ЖЕҢIС ЖАЛАУЫ

0 354

ffff

Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев – көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Соғыстың соңғы нүктесі қалай қойылғандығы жөнінде ол өзінің 1978 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жеңіс жалауы» атты естелік кітабында жан-жақты жазғаны белгілі. Жеңіс мерекесіне орай біз «Халық Қаһарманы» атанған қайсар қазақтың сол туындысынан үзінді жариялағанды жөн көрдік.

… Көрген қызығынан бейнеті көп әкем алдыма қабағын қарс жауып, келіп тұрып: «Әй, жалғызым! Сен «үйде шешен – дауға жоқ, үйде батыр – жауға жоқтың» жігіті емес сияқты едің ғой. «Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі!» Тұр орныңнан, ана жеңіс жалауын жолбасшы ет те, жүгір алға! Тек өле көрме, Қошқарбай әулетін жоя көрме!» деп айғайлағандай болды. «Жоқ, әке, өлмеймін. Өмірге өзім де құштармын!» деп әке елесіне жауап қатқандай іштей күбірлеймін…

Есіме қойныма тығулы жеңіс жалауы түсті де, оны алып, ораған қара қағазын каналға қарай лақтырып жібердім. Сонан соң төс қалтамнан сия қарындаш алдым да, жалау шетіне: «674-ші атқыштар полкі, лейтенант Қошқарбаев, қызыл әскер Булатов» деп жаздым. Григорий «мұныңыз не» дегендей маған таңдана қарады.

– Гриша, мұным алда-жалда өліп қалсақ, кейінгі жауынгерлеріміз білсін дегенім ғой, – дедім.

– Мұныңыз дұрыс болды, жолдас лейтенант. Сақтықта қорлық жоқ, – деді Булатов.

– Енді не болса да, канал шетіндегі топырақ үйіндісіне барып жан-жағымызды барлап әрекет жасайық.

Рейхстаг жаққа тағы қарадым. Оқ жаңбырша жауып тұр. «Неғылған таусылмайтын оқ-дәрі?!» деп ойладым іштей. Біз жақтан да аз төпеп жатқан жоқ.

Кенет ту сыртымыздан уралаған дауыс шықты. Сол сәтте арт жағымызға жалт қарадық. Шынында да, қызыл әскерлер шабуылдап келеді екен. Бірақ, рейхстагтан, Тиргартен паркі мен Бранденбург қақпасынан фашистер бұрынғыдан да құтырына, оқты еселей төкті де, біздің жауынгерлер жер бауырлай жатып қалуға мәжбүр болды. «Осы жолы қанша адам мерт болды екен» дедім мен өзіме-өзім.

Енді «Гиммлер үйінің» қабаттарынан да, Шпрее өзені мен Мольтке көпірі жағынан да біздің артиллеристер де снарядты үдете ата бастады. Алып гаубицалар мен жан түршіктірерлік «катюшалар» атқылап жатыр. Екі жақтан жіберілген снарядтың бәрі бірдей біздің дәл төбемізге таяп ұшып жатқан сияқты. Рейхстаг тағы да түтін мен шаңнан көрінбей кетті. Сұр жыландардың сұп-сұр ордасы әр жерден жана бастады.

Артиллерия атысы бір сағаттай айнала-төңіректі күңірентіп, жерді солқылдатты. Булатов екеуміз басымызды бірде тұқыртып, бірде үйіндіден сәл шығара қолайлы сәтті күтіп жатырмыз.

Едәуір уақыт өткен соң рейхстаг жақтан бораған оқ сәл саябырлағандай болды. Көк түтін бе, көтерілген шаң ба, алдымыз бұлыңғыр тұман болып кетті. Оның арасынан фашистердің ордасы әрең көрінеді. Осы бір бұлыңғыр кезеңді пайдаланып жүгірсек, жау бізді рейхстагқа жеткенше көрмей қалуы мүмкін еді, сондықтан алға ұмтылуға бел байладық.

– Ал кеттік! – дедім де, орнымнан тұра жүгірдім. Булатов та құстай ұшып, менен оза берді.

– Қарайлама, тарта бер, жүгір! – дедім айғайлап.

Рейхстагтың сатылы табалдырығына аяғым тие бергенде, оң жақ санымнан біреу ұрып қалғандай болды. Григорий бұл жерге менен екі метрдей бұрын жетті-ау деймін. Екеуміз биік тас діңгектің арғы бетіне жабысып тұра қалдық. Дер кезінде бұғып үлгердік, таяу жерден снаряд жарылып, біз тұрған діңгекке жарықшағы сарт ете түсті.

