Жеңіс күнін Кёнигсбергте қарсы алған

0 37

Үшінші Белоруссия және Бірінші Прибалтика соғысында шайқасқан Михаил Кочетков бүгінде 96 жасқа толып отыр. Майдангер Жеңіс күнін Шығыс Пруссиядағы Кёнигсберг түбінде қарсы алды.Ардагер Михаил Петрович ­Кочетковтың өмірі өнегеге толы. Ерлігі мен әскери еңбегі үшін І-ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз», «Кёнигсбергті басып алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Белоруссияны босатқаны үшін», «Украинаны азат еткені үшін» және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Ол 1924 жылы Ақмола облысы Семеновка ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 16 тамызда оны Ақмола қалалық әскери комиссариаты әскер қатарына шақырады. Майдангер Батыс майданында, Үшінші Белоруссия майданында және Бірінші Балтық майданында соғысқан. Жеңісті неміс жерінде қарсы алған жауынгерлерге «окоптан шығыңдар, немістер берілді, соғыс бітті» деп айтқанда, олардың көбі бұл хабарға сенбеген екен. Бірақ кейін жайлап-жайлап окоптан шыға бастағанда ешкім оқ атпағанын, шынымен де бомбалар дауысы сап тыйылғанына көз жеткізеді. Сол кезде барып қуанышты хабарға сенген майдандастар бір-бірін құшақтап, құттықтай бастаған.1946 жылы елге оралған ардагер еңбек жолын Ақмола қаласының локомотив депосында инженердің көмекшісі ретінде бастаған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбекті ұйымдастыру, еңбекақы төлеу және қауіпсіздік бөлімінің бас­тығы болып қоғамға адал қызмет етті. Көпті көрген қарияның көкірегінде кейінгі ұрпақ бейбіт күннің қадірін білсе екен деген тілек қана бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − 4 =