Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жеңіс даңқы өшпейді

0 294

Астанада Ұлы Жеңіс күні мерекесінде майдангерлердің ерлігіне арнап «Жаужүрек полк» шеруін өткізу дәстүрге айналды. Кеше 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында от кешкен сарбаздардың ұрпақтары бір кісідей жиналып, соғыс өртіне шарпылған буынның рухына тағзым етіп, ерліктің даңқы өшпейтінін тағы бір паш етті.

«Бұл соғыс қазақстандықтардың ешбір шаңырағын айналып өтпеді. Көпшілігіміздің аталарымыз, әкелеріміз осы соғысқа қатысты. Атамның бұл туралы әңгімелері есімде. Ол бұл ерлік өскелең ұрпаққа үлгі болып, есінде мәңгі сақталуы керек дейтін. «Жаужүрек полк» шеруі – тамаша отбасылық дәстүр. Адамдар белгіленген орынға өздері келіп, бірте-бірте жинала бастайды. Ата, әкелерінің портреттерін алдын ала дайындап, жүріп өтеді. Кейін отбасында жиналып, туғандарын, жақындарын еске алысады. Меніңше, бұл – ғажап жоба» деді Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
«Қазақ елі» монументінен басталған шеру, әдеттегідей, «Отан қорғаушылар» монументіне дейін жалғас­ты. Майдангер әкелері мен аталарының портреттерін қолдарына ұстаған адамдар 3 шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтіп, ерлік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл жолы шеруге 35 мыңға жуық адам қатысты.

«Әкеміз Ермекбай Манасбаев Ленинград түбінде жаумен арпалысты. Төрт рет ауыр жараланып, өліп-тірілген адам. Сондықтан 9 мамырды әкеміздің тағы бір туған күні ретінде қабылдап, осы күні ұрпағы бәріміз жиналамыз. Аяғында снарядтың жарықшағы қалып, соғыс­тан балдақпен оралған ол анамызға үйленді. Содан 10 бала дүниеге келді» деді бауырларымен ескерткішке келген Біржан Ермекбайұлы.
Майдангер Хамза Құдышев 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысынан әскерге шақырылды. Сонда жүріп, фин соғысына қатысқан. Екінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете қалғанда аға лейтенант шенін алған ол маршал Рокоссовскийдің әскерінің қатарында Берлинге дейін жетті. «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Кейіннен жапон соғысына да қалдырылып, елге 10 жылдан кейін, 1948 жылы ғана оралған. Бұл туралы айтқан ұрпағы әке жолын жалғап, полковник шеніне дейін көтерілген Нұрхакім Құдышев тағылымды әңгіме өрбітті.

Ескерткіш басынан тыл еңбеккерлерін де жолықтырдық. Ресейдің Астрахань облысында дүниеге келген 82 жасар Ханымжан Жақыпова сол сұрапыл жылдарды еске ал­­ды. «Соғыс басталғанда 5 жаста болсам да, бәрі де есімде. Сталинградқа қарай бет алған жау ұшақтары үстімізден бомба тастайтын. Содан қорғанамыз деп, окопта таңды атыр­ған күніміз көп болды. Маңайымыздан Мәскеу, Ленинград, Сталинградқа пойыздарды жіберетін Қандыағаш деген теміржол торабы болатын. Ұшақтардың бомбалау себебі сол екен. Мұны кейін білдім» деді әжей.

…«Жаужүрек полк» шеруіне жиналғандардың барлығы осылайша майданда ерлік көрсеткен жақындарын еске алды. Бойларынан тек сағынышты ғана емес, мақтаныш сезімін де байқап қалдық. Бәрі де орынды, себебі ерліктің даңқы өшпейді!

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды