ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕН ЖЕТЕУ

0 151

Бүкіл ел болып көптен күткен Алматыдағы бокс кеші Қанат Ислам бастаған қазақ боксшыларының жеңісімен аяқталды. Жақында ғана ашылған «Алматы-Арена» спорт кешенінде көрігі қызған бәсекені тама­шалауға 12 мың көрермен жиналды.

?????????????????????????????

Шаршы алаңға бірінші Жұман Жұмабеков көтерілді. Оның кәсіпқой бокстағы ең алғашқы қарсыласы Беларусь елінен келген Владимир Иванов болды. Төрт раундқа жоспарланған жекпе-жекті жерлесіміз бірден аяқтап тас­тады. Жұманның жуан жұ­дырығына төтеп бере ал­ма­ған Иванов 27 секундта тех­­никалық нокаутпен жеңілді.
Одан кейін Айдар Шәрібаев мексикалық Хуан Окурамен кездесті. Алты раундқа созылған бұл шайқаста отанда­сымыз ұпай айырма­шы­лығы­мен жеңіске жетті. Бұл – Айдардың кәсіпқой бокстағы төртінші жеңісі.
Көпшілік бұл кеште қос Әли­дің жекпе-жегіне куә болды. Қазақстандық Әли Ахмедов әзербайжандық Әли Мамедовті бар болғаны 1 минут 44 секундта сұлатып түсірді. Сөйтіп, біздің Әли қатарынан төртінші жеңісін тойлады.
Аса ауыр салмақта жұды­рық­­тасқан Руслан Мырсатаев зілді соққысымен ағайынның делебесін қоздырды. Ол Ганадан келген Наху Азумиді жойқын жұдырығымен жайпап тастады. Мұнымен Руслан үшінші мәрте жеңді.
Тағы бір ганалық Айсак Ариені Жанқош Тұраров қапа қылды, қақ жарды. Бұл кездесу төрт раундқа созылды. Біздің боксшы қарсыласын екі рет есеңгіретіп, жеңісін еселеді. Бұны қосқанда Жанқоштың жалпы жеңісінің саны – жиырма.
Осы кәсіпқой бокс тойында кеше ғана Риодан оралған Жәнібек Әлімханұлының тұсауы кесілді. Алғашқы қадамын сәтті бастаған ол колумбиялық Мильтон Ну­ньестің бетін қайтарды. Екі рет нокдаунға түскен Нуньес қайта көтерілгенімен, Жәні­бектің төпелеткен соққы­сына төтеп бере алмады.
Содан соң барып басты жекпе-жекке кезек келді. Ұзақ күттірген бұл кездесудің тағдыры да тез шешіле қой­мады. «Қазақ» лақап атымен жасындай жарқырап жүрген Қанат Ислам Ганадан келген Патрик Аллотейден ұпай айырмашылығымен басым түсті. Осал қарсылас емес еке­нін танытқан Аллотей оңай­лықпен алдырмады. Қанатқа көп тер төгуге тура келді. Қалың ел­дің қолдауының ар­қасында қанаттанған қанда­сымыз соңына дейін аянып қалмады. Шайқас 12 раундқа созылды. Ақырында Қанаттың қолы көтерілді.
Осылайша, ол «WBA Fedelatin» белбеуін қорғап, жартылай орта салмақтағы WBO Inter Continental титулын жеңіп алды. Қанат Исламның еншісінде жеңіс жиырма екіге жетті.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =