Жеңіс тылы – Қазақстан

0 96

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарына ең ауыр сын болды. Бұл соғыста 27 миллион адам қаза тапты. Республиканың әрбір 4-ші тұрғыны майданға және өнеркәсіптік жұмысқа тартылды. Олардың көпшілігі туған жеріне қайтпады. Сонымен қатар, соғыс кезіндегі Н.А.Скворцов, Ж.Шаяхметов, Н.Оңдасынов, А.Қазақбаев, т.б. сияқты Қазақстан басшылары, осынау күрделі кезеңде, әскери-мобилизациялық жұмыстарда, республиканың экономикалық және басқа да салаларын басқаруда жоғары ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білді.2020 жылғы 6 қарашада Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қыз­меті туралы жаңа құжаттар» атты онлайн режимінде республикалық дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел Қазақ КСР-інің экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан еліміздің белгілі мемлекет және партия қайраткері Жұмабай ­Шаяхметовтің (1902-1966 жж.) өмірі мен қызметінің негізгі тұстарын талқылауға арналды.
Мәжіліс Жұмабай Шаяхметовті Қазақстан тарихы кеңестік дәуірінің белгілі тұлғасы және мемлекет қайраткері ретіндегі өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін талқылауға арналды. Қатысушылар атап көрсеткендей, Ж.Шаяхметов өмірінің көп бөлігі И.В.Сталин мен Н.С.Хрущевтің әміршіл-әкімшілдік жүйесінің қалыптасуы мен орнығынуына байланысты аса күрделі және қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келді.
Дөңгелек үстелдің жұмысына Қазақстан тарихының кеңестік дәуірінің мәселелерімен айналысып жүрген ғалымдар қатысты. Олар өз сөздерінде Ж.Шаяхметовтің өмір жолы мен қызметінің негізгі кезеңдерін, оның ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының жұмысын ұйымдастырудағы, соғыс және соғыстан кейінгі жылдарындағы республикалық билік органдарын басқарудағы, сондай-ақ орталық билік органдарының алдында республиканың мүддесін табанды түрде, қажет болған жағдайда қарсы пікір білдіре отырып, қорғағандығын тілге тиек етті.
Біз осы мақаламызда Ж.Шаяхметов­тің Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қызметіне қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.
Жұмабай Шаяхметовтің рес­публикалық деңгейдегі саяси және мемлекеттік қызметі Екінші дүние­жүзілік соғыстың басталуына небәрі бір жыл қалғанда, яғни 1938 жылғы шілде айында, Алматыға келгеннен кейін басталады. Ол сол жылы, 36 жасында, Қазақстан Коммунистік (большевиктер) партиясының II съезінде Орталық комитеттің мүшелігіне, ал сол Орталық Комитеттің бірінші ұйымдастыру пленумында үшінші хатшы болып сайланады. Бірінші хатшы – Николай Скворцов, екінші хатшы болып Сәлкен Дәуленов сайланады.
1939 жылғы маусымда
Ж.Шаяхметов Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, тікелей ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, мал шаруашылығы мәселелерімен айналысады.
1941 жылғы ақпанда ­Ж.Шаяхметов шешуші дауыспен Бүкілодақтық КП(б) XVIII партия конференциясына қатысады, бұл кезде Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан. И.В.Сталин осыған байланысты елдің қорғанысын күшейту мақсатында КСРО-ның шығыс өңірлерінің, соның ішінде Қазақстанның өнеркәсіп базасын нығайтуға назарын аударады, кейін бұл шара Ұлы Отан соғысы барысында маңызды рөл атқарады. Сол кезеңде одақтас республикалардың орталық партия комитеттері мен облыстық комитеттердің өнеркәсіп пен көлік салаларына жетекшілік ететін хатшылар институты құрылған болатын.
