікі деп, жар салып жүр. Шынтуайтында, бұл екі ауыз өлеңнің әнін де, мәтінін де Ақылбай шығарғанын Ахаттың жазбалары растайды» деп бір қайырды Төкен.

Сол Шағыл төсі артта қалып, Арқалық-Күшік­бай асуы қол бұлғайды. Автобус алқынып жетіп, бұлақтың басына аялдады. Қасиетті бұлақ кө­рінеді бұл. Суы қысы-жазы мұз болып қат­пайды, не суымайды, не ысымайды, бір температурада. Бір замандарда бұлақ суынан Құнанбай, Абай, Шәкәрімдер шөлін баспады деу қиын.

Күшікбай жоңғар шапқыншылығында батыр­лығымен көзге түскен, небары жиырма бір жасында, Әуезов айтқандай, «көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлген». Сол батырдың моласы тұрған биікте бүгінде ескерткіш тұрғызылып, көпшіліктің зиярат орнына айналыпты. Бауырынан боран мен ызғар айықпайтын Арқалық тауының осы тұсында ғой Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесінің желісі өрбитін. Ал, ізі осы асуда әлі де сайрап жатыр.

«С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәмелендіріп тұрады». Шығар­маның осылай басталатыны есімізде. Дәл осы асуда Ақан деген болыс ағасы үсіп өлген, шешесі саңырау, әжесі соқыр Ғазиза деген жасөспірім қызды өз қорасында зорлап кетеді. Қорланған қыз боранның айдауымен әкесінің моласына жетіп, зиратты құшақтап жан тәсілім етпей ме. Жас Мұхтар бұл оқиғаны ел аузынан естіп, қаламына арқау қылды. Міне, Ғазизаның да, оның әкесі Жақыптың да зираты тұр, сол қаралы, қорғансыз үйдің орны да байқалады. Қызылдан ескен жел әлгі қорымдардан әлдебір азалы үн шығаратындай ма?.. Көз алдыңа аппақ ары зорлықпен тапталған бейкүнә қыздың түк шарасыз қалпы кішкене төбешікке басын сүйеген күйі елестейді.
Айтпақшы, осы асуда ғой, Абайдың айнымас досы әрі шәкірті Көкбай Жанатайұлының дүние салатыны.

Ералыда екеудің моласы бар

Арқалықты басып, Шыңғыстауды бетке алған саяхатшылар шаң жұтып, тер қысып, Шілікті кезеңіне де табан тіреген. «Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» деп суреттелетін мұнда күллі ғашықтар символы болған Еңлік-Кебек мазары бар. «Көп жасамай, көк орған, Жарасы үлкен жас өлім» деген Абай сөзі құлпытасқа қашалыпты. Жер дауы өршіп тұрған дәуірде матай-тобықтының жігіті мен аруы бірін-бірі сүйіп қалса, қайран қайсы?.. Осылай деп қоя салатын жұрт па?..
Екеуінің мойнына арқан салып,
Екі аттың құйрығына байлап алып,
«Матайлап» ұран салып шауып-шауып,
Өлтіріп бір төбеге қойды апарып.
Тастады бесігімен баласын да,
Обалға өшіккен ел қарасын ба?
Еңлік-Кебек моласы бүгін де бар,
Таймақ пен Ералының арасында, –
деп Шәкәрім жырлағандай, ғашықтардың мойнына қыларқан байламады ма.

Саяхатшылардың көкейінде Еңлік пен Кебек паналаған, кіші Ақшоқыдағы Үңгіртасты, Еңлік пен Кебек жолсыз жазаға кесілген Бидайық төбесін, Бөкенші өзенін көрсек деген ниет бар еді. Алайда, жол қиындығы бұған мұрша бермеді.

Айта кетерлік жайт, 1917 жылы маусымда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы киіз үй сахнасында қойылған Ойқұдық қонысы осы Ералы жазығында.

Жайсаңдар жаны жай тапқан

Жазықты көктей өтіп, Ақшоқыға жол тарттық. Құнанбайдың қыстауы болған Ақшоқы биігі үшеу: шеткі Ақшоқы, үлкен Ақшоқы, кіші Ақшоқы. Жидебайдың бұл сайын даласында да талай тарихтың ізі сайрап жатыр. Алкүрең көдесі, ақселеу, бетегесі самалмен жайқала толқыған бұл беткейді Абай атқа мініп талай кезді-ау, осында «айналасы теп-тегіс, жұмыр» жырларын дүниеге әкеліп, «құлақтан кіріп, бойды алған әсем әндерін» қалықтатты-ай деген ой келеді көкейге, елестейді көз алдыңа.