Аман-есен жеттік пе, жетпедік пе дегендей екеуміз бір-бірімізге күле қарай береміз. Бірақ, екеуміздің де көзімізде жас. Денемізде бір түрлі діріл бар. Бұл шамасы толқу, қуаныш сезімі болар.

Діңгектің қалқасында тұрып рейхстагқа қарадық. Алдымен көзге түскені тарс бекітіліп, сырт жағын ағашпен айқыш-ұйқыш шегелеп тастаған үлкен есік, тас бағаналар мен мәрмәр діңгектер, кірпішпен, іші әлденеге толы қаптармен кептеліп, бітеліп тасталған үлкен терезелер.

Жалау қайда? Жеңіс жалауы! Ол менің қолымда тұр еді. Ал, қай жерге тігу керек жалауды? Неғұрлым биігірек жерге бекіте алсақ жарар еді. Әне, үйдің екінші қабатына таяу – астыңғы терезенің бір-екі кірпішін снаряд жұлып түсіріп, кетік болып қалыпты. Әзірге бұған қолайлы жер осы.

Сол тұсқа таяп бардым да:

– Гриша, шық менің иығыма, ана бір терезенің жоғарғы жағындағы кетікті көріп тұрсың ба? Жалауды сол жерге бекіт! – дедім де, ағаш сапқа оралған қызыл матаны Булатовқа ұсындым.

Булатов аласа бойлы, талдырмаш қана жігіт. Шамасы салмағы да онша ауыр болмаса керек. Қабырғаға жабыса тұрған менің иығыма ырғып шықты.

Сәлден соң жерге бір нәрсе дүңк ете түсті.

– О, не болды? – дедім тістене. Тістеніп тұрғаным аяғым ұйып бара жатқан сияқты. Жараланғанымды енді сезіп тұрғандаймын.

– Бір кірпішті түсіріп алдым, – деді Булатов. Сонан соң ол:

– Жалауды ілдім, жолдас лейтенант! – деп жерге қарғып түсті.

Мен шегіне беріп, жоғары қарадым.

– Ура! – дедім сыбырлай сөйлеп. – Жеңіс жалауы – рейхстагта! Булатовтың екі езуі екі құлағында. Балаша мәз болып тұр. Ол – небары 19-ақ жастағы балаң жігіт.

Сол сәтте жел тұрды да, біз тіккен жеңіс жалауын толқындатып, желбірете түсті.

Әлдебір жуан діңгек түбіне отыра кеттік. Екі көзіміз өзіміз тіккен жеңіс жалауында! Ол желмен ойнай желбіреп, біздің жауынгерлерді бейне бір шақырып тұрғандай еді. Біз оны қадап сағатымызға қарағанда уақыт кешкі алты жарым екен.

Біраздан кейін ұйып бара жатқан оң санымды сипап көріп едім, дым білінді.

– Менің аяғыма оқ тисе керек, Гриша. Оң жақ санымнан дым білінеді.

– Пәле, біздің су емес жеріміз жоқ қой, жолдас лейтенант, – деді де пилоткасымен маңдайын сүртіп, күліп жауап берді Булатов. Сонан соң ол оң аяғыма қарап:

– Тоқтай тұрыңызшы, шынында да, қан білінетін сияқты, – деді де Булатов қолма-қол қалтасындағы дәкесі мен йодын алды. – Жараңызды көрсетіңіз, таңып берейін, – деп ыңғайлана бастады.

– Көрсеткені несі, ана беліңдегі қанжарды ал да, галифені сөгіп жібер.

Гриша менің айтқанымды істеді де жараны көріп:

– Тура сан етіңізді бір-екі сантиметрдей тіліп өтіпті. Сүйегі аман сияқты,— деп йод жаға бастады. Ашытып барады. Тек дәкемен мықтап орап тастағаннан кейін барып, ашығаны да, ұйығаны да басыла берді.

Сүйегі аман екенін өзім де жаңа Булатовты иығыма шығарып тұрғанда сезгенмін. Сүйек сау болмаса, әрине, ауру аяқпен дардай жігітті көтеріп тұру оңай болмас еді.

– Өлмесек, жасымыз ұзақ болады, бауырым! – дедім Гришаға әзілдеп.

– Жоқ, жолдас лейтенант! Енді біз өлмейміз. Онсыз да мына үш жүз метр жерден өтіп, рейхстагқа жеткенше екеуміз жүз рет өліп, жүз рет тірілдік емес пе?! Сол да жетеді бізге!