Ұлы Отан соғысы еліміз үшін өте күрделі кезең болды. Бұл жылдары
Ж.Шаяхметовтің ұйымдастырушылық қабілеті ашылды. Ол соғыстың нақ алғашқы күні 1941 жылғы 22 маусымда Алматыдағы А.М.Горький атындағы саябақта 25 мың адам жиналған митингіде сөз сөйлеп, бүкіл қазақстандықтарға арнап мынадай үндеу жасады: «Бүгінгі таңда біздің барлық кәсіпорындарымыз – зауыттар, фабрикалар, кен ошақтары мен кәсіпшілік орындары жұмыстарын соғыс жағдайына орай қайта құруға тиіс. Олардың әрқайсысы мықты қорғаныс қамалына айналуы керек. Біздің әрқайсымыз Отан алдында өзімізге үлкен жауапкершілік міндеттеп, жоғары сана-сезім, қырағылық, жанқиярлық, ерлік пен батырлық, жауынгершілік пен жинақылық таныта білуіміз қажет».
Соғыстың алғашқы кезеңі өте ауыр соқты. Осындай жағдайда Қазақстанның рөлі біршама өсті. Соғыс қара, сирек кездесетін және түсті металлургия, көмір және мұнай өнеркәсібінің өнімдерін көптеп шығаруды талап етті. Қазақстан эвакуацияланған мекемелерді қабылдады. 1941-1942 жылдары республикаға 220-дан астам зауыт пен фабрика, цех мен артель көшірілді. Бұған қоса, Қазақстанда 1941-1945 жылдары 240 өнеркәсіп орны салынды. Қазақстан 85% қорғасын, 35% қалайы, 75% полиметалл рудаларын беріп отырды. Соғыс жылдары Қарағанды шахтерлары 34 миллион тонна көмір өндірді. Мұнай өндіру 39 %-ға өсті.
Ауыл шаруашылығы да соғыс қажетіне бейімделді. Соғысқа шақырылғандардың үштен екісі ауыл шаруашылығы еңбекшілері екендігіне қарамастан, көптеген колхоздарда еңбекшілердің 80%-ын әйелдер құрады. Қолхозшылар еңбекте ерлік көрсетті. Осылайша, Ақтөбе облысындағы «Құрман» колхозының звено жетекшісі Ш.Берсиев тары өсіруден әлемдік рекорд жасап, әр гектардан – 202 центнер, Қызылорда облысындағы «Қызыл ту» колхозының звено жетекшісі Ы.Жақаев күріш өсіруден әлемдік рекорд жасап, әр гектардан – 172 центнер, осы облыстағы көрші «Авангард» колхозының звено жетекшісі Ким Ман Сам әр гектардан 150 центнер күріш алды. Қазақстанның ауыл шаруашылық еңбекшілері майданға нан, ет, шикізат өнімдерін беріп қана қоймай, 370 мыңға жуық эвакуацияланған мал басын сақтап қалды. Осылайша майданға ет, сүт, жүн, тері өнімдерін көптеп жіберді.
Қазақстан тұрғындары танкілер, самолеттер, сонымен қатар тұтас эскадрилья құрастыру үшін қаражат жинады. Қазақстандықтардың майдан мұқтажы үшін өз еріктерімен өткізген қаражаты 4700 миллион сомды кұрады. Бұдан басқа, майданға 2,5 миллионға жуық жылы киімдер, 1600 вагон сыйлықтар жөнелтілді.
Сонымен қатар, Қазақстанға ғылыми және шығармашылық ұжымдар эвакуацияландырылды. Алматыға Мәскеу және Ленинград киностудия­лары, 20-ға жуық ғылыми мекеме мен аттары әлемге әйгілі И.П.Вернадский, В.А.Обручев, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. сияқты академик-ғалымдар көшірілді.