…Хош, сонымен төтеден жол салған автобус Құнанбай зиратына келіп тоқтады. Әжептәуір үлкен қорымда осы әулеттің есімдері белгілі, белгісіз үрім-бұтағы жерленген. Мәселен, Халиолла Өскенбаев, Кәкітай Ысқақұлы, Әбіш, Мағауия және оның қыздары, Ысқақ, Тәңірберді…
Төкен Ибрагимовтың сөзіне сенсек, Абай да осында жерленуі керек еді… Бұл жөнінде сәл кейінірек.

…Саяхатшылар күн төбеден аумай Жидебайға жетуді көздеп, құран бағышталысымен жолға шыққан. Ат шаптырым аумақты алып жатқан ақшаңқан алып мазар анадайдан көз тартады. Мұнда Абай, Шәкәрім, Оспан, Ахат жерленіпті. Осы төртеуді бауырына басқан кесененің жобасын сызған – сәулетші Бек Ибраев. Еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі ең үлкен кесене көрінеді бұл. Іргетасының ұзындығының өзі екі жүз метрді шамалайды, ені жетпіс метрге жуық. Абайдың туғанына жүз елу жылдық дүбірлі тойы қарсаңында соғылған кешеннің ұзын дәлізінің екі жақ бүйірінде «Ұлылар мекені» атты мұражай мен кітапхананың құрылысы әлі бітпеген.

Ортадағы амфитеатрда Абай, Шәкәрім оқула­рының жыл сайынғы жеңімпаздары жыр оқиды. Осындағы баспалдақтармен бес жарым метр биікке өрлеп барып, ұлылардың басына тәу ете аласыз.

Енді, абайтанушылардың сөзіне құлақ түрелік: «Шынтуайтында, бұл маң о баста Оспанның зираты болған. Құнанбай «кенже бала – қара шаңырақ иесі» деген дәстүрмен Жидебайды Оспанға қалдырыпты. Оспан қайтыс болған соң, осы жердің иесі, қожасы болғандықтан, осында жерленген. Ал, Абай бұдан жүз жиырма шақырымдай қашықтықтағы Балашақпақ жайлауында дүние салған. Құнанбайдың Абайға еншілеп бергені – әлгі өзі жерленген Ақшоқы жазығы, Семейден тұп-тура жетпіс шақырым алыста.

Көнекөз қариялардың әңгімесі былай, Абай дүниеден өткен 1904 жылы 23 шілде аспан айналып жерге түсердей алапат ыстық болыпты. Мәйітті күндіз емес, түнде ғана алып жүріп отыруға мүмкіндік болған. Ақшоқыға әлі екі-үш күндік жол бар, Ақынның денесі уақыт озған сайын бұзылып бара жатқандықтан, Шәкәрім ел-жұртты жинап, осында жерлеуге көндіреді.

Тағы бір көңіл қоярлығы, Шәкәрім мен Абай зираттарының арасы жүз елу метрдей. Бұл туралы жол бастаушымыз Төкен қария мына шындықты қайталаған: «Шәкәрім қажы 1931 жылғы қазанның екісі күні ешқандай соттың үкімінсіз-ақ, осы жерден жүз он шақырым – Шыңғыстаудағы Керегетас деген жерде «халық жауы» деп атылады. Атып қана қоймай, қажының денесін қорлап, Бақанас өзенінің бойынан жиырма шақырымдағы шұңқырға тастаған. Отыз жыл өткеннен кейін, 1961 жылы баласы Ахат сол шұңқырдан әкесінің сүйектерін өз қолымен жинап, денесін құраған. Ақ матамен орап, мұсылман жолымен арулап жуындырып, Құран қатым түсіріп, осы жерге жерлейді. Ол өз естеліктерінде қажының қай сүйегінің ұзындығы қанша болғанына дейін жазады».

Шәкәрімнің сүйегі Абайдан қашығырақта бекер жерленген жоқ. Кеңес өкіметі «халық жауының» Абайдың іргесінде жерленуіне рұқсат бермеген. Себебі, тоталитарлық жүйенің темір тәртіпті заманында «халық жаулары» көпшілік зиратқа жолатылмай, сұрауы, іздеуі жоқтай саяқтау көмілетін.

1984 жылы 84 жасында қайтқан Ахат ақсақал да төсек тартып жатқанда аманат айтып, өзін әкесінің жанына жерлеуді тапсырған көрінеді. Осылайша, алып кесенеде Абай Оспанын, Шәкәрім Ахатын бауырларына алып жатыр.