Булатовтың сөзі орынды еді. Енді ойлап қарасам, біз Гриша айтқандай үш жүз метр жерге жеті сағатта (сағат күндізгі 11-ден кешкі 6-ға дейін) жер бауырлай зорға жеткенде сан өліп, сан тірілгеніміз рас-ау! Егер біз «ойымызға ештеңе кіріп шыққан жоқ, өлімнен қорыққанымыз жоқ» десек, оған кім иланар?! Міне, міне, өліп кетеміз-ау, қаңғыған бір снарядтың тобықтай жарықшағы тиеді-ау енді деп әр сәт ойлағанымыз шын ғой. Жаңағы бір сәтте ең соңғы жүз метрдей жерді құйын қуған қаңбақтай домалай жүгіріп өткенде де енді-енді бір оқ қуып жетіп, қадала түсер де, қыршындай өмірді қырқып кетер-ау деген қауіпті ой бір сәт мидан шықты ма екен?! Жоқ, шыққан жоқ! Рейхстагқа жете бере тиді емес пе, бір оқ қара санға. Ал ол жанды жерге де тиюі мүмкін еді ғой. Қайран тірілік, неткен қымбат едің!

– Тірі қалдық ғой, Гриша, тіріміз! Ендеше біз бақытты жандармыз!..

Осыны айтқан кезде сол жағымыздан рейхстагтың тас еденді төсенішін дүрсілдете жүгіріп келе жатқан адамдардың аяқ алысын естідік те, отырған орнымыздан атып тұрып, жуан діңгек түбіне жасырына қалдық. Автоматымызды ыңғайлап, күтіп тұрмыз. Жау болса бізге жақындаған кезде күтпеген жерден оқ боратпақпыз.

Жүгіріп келе жатқандар аң-таң болып тұра қалды. Біреуі:

– Мынау керемет қой! Мынаны қараңдар, жігіттер, біздің шабуыл туымыз!— деп айғайлап жіберді. – Бұл қайдан келген-ей, мына жерге?

Өз адамдарымыз екенін білген соң, біз де тасадан шыға келдік. Дала телефоны сымын шұбата тартып келе жатқан байланысшы мен автоматшыны бір майор бастап жүр екен. Мен әскери атағы жоғары офицерге ақсаңдай барып:

– Рейхстагқа шабуыл жалауын жеткізген лейтенант Қошқарбаев пен қызыл әскер Булатов, – деп баяндадым.

– Қай полктен?

– Біз Плеходановтың полкіненбіз.

– Жарайсыңдар, жігіттер, жарайсыңдар! – деп майор біз тіккен жалауға тағы бір рет қарады. – Мен 756-шы полк командирінің орынбасары майор Соколовскиймын. Рейхстагқа бірінші болып жеңіс жалауын желбіретулеріңмен сендерді құттықтаймын!

– Совет Одағына қызмет етеміз!

Соколовский сол жерде – рейхстагтың негізгі есігінің алдындағы сатыда тұрып өз командирімен телефон арқылы сөйлесті.

– Жолдас бірінші! Мен рейхстаг алдынан сөйлесіп тұрмын! Рейхстагтың сырт жағында ғана аздаған атыс бар. Иә… иә… фашистердің тірі қалғандары жер астына түсіп кеткен болу керек. «Гиммлер үйі» жақ бетінде тыныштық орнады… Иә, иә… Ал мұндағы үлкен жаңалық рейхстагқа бізден бұрын Плеходанов полкінен лейтенант Қошқарбаев пен қызыл әскер Булатов жетіп, қабырғаға шабуыл жалауын қадапты. Иә… Мен оларды сіздің атыңыздан құттықтадым… Иә… Бұл жағында гитлершілердің тіршілік белгісі сезілмейді… Жақсы… жақсы…

Осыдан кейін арада бес минуттей де уақыт өткен жоқ, жан-жағымызды уралаған дауыс кернеп кетті. 756-шы полктің капитаны Неустроев бастаған батальон рейхстагқа келді. Олардың ішінде Сьянов, Кантария мен Егоров та бар екен.

Неустроев батальоны келген бетте рейхстагтың есігін ашты да, ішке қойып кетті. Бірақ, оның бұ жағында ешкім жоқ болып шықты.

Шынын айтайын, мына біз тұрған жерге өзіміздің 674-ші полктің адамдарынан бұрын басқа полк батальонының келгеніне көңіліміз бір түрлі болып қалды да, мен Булатовқа:

– Неғып тұрсың? Жүгір! Біздің полктің жауынгерлерін шақыр! – дедім зекіп, олардың кешіккеніне бейне бір сол кінәлідей.

Сол-ақ екен Булатов етігін шешіп, лақтырып жіберді де, «Гиммлер үйіне» қарай тұра жүгірді.

Көп кешікпей-ақ Давыдов бастаған біздің бірінші батальон мен Логвиненконың екінші батальоны да келді. Сонымен кешкі сағат жеті шамасында рейхстагта үш батальон болды. Үшеуі де біздің 150-ші дивизияның бөлімдері.