Соғыстың бірінші күндерінен-ақ Қазақстан территориясында әскери құрамалар мен бөлімдер жасақталды. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Соғыс барысында барлығы 12-атқыштар, 4-кавалериялық дивизиясы, 7-атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полк пен батальон, әртүрлі әскери жасақтар құрылды. Соғыс жылдары 1 196 164 қазақстандық әскер қатарына шақырылды. Жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдер құрамы жағынан көп ұлтты болды. Өнеркәсіп орындарында жұмыс істеу үшін 670 мың адам мобилизацияланды.
Сөйтіп, Қазақстан майданның сенімді арсеналына айналды. ­Жұмабай Шаяхметов КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қазақ КСР-і бойынша уәкілетті өкілі болып тағайындалып, оған қорғаныс іс-шараларын үйлестіру, соның ішінде Гурьев-Орск мұнай құбырын салуды, металл сынықтарын жинауды қадағалау міндеті жүктелді. Бұған қоса, ол қызыл әскері жауынгерлеріне жылы киім-кешек жинау жөнінде республикалық комиссияның төрағасы міндетін атқарды. Сонымен қатар Қазақстанға соғыс кезінде КСРО-ның батыс өңірлерінен көшіріліп әкелінген азаматтарды, эвакуация­ланған қорғаныс кәсіпорындарын, ғылыми-зерттеу институттары мен мәдени-ағарту кәсіпорындарын, олардың жұмысшылары мен қызметкерлерін, отбасы мүшелерін республика аумағында орналастыруды ұйымдастырды.
Соғыс Қазақстанның ауыр өнеркәсібінің дамуына жақсы әсер етті. Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар индустрияның – машина жасау, станоктар шығару, оқ-дәрі өндірісі, химия өнеркәсібі және қара металлургия сияқты жаңа салаларының пайда болуына негіз болды. Ал республиканың жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі 50-ден астам эвакуацияланған кәсіпорынмен толықты. Сонымен қатар республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жаңа салалары: кондитерлік, ет-консервісі, балық-консервісі, тоқыма, мақта тоқу, тон тігу өндірістері іске қосылды. Жеңіл өнеркәсіптің тігін, тоқыма, тері илеу, аяқ киім шығару салалары едәуір дамыды.
Жауға атылған 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасын мен мыстан жасалды. Танктердің, ұшақтар мен кемелердің бронды (болат) сауыттарының құрамында қазақстандық марганец болды. Соғыс жылдары Өскемен қорғасын-мырыш зауыты, Балқаш түсті прокат зауыты, Жезқазған марганец комбинаты, Шығыс Қоңырат молибден руднигі және т.б. кәсіпорындар мен кен байыту фабрикалары іске қосылды.
Сол жылдары Кеңес Одағының орталық газеті «Правда» өзінің бас мақаласында былай деп жазды: «Хорошо бьются казахи на фронте, хорошо работают для фронта их отцы, матери, жены в тылу. Казахстан могуче подпирает фронт всеми богатствами своей земли, всеми сокровищами своих гор».
Соғыс жылдарының қиындығына қарамай, республиканың үкімет пен партия басшылары мәдениет саласына назар аударуды да ұмытпады. Мәселен, 1941 жылғы қараша айында Алматы қаласында бірегей архитектурасымен және акустикасымен ерекшеленген Абай атындағы Опера және балет тетры ашылды. Ал 1942 жылы республиканың көркем фильм­дер шығаратын дербес киностудия құрылды. Соғыстың нағыз арпалыс кезінде, 1943 жылғы желтоқсанда халықтың отансүйгіштік рухын көтеруге арналған республикалық ақындар айтысы өтті. Алматыда 1944 жылы Жас көрермендер театры ашылды.
Сол қиын-қыстау кезеңнің өзінде Ж.Шаяхметов Қазақстан әйелдерінің күнделікті өндірістік, шаруашылық, ғылыми және мәдени тұрмыстағы қыруар еңбегі мен орасан зор әлеуетін жақсы түсінетін, бірақ олардың, әсіресе шалғайдағы қыз-келіншектердің республиканың жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндіктері жетіспейтін. Бұл мәселені одақтық мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында ол И.В.Сталинді Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институтын ашуға көндіреді. Сөйтіп, 1944 жылғы сәуір айында құрылған институтта мыңдаған қазақ қыздарының жоғары білім алуына жол ашылады.