Ұлылық ұялаған үй

Абайдың Жидебайдағы қыстауы кесенеден алыс емес, қозы көш жерде. Мұнда шетелден жылына он-он бес мыңдай адам келетін көрінеді. Бүгінде мұражай-үйіне айналған ақын тұрған шаңырақ жақындаған сайын қасиеттілігін танытқандай. Кеуде тұсыңды ұрғылап, табалдырықтан қобалжулы күйде аттатады. Кіре берістегі Құнанбай әулетінің шежіресінен бастап, мұндағы әр бұйымнан Абайдың иісі аңқиды. Өйткені, осы үйде хакім 1894 жылдан бастап, соңғы он жыл ғұмырын өткiзген. Осы үйде оның қуанған, қиналған, күрсінген, жұбанған, шаттанған, үміттенген… Барлық ішкі сезімі тұнып тұрғандай. Бұл жерде «Абай тірі. Абай барда қазақ та бар, ол – тірі!» деген ой келеді.

Ұлы ақын 1895 жылы өз жобасымен әдейі салдырған үй ол кезде қазақ даласына әлі келе қоймаған. Кірген кездегі сол жақ бөлмедегі голланд пешіне дейін қаз-қалпында сақталған. Ділдә, Әйгерім, Еркежанның төсек-жабдықтары, сандықтары үш бөлмеде бөлек жиылып тұр. Абайдың 1903 жылы әйелi Еркежан, ұлы Мағауия, немере келiнi Кәмәлия (Ақылбайдың баласы Әубәкiрдiң әйелi), Ақылбайдан туған Пәкизатпен бiрге түскен суреті де бар. Бұл – Абайдың өмірінде түскен екі суретінің бірі.

Данышпанның жұмыс үстелінде Данте Алигьеридiң «Божественная комедия» кiтабы, 1900 жылы шыққан Гогольдiң жинағы, Михаил Лермонтов, Некрасов өлеңдерiнiң толық жинағы, Белинскийдiң 1860 жылы Мәскеуден шыққан «Белинского сочинение» кiтаптары сол қалпында оқырманын күтіп тұр. Тошаладағы Абай шаңырағы тұтынған жез леген, жез құман, күмiс самаурын, ағаш еттабақ, ағаш ет астау, құрт езуге арналған ыдыс, кебеже, қымыз тегене, мүйiз ожау, кебежеаяқ та сол заманның тұрмыс-тiршiлiгiнен қалған жәдiгерлер.

Мұражай ауласынан Абай-Шәкәрім кесенесі анық көрінеді. Ал шыға берiстегі гранитте «Еуразия кеңістігінің кiндiгi» деп қашап жазылған. Яғни, Жидебай – Еуразия даласының дәл ортасы. Мұны ғалымдар да дәлелдеген көрінеді бір кездері. Ендеше, сол Еуразия кіндігіне жету оңай шаруа емес. Жолдың нашарлығын былай қойғанда, ат тоқтатып, ас-су ішетін орын да жоқ. Туризм неге дамымаған деп аспаннан түскендей боламыз ғой. Жүз шақырымдық жол жүйкені жұқартып, қою шаңы тынысыңды қабады. Бір жылдары Жидебайдағы мұражайдың жанында қонақүй салыныпты. Қыруар қаржыға тұрғызылған ғимарат жетімсіреп тұр… Айт­пақшы, екі жүз метрдей жердегі Құнанбай құдығы… Суы талай жылдардан тазаланбаған, не қауғасы жоқ. Шөлдеп, сусап барған саяхатшылар екі құлаштай ғана тереңдіктегі құдықтан тамшы да жұта алмады.

Зере мен Ұлжан зираты

Ұлының үйінен тапқан көкейдегі көп әсерден айыға алмай жатып, тағы бір ағарған мазарды көзіміз шалады. Бұл Абайдың ғана емес, күллі қазақтың анасы болған Зере мен Ұлжанның және Абайдың ағасы Құдайбердінің мазары. Өмір сүрген жылдарына қарап-ақ, бұл арада ең алғаш Құдайбердiнiң зираты орнағанын байқау қиын емес. Осы ретте, ел аузындағы аңыз іспеттес мына әңгімеге зер салсақ, Құдайбердi өмiрден жастай өтіпті. Сонда Зере «Тұңғыш сүйген немерем осы Құдайбердi. Құдайбердiнi менiң көз алдыма, осы жерге жерлеңдер. Басына барып, Құран оқығаныма жақын болады» деп, басына саман кiрпiштен зират орнатқызған ғой. Кейiн Зере әже тоқсан жасқа тақағанда «Мен өлгенде басқа емес, Құдайбердiнiң қасына қоясыңдар» деп аманаттаған екен. «Менiң басыма өткен-кеткеннiң бәрi келiп Құран оқиды. Сол кезде жанымда жатқан Құдайбердiге де Құран бағыштайды. Мiне, сонда Құдайбердi мәңгiлiк өлмейдi» дептi Зере әже. Күллі тобықты «Кәрі әже» атаған Зеренің айтқаны келді.