Енді осы үш бөлімнің жауынгерлері рейхстагтың астыңғы қабатын аралай бастады. Маған бір бөлмеде біздің батальонмен бірге келген санитар қыздар дәрігерлік көмек көрсетіп, жараны жуып-тазалап, таңып берді.

– Бұл әншейін сызат қана, екі-үш күнде-ақ ауырғаны білінбей кетеді. Бірақ, әзірге жүрмегеніңіз жөн, – десті қыздар.

Мынадай ұлы оқиға болып жатқан кезде жүрмеу қайда?! Сәл ақсаңдай басып, солдаттарға қосылдым. Сосын взводымның жауынгерлерімен бірге бірінші қабаттың бөлмелерін аралап көрдім. Біз тек қараңғы кабинеттерді фонарьдың жарығымен қарап шықтық.

Кеш түсе рейхстагтың жер асты бункерінен фашистік медицина қызметінің генералы қол көтеріп шықты. Ол ұзын бойлы, ашаң жүзді елудің ішіндегі адам екен. Үстіне кигені – китель.

Біздің офицерлердің біреуі, қайсысы екені есімде жоқ, тілмаш арқылы жау генералына рейхстаг бункеріне барып, өз әріптестеріне ендігі қарсылықтың пайдасыз екенін, оқ атпаудың қажеттігін айтып шығуды талап етті. Фашист генералы бұл бұйрықты бұлжытпай орындады. Содан кейін оны біздің 674-ші атқыштар полкінің штабына барлаушы Провоторов айдап алып кетті. Кейіннен Провоторовқа Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Кешкі сағат он шамасында рейхстагқа 756-шы атқыштар полкінің командирі полковник Зинченко келді. Жанында бейтаныс подполковник бар. Ол бәрімізді жақындап келе жатқан жеңіспен құттықтады. Осынау «Жеңіс!» деген қуанышты сөзді біз 30 апрельдің кешінде, соғыстың 1410-шы күнінде, рейхстагтың алдында естідік.

Сонан соң полковник Зинченко өз полкінің батальон командирі Неустроевтың қасына келіп:

– Ту қайда? – деп сұрады.

– Батальон Туы екінші қабатта. Ал, шабуыл жалаушыларының бірнешеуін мына лейтенанттың қадаған жалауының жанына тіктік, – деп Неустроев мені нұсқады.

– Жоқ, мен оны айтып тұрғаным жоқ, – деді полковник. – Менің сұрап тұрғаным – Армияның әскери Советі берген бесінші номерлі Ту.

– Ол полк штабында.

Зинченко қолма-қол полк штабының бастығы майор Казановқа телефон соғып:

– Армияның әскери Советі бізге тапсырған Туды қазір рейхстагқа жеткізуді ұйымдастырыңыз. Ту әкелуге сенімді адамдарды бөліңіз. Тездетіңіздер! – деп бұйырды.

Осы кезде рейхстаг ішінен тасыр-тұсыр атыс естілді. Шамасы, жер астына жасырынған фашистер қайыра шықса керек. Үстіңгі қабатта тығыла қалған гитлершілер де терезе тесіктерінен атқылай бастады.

Біздің сыртта тұрған жауынгерлер рейхстаг ішіне лап қойды. Гранаттардың жарылғаны естілді. Бірақ, бұл атыс онша ұзаққа созылған жоқ. Он-он бес минутте-ақ тыныштық қайта орнады.

Гитлершілер жер астындағы көрлеріне қайра кіріп кетті.

Түнгі сағат он бірге таялған кезде рейхстагтың іші-сыртын уралаған дауыстар жаңғыртып жіберді. Ақсаңдай басып, жұртпен бірге мен де далаға шықтым. Солдаттар бас киімдерін аспанға лақтырып, қуанып жүр екен. Екі көздері рейхстаг үстінде.

– Ура! Жеңіс Туы, Жеңіс Туы!! – деді жігіттер. Мен де рейхстагтың жетпіс бес метрлік күмбезіне мойын соза қарадым. Гитлершілердің сұрғылт ордасының ар жақ бұрышы жанып жатыр еді. Соның сәулесінен болар, сонау күмбез үстінде ал қызыл Ту желбіреп анық көрініп тұр. Иә, бұл Жеңіс Туы еді!

Әлдеқайдан менің жаныма Григорий Булатов келіп дәл құлағымның түбінен айқайлап:

– Ура, жолдас лейтенант! Жеңіс Туы! Ал бұл Тудың кіші інісі – жеңіс жалауын рейхстагқа екеуміз қададық қой. Бұл зор бақыт! – деді.

Мен үн-түнсіз Гришаны құшақтап, бетінен сүйе бердім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 6 =