Сол жылдары Алматыда Шет тілдер институты, Дене шынықтыру және спорт институты, мемлекеттік консерватория, Қарағанды тау-кен институты, Шымкент химия-технология институты, бірқатар педагогикалық техникумдар құрылды. Ұлттық кадрлар үшін КСРО-ның жетекші жоғары оқу орындарына квота бөлінеді. Сол квота бойынша жыл сайын республика мектептерінің екі мыңға жуық түлегі, негізінен, Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындарында білім алды. Студенттерге оқу орындарына баруға жолақысын өтеуге және басқадай материалдық көмек көрсетуге назар аударылды.
1941 жылы Қаныш Сәтбаев Қарсақбай мыс балқыту комбинатының бас геологы болып істеп жүрген қызметінен Алматыға Геология ғылымдары институтының директоры лауазымына ауыстырылады, ал 1943 жылдан бастап – бір мезгілде КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының директоры болып істейді. Республика басшыларының қатысуымен 1946 жылғы 1 маусымда Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында Қазақ КСР Ғылым академиясының ресми түрде ашылуы өткізілді. Екі күннен кейін 3 маусымда Академияның бірінші жалпы жиналысында Қ.И.Сәтбаев оның алғашқы президенті болып сайланады.
Ж.Шаяхметов соғыс жылдарының өзінде Қазақстанның индустриялық әлеуетінің дамуына көп мән берді. 1944 жылы ол бір топ жасты майданнан қайтарып алу мүмкіндігіне қол жеткізіп, оларды Теміртау қара металлургия зауытын салуға аттандырды. Жұмекеңнің бастамашылығымен еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін жалғастырған Мойынты-Шу темір жолы іске қосылады. Сол жылдары Өскемен су электр станциясы, Қаратау таукен-химия зауыты, Жамбыл суперфосфат зауыты, Екібастұз көмір разрезі, Састөбе және Қарағанды цемент зауыттары, Шымкент мақта-мата комбинаты, Алматы тоқыма фабрикасы салынады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамаларында Жұмабай ­Шая­хметовтің өмірі мен қызметінің басқа да аспектілеріне жан-жақты сипаттама берді. Сонымен бірге олар өз сөздерінде Қазақстан тарихының кеңестік дәуірін зерттеуде және әртүрлі ұлтқа жататын сол кезеңде басшы қызметтерде болған дарынды тұлғалардың, әртүрлі бағыттағы қоғамдық-саяси қайраткерлердің рөлін көрсетуде жаңа ғылыми тәсілдер мен теориялық-әдістемелік негіздемелер әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Әкімшіл-әміршілдік жүйе­сінің қалыптасқан және орныққан кезеңіндегі тұлғалардың рөлін зерттеудің қазіргі қазақстандық қоғам мен ғылымға ерекше маңызы бар, өйткені бұл идеологиясыздандыру, тоталитарлық режимнің мұрасын бұзу және одан бас тарту, отаршылдықтан кейінгі кеңестік сипаттағы синдромды еңсеру, сондай-ақ кеңестік және кеңестен кейінгі қоғамдарды зерттеу процестерімен тығыз байланысты болып отыр. Кеңестік республикалар халықтары өкілдерінің мемлекет пен қоғамды басқарудың кеңестік жобаларын іске асыруға әртүрлі қатысу үлгілері, олардың ұлттық мүдделерді алға тартудағы рөлі мен орны болашақ зерттеулердің нысанына айналуға тиіс.

Талғатбек ӘМИНОВ,
тарих ғылымдарының
кандидаты, профессор

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + 20 =