Жетпіс жеті жасында Ұлжан ана да өмiрден өтедi. Ол кiсi ауырып жатқанда-ақ, «Келiн ене­нiң топырағынан жаралған. Мені Зере енем­нiң қасына қоясыңдар» деген. Осы мазар­дың қасында тағы да екi бейіт тұр. Бiреуi – Құ­нанбайға мешiт-медресе ашқызып, қажының ғана емес, бүкiл ауыл балаларын оқытқан Ғабит­хан молданың зираты. Оның қасында жатқан Шәукенбай – Оспанның, кейiннен Абайдың малшысы болған кісі екен.

Мұхтарды «берген» Бөрілі

Сонадайдан Шыңғыстау қол бұлғайды. Одан беріректе үлкен Орда, кіші Орда. Мұнда әйгілі Шыңғыс хан жорықтарында шатырын тіккен деседі қариялар. «Әне бір тұста Абай мен Әйгерім кездескен» дейді Төкен қарт. Осы Орда тауларын бөліп өтсеңіз, көп ұзамай Қарауыл шақырады. Абай ауданының орталығы бүгінде. Осында аялдап, тынығып алған саяхат­шылардың сапары Бөрілімен жалғасты. Ке­меңгер Мұхаңның кіндік қаны тамған Бөрілі. Бір төбеде жазушының «Қоңыр туған анам, Туған жерім Бөрілі» деген жазуы қашалған тасты көресіз сосын. Оған таяу иек астындағы жерде Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйі бар. 1987 жылдан бері мұражайға айналған бұл шаңырақта Мұхаңның балалық, жастық дәурені өткен, осы үйге атасының айттыруымен алғашқы жары Райханды түсіріп, Мұғамила, Шоқан есімді балаларын сүйген. Мұражайдағы суреттер, құжаттар, қолжазбалар секілді көп құнды бұйымның арасынан қосарланған киіз үйді көріп-ақ, Әуез тұқымының нашар тұрмағанын байқайсың.

Бөрілі жайлы Мұғамиләнiң мынадай естелiгi бар: «Әкем мен шешем айрылысқанда мен төрт жаста едiм. Бөрiлiде сот үкiм шығарып, ұл әкеде, қыз шешеде қалады дедi. Бiрақ әкем сегiз айлық Шоқанды алмай, 4 жастағы менi алып, қалың Қанайдың қарағына тығылып жат­тық. Содан менi Семейге апарып, Кәмилә тәтемнiң тәрбиесiне бердi. Мен өгей шешемнiң тәрбиесiнде болдым». Кейін де қаламгер тілдері орысша шыққан ұл-қыздарын Бөріліге жіберіп, «қазақ тілі курстарынан» өткізсе керек.

Мұхаңның «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тұң­ғыш шы­ғармалары да осы шаңырақта жазыл­ған. Әкесі Омархан мен шешесі Нұржамал, әжесі Дінасыл, ағасы Қасымбектердің бейіті үйдің іргесінде екен. Айта кету керек, Мұхтардың өзі қалап үйленген Мағауияның қызы, Кәмилә да өмірден ертерек озып, ұрпақ қалдырмапты. 1926 жылы онымен заңды түрде айрылысқан ол, Ленинградта оқып жүріп Валентина Николаевнамен көңіл қосады… 

P.S. Жидебайдың жазық даласы, Қарауыл­дың қожыр-қожыр тастары, Ақшоқының ақселеулі, бетегелі жоны, Шыңғыстаудың ел жайлаған етегі бізге мәлім, беймағлұм талай сырды бүгіп жатыр. Көмейдегіні түгел төгіп, көкейдегінің бәрін ақтаруға да болар еді… Оның да реті келер тағы. Әзірге алыптарды туған атыраптың көңілге қондырған осы ғибратын місе тұта тұралық…

Әйтеуір, өлкенің әр қазаққа рух сыйлар киесі мен қасиеті айдан аян екен-ау!..

Асхат РАЙҚҰЛ,
Астана – Семей – Жидебай – Астана

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =