ЖЕР АСТЫНДАҒЫ АСТАНА

0 120

Уақыт де­ген ұғымның қадірін Аста­нада көбірек ұғынасыз. Мұнда күндіз де, түнде де еш тыным жоқ. Қарбалас тіршілік. Астана да, адамдар да бір сәтке де да­мылдамайды.

Ерке Есілдің қос қапталында бой көтерген шаһардың қайнаған тыныс-тіршілігіне қайран қаласың. Қай саланың да қазандығы үздіксіз қайнап жатыр. Сырт келген адам сыр­баз қаланың сыр-сымбатына ғана емес, дамылсыз тірлігіне де тамсанып қайтады. Көзді ашып-жұмғанша бір қадасын қағып үлгеретін құрылыстар, қаптаған көліктен күндіз-түні бір боса­майтын көпірлері мен көшелері, келімді-кетімді кісілері, жаңарған жолдары, жымыңдаған шамдары – бәрі-бәрі бас шаһардың толас­сыз дамуының айғағы.

Бұл – елорданың біз күнде көріп жүрген көрінісі. Ал Астананың жер астындағы тіршілігі де күнделікті қыз-қыз қайнап жататынын білесіз бе? Олардың бірінен ақау шықса бол­ды, Астана адамдарының біразы күнделікті тіршілігінен қағылады. Қалалықтардың қолайлы өмір сүру тетіктерінің кілті – жер астында. Жарық, су, жылу, бай­ланыс желілері… Бұлардың бәрі негізгі тіршілік тетігі емей неме­не? Жер қазу жұмыстары кезінде абайсыздықтан бір су құбыры немесе бір жылу желісі үзіліп кетсінші, қаншама қалалықтың берекесі кетер екен? Жарықсыз, сусыз ешкімнің де отырғысы келмесі анық.

Біздегі мәлімет бойынша, тек «Астана су арнасына» тиесілі су құбырлардың ұзын-ырғасы – 907 шақырымды құрайды екен. Ал кәріздік жүйенікі – 456 км. Күллі су құбыры жер астында. Ал «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның трасса бойынша қызмет көрсетілетін жылу тораптарының жалпы ұзындығы биылғы жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша 549,57 км құраған. Оның ішінде тең жартысына жуығы (268,051 км) жер астын­да орналасқан. Бұған байланыс құралдарының, тіпті теміржол көліктерінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне дәнекер болып отырған жерасты тораптарын қосыңыз. Көз алдыңызға елестетсеңіз, жерасты құбырлары тұтас бір тіршілік әлемі дерсіз.

Жазғы уақытта Астанада жер қазу жұмыстары басталады. Осындай шаруаларды бастамас бұрын оған жауапты мекеме өкілдері кемі үш күн бұрын тиісті мекемелерді жұмыстары жөнінде құлақтандырады. Сөйтіп, сол маңайда қандай да бір жерасты желілері бар-жоқтығын анықтап алып, содан кейін шаруаларына кіріседі. Бірде-бір торапқа немесе құбырға күректің ұшы тимеуі ерекше қадағаланады. Сәл мүлт кетудің өзі қаншама адамға за­лалын тигізетінін ешкім де есінен шығармайды.

Астана қарыштап дамығаны соншалық, электр қуатының өзі кернеуінен асып тасиды. Кешегі шағын шаһарға шақталған желілер кейде дес бермей жа­тады. Елорданың көз ілеспес жылдамдықпен өркендегені сондай, тіпті жерастының өзі тарлық ететіндей. «Жер астын­да коммуникация жүйелері тым көп. Кейде шым-шытырық желілердің тұсынан бір орын тап­пай қиналатынымыз бар» дейді мамандар. Астананың тыныс-тіршілігін тоқтатпауға барын салған олар астаналықтардың өмірін жайлы ету үшін бар амал-тәсілдерді қарастырып бағуда. Ескі құбырларды жағасына ауыстырып, бұрынғы ескі мыс, темірлерді қолданыстан алып тастап, орнына шірімейтін, тоз­байтын материалдан жасалған тораптарды іске қосумен әбігер. Мысалы, «Астана су арнасы» МКК-ның өзі 400 шақырымнан астам су құбырын жаңасына ауыстырып үлгерген. Мұндай жұмыстар әсте тоқтамақ емес.

Ескісінен жаңасы көбейген елорданың күндіз-түні жарығы өшпей, жылуы сөнбей, суы үзілмей тұрсын лайым.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 12 =