Жеңіс тұғырында – жас балуандар

0 45

Нұр-Сұлтан қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ел чемпионаты мәресіне жетті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 180 спортшы қатысты. «Qazaq kuresi» қауымдастығы бекіткен қазақ күресі ережелері бойынша өткен бәсекеде еліміздің 17 өңірінің балуандары -38, -42, -46, -50, -55, -60, -65, -70, -75, +75 кг салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Айбек Нұғымаров қатысып, жас балуандарға сәттілік тіледі.
«Жас балуандардың бұл жарысы ерекше жағдайда, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өтуде. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан қазақ күресі дәстүрлі түрде жоғары деңгейде дамып келеді. Елбасымыз – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық спорт түрлерін соның ішінде, қазақ күресін олимпиадалық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек. Қазақ спортын дамытуға баршамыз үлес қосуымыз қажет» деп айтқан еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазақтың ұлттық спорт түрлерін лайықты жоғары деңгейде көрсету керек» деп үлкен мақсат қойып отыр. Осы орайда біздің әрқайсымыздың міндетіміз – қазақ спортының дамуына өз үлесімізді қосу керек демекпін. Сондықтан да бүгінгі жарыста мына жас спортшыларға үлгі болып жүрген барша азаматтарға сәттілік тілеймін» деді Б.Мәкен өз сөзінде.
Елорда әкімінің орынбасары 50, 55, 60 және 65 келіде белдескен балуандардың өнерін тамашалап, жеңіске жеткен жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттады.
«Чемпионатқа әр облыс­тан бір-бір спортшы ғана жолдама алды. Жарыс барлық санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережесіне сай өткізілуде. Жарысқа рейтингтен өткен, арнайы шақырылған үздік 20 төреші төрелік етті. Барлық балуандардың дайындық деңгейі жақсы, бәрі – бір деңгейде, себебі бір жылдан кейінгі бірінші жарысымыз болғандықтан, біраз спортшыларымыздың салмақтары өсті. Барлығы жоғарғы деңгейде өтуде» деді жарыстың бас төрешісі Болат Ақжігітов ризашылық сезіммен.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне чемпионатты ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Qazaq kuresi» қауымдастығы атынан жүлделер тапсырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 15 =