Жеңіс пен жеңіліс

0 109

Africa Eco Race-2013 автораллидің Т2 категориясы бойынша жарысқа қатысқан «Астана» командасы өткен жылдың 27 желтоқсанында жарыс сөресі саналған Францияның Сен-Сеприен қаласынан жарыс жолын бастаған болатын. Байрақты бәсекеде Марокко, Мавритания, Сенегал мемлекеттері арқылы 6 мыңдай шақырымды бағындырған олар жол талғамайтын көліктер арасындағы «аламаннан» жеңіспен оралды.

Команда мүшелері Юрий Сазонов пен Арслан Сахимовтың экипажы жалпы есепте 18 орында келіп, алғашқы жиырмалыққа енді. Ал, осы жарысқа алғаш рет қатысқан Қанат Шағыров пен Александр Мороз эки­пажы Т2 санаты бойынша 8 рет бірінші келіп, өз категориясы бойынша жеңімпаз атанды.

«Астана» командасының мүшесі, же­ңімпаз Қанат Шағыров тілшілерге берген сұхбатында: «Марафон болғаннан кейін негізгі мақсат соңына дейін шыдап, мәреге жету болды. Бұзылған техникаларды біздің мамандар өздері жөндеп беріп отырды. Бізге жүктелген басты міндет – озу болды. Біз оны жасай алдық. Сондықтан, бұл барлық команда мүшелерінің жеңісі саналады,–деді.

Осылайша, қатал африкалық ландшафты еңсеру сынында «Астана» командасы ел мерейін үстем етті. 12 қаңтар күні елге оралған ерлерді Алматы әуежайынан туған-туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды.

Атағы ат үркітерлік келесі сайыс нәтижесі керісінше болды. Айта кетейік, өткен аптада «Дакар-2013» ралли марафонының 6-шы кезеңі аяқталған болатын. Қазақстанның атынан қатысқан «Астана» экипажы 5-ші кезеңге дейін ралли марафонда ел қатарлы өнер көрсетті. 767 шақырымға созылған жарыс жолы Чили мемлекетінің Арика мен Калама қалаларының арасын көктей өтетін. Осы додада өнер көрсеткен Андрей Чередников пен Хорна Албертоның автокөліктерінде жарыстың бірінші кезеңінен бастап техникалық ақаулар пайда болған. Ал, 6-шы кезеңде жерлестеріміздің көлігі қайта сынғанына байланысты, экипаж жарысты тоқтатуға мәжбүр болды.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 1 =